Демалыс күні дамылсыз жауған жаңбырдың салдарынан Ақмола облысының орталығы Көкшетау мен Степногор қалалары «Венецияға» айналды. Ондаған үйді су басып, ауыр шығынға белшесінен батты. Көшелер мен жаяу жргіншілер жолдарында да жаңбыр суынан жүру мүмкін болмады. Әлеуметтік желілерде әкімдіктен көмек сұрап зар илеген жұртшылықтың қарасы қалың. Алайда тұрғындарды толғандырған түйінді мәселенің төркіні әріде жатқаны анық байқалады.
Екі күн бойы төтенше жағдай мен коммуналдық сала қызметкерлеріне де дамыл болмаған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бұған дейін таратқан мәліметінше, Көкшетауда жаңбырдың салдарынан 20 тұрғын үйді су басып, 70-ке жуық ауланың суға кеткені айтылды. Дегенмен кешегі БАҚ өкілдері мен болған брифинг барысында Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров қала тұрғындарынан 148 арыз түсіп, соның 50-і бойынша акт толтырылғанын мәлімдеді.
ШАТЫРДА ТҮНЕП ЖҮР
Бірақ тұрғындар бұл санның бұдан әлдеқайда көп екенін алға тартады. Үйлерін тұтастай су басып, барлық тұрмыстық техникалары мен жиһаздары жарамсыз күйге түскен тұрғындардың қарасы әлдеқайда көп. Қазіргі уақытта үй ішінде жататын жер болмаған тұрғындардың бірі амалсыз бірнеше күн бойы үйінің шатырында түнеуге мәжбүр болған. Үйдің жан-жағын түгелдей көпқабатты үйлер қоршаған Байтұрсынов көшесі 109 А мекенжайындағы жер үй әлі суда тұр.
«Ал жаңбырдың салдарынан бар дүние-мүлкіміз бүлінді. Үйдің іші малмандай су. Барлық тұрмыстық техника, жиһаздар жарамсыз күйге түсті. Жергілікті әкімдікке сағаттап отырып телефон шалсақ та, үйге әлі күнге дейін ешкім келіп тексерген жоқ. Құтқарушылар келіп екі күн бойы үйдің ішіне кірген суды мотопомпамен сорған. Бірақ әлі су біткен жоқ. Үйді тастап ешқайда кете де алмаймыз. Дәл қазір қайда барып қонарымызды білмейміз. Осы күндері шатырдың ішінде түнеп шықтық. Кімнен үміт күтіп, қайда барамыз?», – дейді ашынған Көкшетау қаласы Байтұрсынов көшесі 109 үйдің тұрғыны Татьяна Соловьева.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Қасымның айтуынша, 6 сағат бойы толассыз жауған жауынның салдарынан төтенше жағдай қызметіне 500-ден астам телефон қоңырауы түскен. Төтенше жағдай қызметі бірнеше күн бойы апаттың салдарымен күрескен.
«Жұмадан сенбіге қараған күні толассыз жаңбырдан облыстың бірнеше аймағы, оның ішінде Көкшетау және Степногор қалалары үлкен зардап шекті. Көкшетау қаласында төтенше жағдайлар қызметкерлері арнайы техникалардың күшімен 17 мың текше көлемінде су сорып алған. Степногор қаласында базардағы 13 шағын бутик пен қалалық емхана, сондай-ақ бірнеше көше жолдары судың астында қалған екен. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мұнда 200 текше метр су сорып алынған», – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Қасым.
АРНАЙЫ КОМИССИЯ ҚҰРЫЛДЫ
Ал Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаровтың мәліметінше, жауынның салдарынан зардап шеккендер бойынша 4 комиссия құрылып, қазір олар үйлерді аралап, акт толтырып жатқанын жеткізді. Бірақ зардап шеккендерге келтірілген шығынның толық көлемде өтелетіні жөнінде дөп басып айта алмады.
«Қатты жауын 6 сағат толассыз жауғандықтан көшелердегі арықтар толып кетті. Қаланың шеткі аудандарындағы үйлерді су басты. Біз жұма күні түнгі бірлер шамасында жедел түрде әкімдікте жиын өткізіп, шұғыл штаб құрдық. Судың деңгейі жылдық мөлшерден айтарлықтай көп. Шамамен 30-35 сантиметрге дейін көтерілді. Жауынның қатты болғаны соншалық қалада 8 сусорғы стансасының екеуі істен шықты. Дегенмен жылдам әрекет етудің арқасында оларды қайтадан іске қостық. «Көкше-Тазалық» және «Зерен плюс – 2006» коммуналдық шаруашылықтары күні-түні тіпті қазірдің өзінде суағар арықтарды тазартып жатыр. Бүгінге дейін бізге жауынның салдары бойынша 149 арыз түсті. 50-ге жуық шақыртуға әкімдік және төтенше жағдайлар қызметкері барып, актілер толтырылды. Зардап шеккендерге 50 айлық есептік көрсеткіш яғни 159 мың теңге мөлшерінде өтемақы төленеді. Ал шығын көлемі актіде толық жазылып алынады. Егер шығын көлемі аса үлкен болған жағдайда мәслихатқа қосымша қаржы бөлу мәселесі күн тәртібіне қойылады», – деді қала әкімінің орынбасары Бауыржан Ерназаров.
Брифинг барысында қос қаладағы суағар арықтардың қоқысқа толып қалғаны, тіпті кейбір жаңа құрылыс нысандарының маңында мүлде арықтардың салынбағаны жайы айтылды. Сондай-ақ қаладағы қоқыстардың уақытында шығарылмайтыны туралы тұрғындардың айтқан шағымдары аталды.
«Қалада қоқыс мәселесі айтарлықтай күрделі болып отыр. Өйткені қаланың бірқатар аймақтарында тұрғындар қоқыс тазалайтын коммуналдық кәсіпорындармен келісімшарт жасамаған. Енді ондай шағын аудандарда контейнерсіз үйілген қоқысты белгілі бір уақыт аралығында тазартуға көштік. Суағарларда осы қоқыстардың тұрып қалуы қиындықтар туындатты. Тұрғындар қоқыстарды шығарып үйіп тастайды. Ал оны уақытында шығару, кәріздерді тазарту қиынға түсіп отыр» , – деп толықтырды Бауыржан Ерназаров.
P.S. Жергілікті әкімдік пен тиісті сала өкілдері барлығы бақылауда дегенмен істің шалалығы көзге түсіп қалды. Құрылыс нысандарын, салу кезінде барлық қауіпсіздік шараларына мән берілмеуі істің насырға шабатынын анық көрсетіп берді. Жергілікті билік нөсер жауын нан кейінгі жағдайдан сабақ алып, қателікке бой алдырмаудың қамына кіріссе болар еді.