Атырауда ғұлама Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған алғашқы салтанатты шара өтті. Қазақтың Абайын таныған сайын таныла беруіне үлес қосатын іс шараларды бастап берген тағылымды шара көптің жадында қаларлықтай өтті.
Хәкім Абайдың торқалы тойының басталу салтанатты шарасына жазушы, драматург Роллан Сейсенбаев, ақын Ақұштап Бақтыгереева, белгілі жазушы-журналист Мереке Құлкенов, көрнекті ақын Светқали Нұржан қатысты.
Абайдың мерейтойын тойлауда «Абай жаққан бір сәуле өшпеу үшін » атты әдеби-музыкалық театрландырылған қойылым сахналанды. Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры әртістері сахналаған қойылым Ұлжан ананың ұлы Абайды өмірге әкелген сәті мен әкесі Құнанбайдың халықтан сүйінші сұрағаны, Құнанбайдың ұлына Ибраһим деп есім бергені және өмірінің жарқын сәттері көрсетілді.
Жазушы Мереке Құлкенов: «Абай мен қазақ – егіз ұғым. Абайдың шығармалары арқылы елдер қазақты таныды. Оның шығармалары бірнеше тілге тәржімаланды. Жерлесіміз Сәтімжан Санбаев Абайдың қара сөздерін аударды. Герольд Бельгер де Абай туындыларының шартарапқа таралуына үлесін қосты. Қазір Абайдың ұрпақтары оны бүкіл әлемге таныстыруға барлық күшін салып, шығармаларын бірнеше тілге аудартуда. Абай,бізге бірінші болып басқа халықтың ұлыларын насихаттаған ақын. Ол бізге Пушкинді, Гетені, Лермонтовтың шығармаларын алып келді.Атырауда басталған Абай тойының бастамасы өз деңгейінде өтуде. Жергілікті жердің таланттары Ғафиз Есімов Абай ариясын, күйші Айгүл Үлкенбаева Қаршыға Ахмедияровтың «Абай толғауы» шығармаларын орындап, жастар мен балалардың Абай өлеңдерін хормен айтылуы жүректерге жетіп жатыр», – деді.
Мерекелік шарада облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов атыраулықтар мен қонақтарды құттықтап, Атырауда ұлы ақын Абайға арналған ескерткіш орнатылатындығын жеткізді.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын әлемдік деңгейде атап өтуді тапсырған болатын. Бүгін өңірімізде осыған орай салтанатты кеш өтіп жатыр. Абай - қазақтың ұлы тұлғасы. Абай – дана, Абай – дара қазақта. Сондықтан, Абайдың айтқан қара сөзі, әрбір өлеңі қазақ халқының қазынасы деп білеміз. Халыққа керек ақыл-ойларын өскелең ұрпаққа өсиет етіп қалдырды. Қаламызда қазақтың бас ақыны Абайдың 175 жылдығына орай ескерткіш орнатылатын болады. Ісіміз берекелі, еліміз мерекелі болсын, – деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.
Абай Құнанбайұлының торқалы тойында «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін жұртшылық қосылып шырқап, салтанатты шараның тағылымын толықтыра түсті.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы