Оң өзгеріс дамуға бастайды
Оң өзгеріс дамуға бастайды
431
оқылды
Ақмаржанымен аты шыққан Сыр өңірінде тынымсыз тірліктің лебі сезіледі. Өңірдің қай саласында болмасын ілгерілеушілік бар. Түйткілді мәселелердің де шешімі кезең-кезеңімен реттеліп келеді. Қызылорда облысы әкімі қызметіне кіріскен аз уақыт ішінде Нұрлыбек Нәлібаевтың табанды шешімдері аймақтың экономикалық даму қарқынына оң серпін бере бастады. Облысқа қарасты Жалағаш, Сырдария және Қармақшы аудандарының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін саралаған жиында осыны аңғардық. Аймақ басшысы жоғарыда аталған үш ауданның негізгі экономикалық көрсеткіштеріне талдау жасаған жиында әкімдердің есебі тыңдалып, алдағы міндеттері сараланды. Бұл тұрғыда аудандардың көрсеткіші 4 негізгі бағыт бойынша бағаланды. Оның ішінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, органдар мен облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы, ауданның кадрлық әлеуеті мен қоғамдық-саяси ахуалы бар. Негізгі талап – экономикалық өсімді арттыру бойынша Сырдария ауданы – 4, Қармақшы ауданы 6-орынға ығысса, Жалағаш ауданы 2-орынға көтерілген. Халық табысын арттырудың төте жолы – жаңа жұмыс орындарын құру. Аталған үш ауданда ресми жұмыссыздар санын азайту және тұрақты жұмыс орындарын көбейту аса қажет. Облыс әкімі әр ауданға өзіне тиесілі инвестиция тарту арқылы жаңа жобаларды әкелу қажет екенін, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ұлғайтуға жете мән беруді және инвестиция тарту ісінде міндеттемелердің уақытылы орындалуын қадағалауды тапсырды. Талдау жиынында Нұрлыбек Нәлібаев кәсіпкерлік саласында оң динамика сақталған аудандарды атап өтіп, өнім өндіру және ішкі қажеттілікті өтеу мәселесіне ерекше назар аударып өтті. Мәселен, Сырдария ауданын да 2533 шағын және орта кәсіпкерлік субъектінің 92,5 пайызы нақты жұмыс істейді. Ал, Қармақшы ауданында 3 321 бизнес нысанның 89,9 пайызы еңбек етіп жатыр. Жалағаш ауданында да оң тенденция бар. Ауданда жыл басынан 290 кәсіпкерлік субъекті ашылған, нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілердің 92,5 пайызы нақты жұмыс істейді. Бұл ретте, Жалағаш ауданының облыс орталығына жақын орналасуы бау-бақша және фермерлік кәсіпті дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін ауданда бақша, көкөніс өнімдерін өсіруге және етке негізделген мал, құс шаруашылығын дамытуға жеткілікті жағдай жасау қажет. Облыс орталығына іргелес қоныстанған Жалағаш ауданы әкіміне мия тамырын өңдеу зауытын іске қосуды жеделдету міндеті жүктеліп отыр. Осының негізінде өндіріс орны биыл қайта іске қосылып, 190 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
«Өткен аптадан бастап әрбір ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын жанжақты талқылап келеміз. Алдағы 9 айдың қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне жол берген қала, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, сала басшыларына қатысты кадрлық шешімдер қабылдаймыз. Басты талап – халықтың әл-ауқатын көтеру, экономикалық өсімді қалыптастырып, тұрақтылықты сақтау. Бұл ретте, қала, аудан әкімдері межеленген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындауы тиіс», – деп мәлімдеді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Негізінен облысқа қарасты аудандарда шешімін күткен мәселелер әлі де жеткілікті. Соған орай өңірлерге нақты тапсырмалар жүктеліп, тиісті міндеттемелердің орындалуы қатаң бақылауға алынып отыр. Жалпы өңірде мұндай жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табады. Алдағы уақытта Шиелі, Жаңақорған, Арал, Қазалы аудандары мен Қызылорда қаласының даму динамикасы талқыға түсетін болады.  

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы