Шәмшімен шәй ішкенде...
Шәмшімен шәй ішкенде...
751
оқылды
Бүгінде бетінің бүрі, адамгершілік түрі жоқтар «Несін айтасыз, кезінде Шәмші ағамен көк шәй ішкенбіз, атымызды атап, әншінің аузына түскенбіз!» –деп жазатын­дар жетіп артылады. Олар тіпті, Македонскиймен де, Эзоппен де бірге шәй ішіп, кәуәп жескен. Өз басым, осы уақытқа дейін, Шәмші ағамен болған аз ғана жылдардағы інілік ізеттік қарым–қатынас туралы жарияға жар салып, жар үстінде жүгіріп көрмеппін. Тіпті, суретке де, бірге түспеппін. Тек, тілдей қағазға қолтаңбасын алумен шек­теліппін. Соның өзі маған баға жет­пес байлық, шетелдіктер тау мен тастан іздейтіндей, баға жетпес қазына. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Қақпан» сын-сықақ бөлімін қақыратып, фельетондарыммен аудандық бірін­ші хатшылардың үрейін үйректей жүзгізіп жүрген кездер болатын. Бірде, бас редакторымыз Әмірсейіт Әлиев кабинетіне шақырып алды. Жымия түсіп: – Машинаң бар ғой? – деп сұра­ды. –Біздің үйде үш машина бар, анамның тігін машинасы, кір жуа­тын машинасы, сосын, өзімнің ескі «Жигулиім», –дедім мен көңілденіп. Білмеймін, қашанда мысы басып тұратын бас редакторға осылай әзілдедім. Көңілім кранмен көтеріле­тіндей болып. – Кір жуатын машинамен жол жүруге болмас, – деп Әбекең де езу тартты. Менің алдымда бірінші рет. Қанша дегенмен, бастық қой, «Әй, не деп тұрсың?» деп дегбірімді дірілдетіп жіберсе де болады ғой. – Көңілдімін, өйткені, редакция ауласынан атақты Шәмші Қалдая­қовты көріп қалдым, –дедім. –Көрсең жақсы, сол кісіні Шәуіл­дірге апарып кел. Машинасы бұзылып қалыпты. Қасында драма­тург Оразбек Бодықов бар. Қуанғанымнан бас редақторым­ды құшақтап алғым келді! Менің ескі көлігіме айдай әлемге белгілі, вальс королі Шәмші отыратын болды! Дереу машинамның ішін сулап, жуып, орындықтарда жатқан күліш-мүліштерді жасырып, дайын тұрдым. Шәкеңмен 1984 жылы таныстығымыз осылай басталды. Жол жөнекей, көз қиығыммен қарап қоямын. «Атақты адам болғанымен, қарапайым екен», –деп қоямын ішімнен. Сол кездегі КСРО бас хатшысы Брежнев туралы ішек-сілеңді қатыратын анекдоттар айтқандааа, күлемін деп жол шетіне екі мәрте шығып кеттім. «Шәке, тыныштық керек, анекдот айпай–ақ қойғын», –деп Бодықовтың көздері тарақандай, жүрегі дүрсілдеп, алақандай болды. Тағы бірде, Шәмші аға өмірінің соңғы айларында маған өтініш айт­ты. Ауруханаға көңілін сұрап барғанмын. «Сары машинам «Забадамдағы» сендердің үйлеріңде тұра тұрса...» – деді. «Ойбай-ау, оған сөз бар ма? Күніне үш рет жуып, сипалап тұрамын,» – деймін ғой әзілдеп. Бірақ, белгілі сазгердің жүзі сынық. Үйге, қонаққа шақырдым. Келісті. Көршілер, құда-құдағилар келгенше, төрде жалғыз отырған, алдына анам бір кесе айран қойған болатын. Еңбектеп, бірде тұрып, талтаңдап жүрген