Елімізде құзырлы органдар тарапынан жүргізушілердің жол көлік ережелерін қатаң сақтауына барынша көңіл бөлініп-ақ жатыр. Әйтсе де, жол апаты мен оның құрбандарының саны азаяр емес. Ендігі кезекте Ішкі істер министрлігі 1 жыл ішінде жол жүру ережесін 5 реттен артық бұзғандарға айыппұлды толықтай төлету арқылы «тәртіпке» шақырмақ. Жүгенсіз жүргізушілердің жеңілдіктен шектеу жайында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев айтты. Оның айтуынша, қазір бұл шектеуді енгізудің құқықтық тетіктері қарастырылып жатқан көрінеді. – Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы трассаларда орташа жылдамдықты арттырғаны үшін көлік құралдарының жүргізушілерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін көздейтін түзетулерді пысықтап жатыр. Одан бөлек 1 жылдың ішінде 5-тен көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жүргізушіні айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеу құқығынан айыру қарастырылмақ, – дейді Ж.Мұратәлиев. Шындап келгенде жол көлік оқиғаларының статистикасы құзырлы органның мұндай қадамға баруы бекер еместігін көрсетеді. Тек соңғы 1 аптаның өзінде тәртіп сақшылары жол жүру ережесін бұзудың 46 мыңнан астам фактісін анықтаған. Ережені өрескел бұзғандардың ішінде 270 жүргізуші көлік тізгініне мас күйінде отырса, 153 жүргізуші қарсы жолаққа шығып кеткені үшін жауапкершілікке тартылған екен. Мұнан бөлек, 7 мың адамның жылдамдықты шамадан тыс асырғаны белгілі болды. Ал 2022 жылдың қаңтар-сәуір айларының өзінде республика аумағында 3,7 мыңға жуық жол апаты тіркеліп, 563 адам қайтыс болған екен. Бұл апаттарға негізінен жүргізушілердің жылдамдықты арттыруға маневр жасау ережелерін сақтамауы себеп болатын көрінеді. Осыдан-ақ жүгенсіз жүргізушілерді айыппұлды толық көлемде төлету қадамына ведомствоның мәжбүрлі түрде барғаны аңғарылады. Оның үстіне «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске өзгертулер енгізілді. Бұл түзетулер жол көлік ережесін бұзғандарға жазаны мейлінше қатаңдатуды көздейді. Салалық ведомстводағылар дәл осылай көлік жүргізушілерінің жауапкершілігін мейлінше арттыруды мақсат етіп отыр. Әйтсе де, сарапшылар айыппұл сомасын арттыру немесе оны жеңілдікпен төлеу мүмкіндігінен айыру жүргізушілерге сабақ боларына сенбейді. Олар дәл осы мәселеге тереңнен үңілу қажет деген пікірде. Мәселен, техника ғылымдарының докторы Жұмажан Жаңбыров жол ережесінің мұқият сақталуы үшін қоғамдық бақылау жүйесін жетілдіруді ұсынады. – Мәселе айыппұлдың көлемінде немесе оны жеңілдікпен төлеуді шектеуде емес. Жазамен ешкімді түзете алмаймыз. Мұнда маңыздысы қоғамдық сананы жаңғырту. Бізде жол-көлік оқиғасын жүргізуші мен жолаушының немесе тәртіп сақшысының арасындағы мәселе деп қабылдайды. Ал дамыған шетелдерде жағдай басқаша. Оларда жүргізушілерді, жолаушылармен бірге өзге жүргізушілер қоғамдық бақылауда ұстайды. Мәселен, Еуропаның көптеген елінде 3 жолақтың жолда 3 түрлі жылдамдық режимі болады. Жүргізуші осы режимнің бірін бұзатын болса, ол туралы мәліметті дәл осы бағытпен жүріп бара жатқан өзге жүргізушілер тиісті орындарға хабарлайды. Демек, жол көлік ережесінің бұзылуына ешкім селқос қарамайды. Осындай бақылаудың нәтижесінде жүргізуші де, жолаушы да жауапкершілік жүгін сезіне алады, – дейді ол. Ғалымның пікірінше, жол көлік оқиғаларын азайтуда оның салдарынан бұрын себебімен күресу нәтижелі болмақ. Оның үстіне көлігі барлардың көбі таксист қызметін ұсынып, күнелтетін біздің елде айыппұл қарапайым мөлшері онсызда жүргізушінің қалтасына едәуір салмақ салады. Сондықтан да ережені елемегендерге бұған дейінгідей салынған айыппұлды 1 аптаның ішінде жеңілдікпен төлеу жүйесінен бас тарту қоғам наразылығын туындатуы да мүмкін. Осы орайда, профессор Жұмажан Жаңбыров көлік тізгініндегі жүргізушіні айыппұлмен «үркітпей» оған жүргізуші куәлігін беру талабын күшейтуге шақырады. – Жүргізушілерді даярлау ісін бір сәтке де назардан тыс қалдыруға болмайды. Қазір өз бетінше дайындалған талапкер емтиханнан сүрінбесе оған жүргізуші куәлігі беріледі. Бұл дұрыс емес. Бұрын жүргізуші куәлікті автомектепті кемі 3 ай оқып барып қана алатын. Осы жүйенің қайта қолданысқа енгізілгені жөн деп білемін, – дейді Жұмажан Жаңбыров. Әрине, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру айыппұлмен шектелмейтіні анық. Бұл орайда сарапшы айтқан жүргізуші куәлігін беру талаптарын күшейту туралы ұсыныспен келісуге болатындай. Жүргізушілерге салынатын айыппұл көлемін азайтуды ұсынып жүрген заңгер Қамиша Есмұханбетқызы қыспаққа алуымен қылмыс азаймайтынын алға тартады. Заңгердің пікірінше, 1 апта ішінде салынған айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу тәжірибесі енгізілгелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азая түсіпті. – Қазір қолымызда әкімшілік құқықбұзушылық үшін салынған айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу тәжірибесі енгізілгеннен кейінгі жағдайдан хабар беретін сараптамалық мәліметтер жоқ. Сонда да болса, бұл тәжірибенің құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықты едәуір азайтқанын сеніммен айта аламын. Өйткені жүргізушіге 1 апта ішінде айыппұлдың жартысын төлеу әлдеқайда жеңілдеу. Ал айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу жүйесінен бас тартсақ керісінше оқиға орнынан тәртіп сақшысына пара ұсынып, істі шешуге тырысатындар көбейді, – дейді заңгер. Заңгер Қамиша Есмұханбетқызы да айыппұлды жеңілдікпен төлеуден бас тартумен мәселе шешілмейтініне назар аударды. Ол бұл істе қоғамдық сананы қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Әрине, әзірге қолданысқа енгізу жолдары қарастылып жатқандықтан жүгенсіз жүргізушілерге айыппұлды толықтай төлету тәжірибесі туралы кесімді пікір айту қиын. Әрі оның жол көлік оқиғаларынан сақтаудағы рөліне көз жеткізу де уақыттың еншісіндегі дүние. Сонда да болса, құзырлы органдар жазалаудан бұрын жазалауға жеткізбейтін жол іздегені абзалырақ секілді.
Шынболат АТЫХАНҰЛЫ