Қазақстан авторлары қоғамы Назарбаев бастаған бір топ танымал адамды іздеп жатыр
Қазақстан авторлары қоғамы Назарбаев бастаған бір топ танымал адамды іздеп жатыр
© liter.kz
868
оқылды
«Қазақстан авторлары қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі қаламақы төлеу үшін композициялардың авторларын іздеп жатыр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған қоғамның ресми сайтында 2021 жылдың 1 шілдесінде, яғни бір жыл бұрын жарияланған тізімде елімізге белгілі әншілер, ақындар, жазушылар, суретшілер бар. Мәселен, гонорар төлеу үшін іздеу жарияланған тізімнен Нұрсұлтан Назарбаев, Ілияс Омаров, Жанар Дұғалова, Маржан Арапбаева, Димаш Құдайберген, Айгүл Мүкей, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Гауһар Әлімбекова, Жолбарыс Сейфуллин, Құрмаш Мақанов, Ерболат Құдайбергенов, Қанат Айтбаев, Ақтоты Райымқұлова, Жүрсін Ерман, Әли Оқапов, Қалқаман Сарин, Олжас Сүлейменов сынды танымал азаматтарды көруге болады. Авторлар өз сыйақысын ай сайын Қоғамға келіп алып тұрады немесе жиналған сома ауық-ауық автордың банктегі есепшотына яки карточкаларына аударылады. Өзге аймақтағы отандық авторлар сыйақысы банктегі есепшоттарына аударылады немесе пошта арқылы жіберіледі. ҚазАҚ-тың негізгі атқаратын қызметі – авторлардың мүліктік құқығын басқару, яғни авторлардың атынан олардың туындыларын пайдалануға рұқсат беру, авторлық сыйақыларын жинау, жиналған сыйақыны бөлу және төлеу. Сонымен қатар ҚазАҚ авторлардың шағымы бойынша, сондай-ақ өз бастамасымен де авторлардың бұзылған құқығы үшін сотқа жүгініп, өтемақы талап етеді. ҚазАҚ авторлар (құқық иелері) өздерінің мүліктік құқығын бақылауды олардың өздері тікелей жүзеге асыра алмайтын жағдайда (жария орындау, телеарналар мен радиода, туындыларды механикалық жазба яки магниттік жазба жолымен қайта шығаруда, т.б.) ұжымдық негізде басқарады. Авторларға тиесілі сыйақыны /қаламақыны/ есептеп бөлу және беру жұмысын Қоғамның есеп-қисап бөлімі атқарады. Авторлар мен олардың мұрагерлеріне сыйақы есептеу ҚазАҚ-тың аумақтық тексеруші-уәкілдерінен келіп түсетін бағдарлама-мәлімдемелердегі мәліметтер бойынша жүргізіледі. Қоғам есепшотына пайдаланушылар аударған сыйақы әрбір автор туындысының жанрына, орындалу жиілігі мен қай салада орындалғанына орай белгіленген пай мөлшері бойынша бөлінеді.