кіші балам Елжас сол маңда ойнап жүрген. Залға кірсем, Шәкеңнің түрі бұзылып кетіпті. Сөйтсем, Елжа­сым атақты адамның алдында жүргенін білмейді ғой, көстюмінің қалтасына айран құйып жіберіпті. Екі бетім қызарып, ұятым құрғыр ұзарып, не дерімді білмей қалдым. Сондағы Шәкеңнің айтқаны: – «Мұхтар бала, үйге кірген жыланның да басына ақ құйып жатады ғой, ештеңе етпес», – деді. Анам бәйек болып, костюмінің қалтасын таза­лап берді. Кешікпей, көршілер, туыстар келе бастады. Сирақтан сәл-ақ биіктеу ұзын столға дастархан жайылып, қой сойғанбыз, қуырдақ келді бұрқырап. Шәкең көңілденіп, «Құсни Қорлан» әнін қарлығыңқы даусымен айтып берді. Бір кезде, алыстау бір құдамның түрі бұзылып, «быжынап» кетіпті. Мұны байқаған Шәкең: – «Сіз ауырып отырсыз ба?» – деп сұрады. Сонда құда ызалы кейіппен: –Менің әйелімнің аяғына аяғы­ңызды тигізіп отырсыз ғой? – дегені. Стол астына аяғын созып жіберген Шәкең ыңғайсызданып қалды. –Сіздің әйеліңіз бе? –Ендің кімнің әйелі? –Қосылған, қос өзен сияқта­нып... –деп әндетті Шәкең. Анау одан бетер бұртиды. Далаға шыға­рып алып, әбден ұрыстым. «Жасы келген кісі құдағиды қайтсін? Ұят болды ғой!» – деп қоямын. Кешікпей, қайран Шәкең Алматы ауруханасына ауыстырылып, мәңгілік мекеніне кете барды. Сары «жигулиі» біздің үйде күзге дейін қаңтарылып тұрды. Кешікпей, туыстары алып кетті. Мына бір оқиға да, миымның «мигабайтына» жазылып қалған еді. Шілденің бір күнінде «қатын көпір» маңына жетпей, СТО бар еді.Техникалық жөндеу станцасы. Көлігімнің кей жерін қаратып алайын деп іщке кірсем, құжынаған адамдар. Сонадайдан Шәмшіні байқап қалдым. Слесарь жігітпен әлденеге келісе алмай жатыр. Жаны­на барып, Шәкеңмен аман­дасып, мән-жайға қанық болдым. –Қызық кісі екен, – деді слесарь ашуланып. –Қызық кітаппын, – деп қойды Шәкең жымиып. –Не болып қалды? – деп сұрадым мен. Слесарьдан. –Көлігінің ақауларын жөндеп, бөлшектерін ауыстырып бергенмін ғой. Ақшасы жетпейді. – Қарағым, сонша ақша болаты­нын білмедім, – деп ақталады Шәкең, – анау қосалқы бөлшегіңді алып тастай сал. – Жүрейін сол, алып, салып. –Сен бұл кісінің кім екенін білесің бе? –дедім мен слесарьға қарап. –«Апачи» киносында ойнаған атақты актер емес шығар? –Шәмші Қалдаяқов ағаң, кешіре сал. –Кім болса да, маған бәрі бір, ақшасын төлесін. Қалтамнан төлер жағдайым жоқ! Станцияның бастығы Ілес Жорабаевты жақсы танитын едім. Жүгіріп, екінші қабаттағы кабине­тіне кезексіз кіріп кеттім. «Осылай да, осылай!» – деп жағдайды айттым. Ол сенер, сенбесін білмей, аузы ашылып қалды. – Шәкең бе? – Ия, Шәмші аға! – Қалдаяқов? – Енді, екеуі бір адам ғой! –Екеуін де шақырып кел, Шәкеңді де, Қалдаяқовты да! – деп қуанып кетті ол. Менің де қуанышым қойныма сыймай, Шәкеңе жүгірдім. Бастық оның кумирі екен, есік алдынан қолын созып, құшақ жая қарсы алды. Хатшы қызды шақыр­тып, шәй дайындатты. Шәкеңмен бірге шәй іштім! Жымың–жымың етемін, Шәкеңе титтей де болса, көмектесе алғаныма, өзіме шақ теріме сыймай, әрең отырмын. Әттең, өзім-ақ, төлей салар едім, айлығым сексен сом ғана... Бір кезде, Жорабаев не деді дейсіздер ғой? Шәкеңнің арқасынан қағып: – Ресейден моторлар келген еді, соның біреуін сізге сыйладым, –дегені. Шәкең маған қарады. Мен Жорабаевқа қарадым. Ол өзі шақыртып алған слесарьына қарады. Слесарь енді түсінсе керек, жерге қарады. –Мұныңыз енді... Артықтау болады... Ниетіңізге рахмет, бір жолы... – деп Шәкең сырғақтай бас­тап еді, алған бетінен қайт­пайтын, ақ көңіл, қолы ашық, жүрегі жылы Жорабаев слесарьға иек қағып еді, ол басын изеп, сыртқа шығып кетті. Сол жолы Шәкеңнің қарсы­лығына қарамастан, сары жигулиіне мотор салып берді Жорабаев. Шәкең өзінің жүрегін ауыстырғандай, көңілді қайтты. Бұл оқиғаларды ешкімге жария салып, мақтанып, масаттанып айтқан емес едім. Бүгін реті келіп тұр. Не керек, Шәмші ағамен байла­нысымыз үзілмеді. Өзінің інісіндей болып кеткен марқұм Рыстай ағама келген сайын, маған да жолығу үшін кабинетіме кіретін. «Әдебиет және мәдениет» бөлімінің меңгерушісі Төрехан Рамбердиев ағам құрақ ұшып қарсы алатын. Кабинетке мені іздеп келді ғой. Шәкеңмен бірге кабинеттен шығып бара жатып, артыма бұрыламын ғой: «Көрдіңіз бе, кіммен кетіп бара жатырмын?» – дегендей, бастығыма көз лақ­тырамын. Бастығым көзін қысып, бас бармағын шошайтады. Сол күндері, сол жылдары мен бақытты едім. Ол кісімен дастархандас болу үш ұйықтасам, түсіме кірмейтін. Оның үстіне, Шәкең орынды әзіл айтуға хас шебер еді. «Шәкең айтқан», –деген әзілдердің талайын естігенмін. Ал, мен сатираға жақын адаммын ғой, бірден ағалы-інілідей сыйласып кеттік. Ол кісінің қан­шама достары болды, бірақ, Шәкеңнің менің өмірімде алар орны ерекше. Жаздың жайма–шуақ күндерінің бірінде үнемі жанынан табылатын, көрмесе сағынатын досы, үзеңгілесі, жазушы-драматург Оразбек Боды­қов және мен үшеуміз «Шымкент» қонақ үйінің үщінші қабатындағы қонақ бөлмесінде отырмыз. Бір кезде, Бодықов: – Шәке, анекдоттардың тізгінін жіберсеңізші,–деп қалды. Менің де құлағымның мембранасы жыбырлап, елең ете қалдым. –Мұхтар бала, сен баста, сатириксің ғой, қанша дегенмен, –деді Шәкең маған бұрылып. Қапелімде ойыма ештеңе түспей, қипақтап қалдым. –Баяғыда, бір жынды болыпты, – дедім жөткірініп, –баяғыда бір жынды болыпты. –Ия? – деп сұрады Бодықов ағамыз. –Бір жынды болыпты,–деп ары қарай есіме түсіре алсамшы. Жаман «пәмітім» жоқ қой. –Сол жынды бір күні жынданып кетіпті десеңші, –деді Шәмші аға, сосын өзі бастап кетті, –Тың­даңдар, Брежневке Суслов айтыпты: «Леонид Ильич, таң қалып тұрғаным!». «Ия, не