Өкпе дертін жауапкершілік жеңеді
Өкпе дертін жауапкершілік жеңеді
Коллаж: Елдар Қаба
967
оқылды
Қазақстанда туберкулезден күніне 1 адам қайтыс болады екен. Мәселен, былтыр 358 науқас көз жұмған. Мұның бір себебі ауру қоздырғышы – микробактериялардың дәріге төзімділігі мезгіл-мезгіл күшейіп отырады. Яки, қазір оларды емдейтін әлем бойын ша негізгі төрт препарат болса, Қазақстанда осы төртеуіне де төтеп бере алатын туберкулездің ашық формасы кездесіп отыр. Сондықтан да мамандар ауруға күдік туған жағдайда жедел дәрігерге көріну қажет деп дабыл қағып жүр. Өйткені пандемия басталған шақта өзге де қауіпті аурулар сияқты туберкулез індеті коронавирустың тасасында қалып қойды.   БІРІНШІ ҚАУІП – ҚУЫСТАНУДАН Ахуал қанша алаңдатарлық болса да, әуелі оқырманды жұбатып алалық. Ең басты қуанышты жайт – Қазақстан туберкулезбен күресте ғылымитехнологиялық жағынан, яки алдын алу, диагноз қою және емдеу бойынша үздік отыз елдің қатарын да екен. Әлемде жаңадан пайда болған бар лық препараттар мен қондырғы жабдықтар елімізде бар. Дәрі-дәрмек жеткілікті, науқастарды әлеуметтік-медициналық қолдау жақсарып келеді. Бізде туберкулездің ең алғашқы түрін де, дәріге төзімді формасын да бас-аяғы 80-120 минут тың ішінде анықтай алатын қондырғылар да бар. Бірақ бір әттең-айы, ғылыми жетістіктеріміз «адами фактордың» алдында дәрменсіз.
«Коронавирус таралуының еліміздегі туберкулез ауруы үшін жақсы да, жаман да жақтары болды. Жақсы жағы, оқшаулану, жеке гигиенаны сақтау, респиратор тағу, антисептик пайдалану сынды дағдыға бой үйреткендер COVID-қа да төтеп бере алды. Есесіне, барлық назар коронавирусқа ауған шақта, туберкулезбен ауырғандар соның тасасында қалып қойды. Көптеген науқастар уақытында анықталмады. Туберкулездің ең қауіпті кезеңі – ауру басталғаннан оны анықтап, диагноз қойып, оқшаулағанға дейінгі аралық. Оның үстіне, әрі қауіпті, әрі жұқпалы дертке ұшыраған адам айналасындағылардан қуыстанып, ешкімге білдірмеуге тырысып, жазылып кетемін деп ойлайды. Ауруын жасырып, өз бетінше емделуге көшеді», – дейді Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығының (ҰҒФО) директоры Мәлік Әденов.
Маманның айтуынша, біздің қоғамда жұқпалы қауіпті аурумен ауыратын науқас адамды шеттету әдеті әлі де болса жоғары. Қанша жерден стерильді, гигиеналық орта қалыптасқан болса да осы мінезден арыла алмай келеміз. Ағайын-тума, көршілері ат-тонын ала қашса, жұмыста әріптестері сырт айналып, басшылығы түртпектеп, жұмыстан шығарып жіберуге тырысады. Осыдан келіп, адамда қуыстану пайда болады. Ол ауруын айтпауға тырысады. Ең сорақысы, дәрігерлерден жасырады. Бұл ретте, дертке шалдыққан науқастар Қазақстанда жеке бас құпиясы бар екендігін, барлық ақпараттар құпия сақталатындығын білгені абзал.   ЕКІНШІ ҚАУІП – ЖАУАПСЫЗДЫҚ Диагнозы анықталған күннің өзінде де, өкінішке қарай, еміне жауапсыз қарайтындар бар екен. Әсіресе дәрі ішу курсын үзіп тастайтындар көп. Туберкулездің қауіптілігі сондай, «Кох» таяқшасы деп аталатын микробактериялар, күніне 3 реттен 8 күн ішетін препараттың күнделікті бір кезегін ғана ішпей қалса, төзімді болып алады.
«Науқастар түрлі себептермен емін тоқтатып жатады. Бірінің асқазаны, бауыры, бүйрегі ауырады, бірі дәрінің ащылығына шыдамайды. Ондайда, міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгіну керек. Өйткені, қосымша дәрі тағайындалуы, препаратты қабылдау уақыты түн мезгіліне ауыстырылуы мүмкін. Микробактериялардың дәріге төзімділігінің бір себебі анықталғаннан кейін біз, науқасқа бейнебайланыс арқылы дәрі ішкізу әдісіне көштік. Кезекші дәрігер кесте бойынша науқастарға қоңырау шалып, оның дәріні ішкенін тікелей эфирде қадағалайды. Тағы бір шара – мемлекет тарапынан науқасқа жолақысына деп айына 19 мың теңге әлеуметтік көмек беріледі. Дәрісін үзген адам осы көмектен қағылады. Бірақ, жазалау, қадағалау амалынан бұрын адамның өзінің жауапкершілігін арттыруға көбірек жұмыс жүргізілгені жөн», – дейді ҰҒФО жанындағы Жаһандық қор грантын жүзеге асыру тобының менеджері Шахимұрат Исмаилов.
Жалпы мамандардың туберкулез туралы айтары өте көп. Ең бастысы, ықылым замандардан келе жатқан осынау өкпе індеті тұқым қуаламайды екен. Аурудың бұл түрі тағам арқылы да тарайды, соның ішінде сүттің бетінде бактериясы ұзақ өмір сүреді деген де жансақ пікір. Туберкулез тек қана ауа арқылы жұғады. Бір шаршы сантиметр жерде 10 млрдтан астам бактерияға дейін көбейген кезде ғана жұғу қабілетіне ие болуы мүмкін. Әйтсе де, адамның ағзасына қоздырғышы түскен күннің өзінде де ауырып қаламын деп уайымдаудың қажеті жоқ. Өйткені, ол бірден ояна қоймауы мүмкін, әлде мүлдем оянбайды. Өйткені, оны адамның иммунитеті жеңіп, сыртқа шығарып тастайды екен. Дегенмен де, осынау жегі құрттай жанды жеген аурудың жаман жағы да аз емес. Мәселен, ғалымдардың зерттеуінше, туберкулездің бүгінде зақымдамайтын органы жоқ екен. Ішкі ағзаларды былай қойғанда, тіпті шаш, тері туберкулезі деген де бар болып шықты. Тек тырнаққа ғана түсе алмайды. Бір назар аударатын жайт, мұндағы қоздырғыштың бәрі «Кох» таяқшалары. Сондықтан да өкпе құртының жанымыз бен жақындарымызды жегідей жегеніне бейжай қарауға болмайды.   АУРУЫН ЖАСЫРҒАН... Қанша жерден қауіпті болса да, елімізде туберкулезге қатысты жағдай тұрақты. Бірақ, бұл арқаны кеңге салып отыруға болады деген сөз емес. Әйтсе де, өкпе індетімен күресті бір сәтке де тоқтатуға болмайды. Оның алдын алу ісіне бүкіл қоғам атсалысуы тиіс. Оның бір жолы – «ауруын жасырмағандардың» оқиғасын сабақ етіп, азаматтарды ашықтыққа шақыру. Әрине бұл ақпараттар құпия екенін де есте ұстаған абзал. Сондықтан да кейіпкеріміздің тегін атамағанды жөн көрдік.
«Жұмысқа тұру үшін тексерістен өтіп, рентгенге түскен кезімде өкпемде дақ бар екенін білдім. «Өзім жұмысқа тұрам ба деп жүргенде бұл не кесапат болды екен» деп қатты уайымдадым. Басында ешкімге айтпауды ойлағаныммен, бала-шағамның қамын ойлап, тәуекел дедім де, Алматыдағы туберкулезге қарсы диспансерге келдім. Мұндағылар мені толық тексеруден өткізіп, бірден диспансерге жатқызатындықтарын айтты. Бірақ, мен Ұлттық фтизиопульманология орталығында емделгім келетінін айтқан соң, мені сонда жіберді. Осында 4 ай жатып емделдім. Құдай сақтағанда уақытында келген екенмін. Өйткені, бұрын туберкулез туралы үзім-жұлым ғана бірдеңелерді білетін болсам, осы айларда ондай адамдардың түрін көрдім. Тіпті ауруын асқындырып алып, жылдар бойы емделіп жүргендерді де кезіктірдім. Ем қабылдап жүрген шақтарда үйдегілер аптасына бір рет хабар алып келіп тұратын. Оларға уайымдамасын деп шама келгенше ауырып тұрғанымды білдіртпеуге тырыса тынмын. Өйткені, ішіп жүрген дәрілерімнің кері әсерлері бар болатын. Оның үстіне әлсіздік кетпей қойды. Енді міне, шыдам мен төзімнің арқасында қай нәрсенің де қайыры болатынын түсіндім. Ең бастысы, дұрыс шешім қабылдау екен. Емханада туберкулездің емделетініне көзім жетті. Ендеше, ем қабылдап жүргендерге үлкен шыдам тілеймін. Ал сау адамдарды сақтанып, денсаулықты күтіп, дұрыс тамақ танып, иммунитеттеріңізді нығайтып, жаман әдеттерден аулақ болып жүруге шақырамын», – дейді Асқар есімді 50 жастағы Алматы тұрғыны.
Мұндай оқиғаларды көптеп келтіруге болады. Олардың қай-қайсысының да айтары, уайымға бой алдырмай, ауруға жауапкершілікпен қарауға шақырады.