Шапалақ
Шапалақ
560
оқылды
Ол аудандық сот төрағасы бастығының көршісі болатын. Бір күні Дайрабай Жайрабайұлының алдынан шықты. – Сәлеметсіз бе? – Айта бер, асығыспын. – Сізге бұйымтайым бар еді. Сот көлігінің есігін ашып, рульге отырғаны сол, көршісі де жанына жалп етіп, отыра кетті. – Не болды? –деп сұрады сот. – Ештеңе. – Неғып отырсың? – Сотталуыма көмектесіңізші? – Не бүлдірдің? – Ештеңе. – Жазықсыз адамды соттай алмаймын, түс машинадан! – Жазықсыздарды онсыз да соттап жүрсіз. – Таң атпай, тасыраңдап келіп, аузыңа келгенді айтпа! –деді сот оған ежірейе қарап. – Адам сияқты сотталғым келеді. – Есіңді есек тепкен жоқ па? – Адам болған соң, түрмені де көру керек қой. Бұл өмірде сотталмай кетсем, не көрдім деймін анау жаққа кеткенде? Ұят қой. Еркек бәрін көру керек. Құдай үшін, мені соттаңызшы? Сот сілейіп отыр. Көршісінің кесепатын–ай. Әдейі кекетіп отыр. Ол осылай ойлады. –Түрме тойхана емес. Билеп жүретін. –Білемін. –Түрмеде торт бермейді. –Үш мезгіл тегін тамақ беретін шығар? – Ия. Ет асып береді! – Аштан өлетін болдым. Қанша жылға сотталуға болады? – Банк тона. – Қолымнан келмейді. – Адамға ауыр жарақат сал. – Қорқамын. – Әйеліңді саба. – Одан да қорқамын. – Жемқор бол! – Бастық емеспін. – Енді маған неғыл дейсің? – Соттаңызшы? – Қалай? – Он жылға. – Бекерден–бекер? Түс қане! –деген ол көршісінің қолынан ұстап, сүйрей бастады. Көршісі есіктен ұстап, қатып қалыпты. Кетер емес, Ал, оған соттың шамасы жетер емес. – Ақша берейін, түсе қалшы? – Қанша? – Жүз теңге. – Жүз теңгеге мысық та мияуламайды. – Енді не істейін? – Соттаңыз! –деген көршісі соттың бетіне шапалақпен салып қалғаны. Соттың көздері бір-біріне ауысып кеткендей, аузы ашылып, екпіні басылып, сілейді де қалды. Сосын: – Сен? Сен үкімет адамын, сотты ұрдың ба? Қалай? –деді. –Былай! –деген көршісі тағы да шапалақпен салып қалды. –Енді соттауға болатын шығар? – Болғанда қандай! –деген ол көршісін екі жылға соттатып жіберді! Шапалақ үшін! Тепкенде, тоғыз жылға кетер еді! Тістесе, төрт жыл! Шашын жұлса, жеті жыл! Кейін пара алғаны үшін сот та сотталып, көршісімен камералас, түрмелес болды. Көршісі күн сайын шапалақ ұрып кетеді... Өмір болған соң, түрмені де көрейін деді ме, дәл осыған ұқсас оқиға Түркістан облысында да орын алды. Шымкент қаласындағы ИЧ 167/3 түзеу мекемесінің бастығы Жүнісбековті ешкім шапалақпен ұрған жоқ. Ол түрмеде жазасын өтеушілерден «Жазаңды жеңілдетіп берейін», «Түрмеден ерте шығуыңа жағдай жасаймын» деген қараулықпен ауызбастырық алғаны үшін тоғыз жылға сотталды. Сөйтіп, түрме бастығының өзі түрмеге түсті. Құтты болсын!

Лара РАХМАНҚЫЗЫ