болып қалды?». «Леонид Ильич, костюміңіздегі ордендеріңіз қайда? Неге тақпай келгенсіз? Бүгін жеңіс күні, сөз сөйлейсіз...». «Үйде пижамаға тағып киіп жүрген едім, асығып, шешпес­тен сырт киімімді киіп жүре бердім.. Нешауа, қазір пижамамен тұра сала­мын!» Оразбек ағамыздың ішек–сілесі қатты. Мен де мәзбін. Шәкең анекдоттың майын тамызып, сөлін ағызып айтады екен. «Чукчаларға азық–түлік жеткізіліпті, –деді одан әрі Шәмші аға жалғастырып, –Қоймада істейтін чукча айтады дейді: «Теледидар қоссаң –Брежнев, газетті ашып қалсаң– Брежнев, радионы тыңдасаң– Брежнев, ал мына консервіні ашуға қорқып тұрғаным...» Көңілді отырмыз. Арасында жаңағы жынды туралы анекдот есіме түсіп, «Баяғыда бір жынды...» – деп келе жатсам, Оразбек ағам аузымды алақанымен баса қояды: –Жындың жынданып кеткен, Шәкең айтты! Ал, Шәкең анекдоты таусылар емес. Брежнев Сусловтан сұрап жатыр екен. – «Малая земля» кітабымды оқыдың ба? – Ия. – Шыныңды айт. – Ия, екі рет оқып шықтым. Тамаша жазғансыз. – Менің де оқып шығуым керек еді... Мен енді анекдот айтуға оқталмадым. Жындысы құрысын. Одан да, Шәкеңді тыңдаған артық. – Брежневтің қалың қасын қалай түсінуге болады? – деп сұрапты чукча чукчадан. – Соны да білмейсің бе? Брежнев­тің қасы, Сталиннің мұрты ғой! Шәкең саяси анекдот айтудың да, шебері екен. Өзі де анекдот шығарудан алдына жан салмайды. Әсіресе, жұрт білетін бағдаршам туралы: «Қызыл сібет...». Қайсы бірін айтайын. Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Бірде «а» дегенде, асқазаны түгел көрінетін ағамыз, белгілі жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы Тұтқабай Иманбеков, Жазушылар одағының кеңесшісі Қайсар Жорабеков, Шәмші аға үшеуміз Қазығұрттағы белгілі әнші, сазгер, өнер майталманы Секең, Темірбаевтың үйінде қонақта боллық. Жаңғақты бала кезімнен жақсы көремін. Сартылдатып, шағып, бірталайын жеп қойыппын. Қабықтары алдымда үйіліп жатыр. Ыңғайсыз. Езуім ақтанып, өзімше мақтанып, әзілдегім келіп, сол қабықтарды қатар отырған Шәке­ңнің алдына ысырып қойдым. Шәкең жеген болсын дегенім ғой. – Мұхтар бала жаңғақтың дәнін, бәрін жейді, аузына рахмет, – дегені. Екі бетім ду ете қалды. – Әзілдеп отырмын, –деді ол сөзін жалғап, – Қабығына қанша қарасам да, қарным тояр емес. Бәріміз күлдік. Қиыннан қиыстыра салатын еді. Бір кезде радиодан соңғы жаңалықтарды беріп жатты. Шәкеңе атақ берілгені жайлы сампылдап айтып жатты. Бәріміз құлақ түре қалдық. Кенет, Шәкеңе қарасам, екі көзінен жас парлап отыр екен. Сонда түсіндім, ол кісіге көзінің тірісінде атақ беруден қашқақтайтын бюро­краттар болды, несін жасырайық? Шәкең жылады. Неге? Клуб меңгеру­шілеріне берілетін, төмен дәрежелі атақты қорсынып жылады. Менің де тамағыма ащы запыран келіп қалды. Қайран, Шәкем!