Елорда әкімі ел алдында есеп берді
Елорда әкімі ел алдында есеп берді
264
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елорданы жан-жақты дамыту бойынша қойған міндеттерін орындауда. Бұл ретте ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары оңтайланып, реформалаудың жаңа кезеңіне қадам басқан уақытта маңызды міндеттерді сапалы орындау керектігін әркім түйсінген. Кеше Нұрсұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің халыққа есеп беру кездесуінде жыл бойғы жұмыс есебін тыңдай отырып, қоғам қажеттіліктеріне сәйкес нақты жұмыс жүргізіліп жатқанына куә болдық. Әлеуметтік даму динамикасы қарқынды өсіп келе жатқан елорда халқының саны 20 жылдан астам уақыт ішінде 400 мың тұрғыннан 1,2 миллионға жетіп отыр, сәйкесінше, қала аумағы 797 шаршы шақырымға ұлғайған. Қаланың әлеуметтік-экономи­калық дамуы туралы сөз қозғаған қала әкімі жыл сайын бизнес субьектілерінің көбейіп келе жатқанына тоқталды. «Биыл Нұр-Сұлтан қаласы­ның елорда болғанына 22 жыл то­лады. Қаламызда осыдан 20 жыл бұрын дүниеге жылына 4 500 сәби келетін болса, қазіргі уа­қытта 25 мың сәби дүниеге келеді. Сонымен қатар жылына 50 мың­дай адам қалаға көшіп келуде. Қазіргі кезде орта және шағын бизнесті дамыту керек екендігі туралы тапсырма берді, бұл экономикамыздың дамуына үлес қосады», – дейді Алтай Көлгінов.  

50 мектеп салынады

Халықтың саны мен денсау­лығы, туу мөлшері, табиғи өсуі және әлеуметтік-мәдени қажет­тіліктерінің қамсыздандырылу деңгейі сияқты бірқатар мәселе­лерге тоқталған әкім білім сала­сындағы түйткілді жайттарды атап өтті. Оның айтуынша, қазір қалада 115 мектеп пен 182 мың оқу­шы бар. Халықтың өсуіне бай­ланысты қалада әлеуметтік ны­сандарға жүктеме артқаны себепті 8 мектеп қазір үш ауысымда оқытуға мәжбүр. – Биыл және келесі жылы 12 мектептен салынады. Бірінші ке­зекте мектеп құрылысына арнал­ған орындар анықталды. Мектеп­тер­дің құрылысына жеке инвес­тор­ларды тартамыз. Өңірлік ке­ңесте жеке инвестиция есебінен 22 мың оқушыға есептелген 22 мектеп салу қолдау тапты, – деген А. Көлгінов кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 60 мың орынды 50 мектеп салу жос­парланғанын жеткізді. Сондай-ақ елордада еңбек етуге қолайлы жағдай жасау үшін 350 орынды мұғалімдерге арналған жатақхана салынған әрі кадрларды даярлауға арнайы гранттар бөлінеді. Биыл «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, педагогтердің еңбекақысы 25 пайызға артты, әйтсе де білім саласында 250 маман тапшылығы жетіспейді. Жаңадан ашылатын мектептерді есептегенде маман тапшылығы мың адамға дейін жетуі мүмкін.    width=

Дәрігерлер үшін әлеуметтік пакет дайындалады

Ал қоғам өмірінің маңызды саласы саналатын денсаулық сақтау саласы бойынша соңғы 20 жылда нарықтық экономиканың жағдайларына көп бейімделгені рас. Бұл ретте Алтай Көлгінов елі­міздің экономикалық дамуын­дағы жетістіктерімен қала халқын әлеуметтік дамыту жүйесі де ты­ғыз байланысты екенін атап өтті. – 2000 жылдың басында ор­таша өмір сүру ұзақтығы 65 жас болса, қазіргі уақытта 76 жасқа ұзар­ған. Бұл – өмір сапасының жақ­сарғандығының белгісі. Ал қаладағы жағдайға келетін бол­сақ, денсаулық сақтау нысан­дарына айтарлықтай салмақ тү­суде. Былтыр 12 нысан аштық және оның саны көбейе береді, – деді ол. Әкімнің айтуынша, қалалық жедел жәрдем стансасындағы 84 автомобиль 63 пайызға тозған. 11 көлік жаңадан сатып алынып, 16 машина жаңартылған. Нә­тижесінде, жедел жәрдем қызметі 15 минуттан 3 минутқа дейін қысқарып, «алтын сағатқа» қол жеткізіп отыр. Алтай Көлгінов қа­ладағы сапасы сын көтермей тұр­ған кейбір апатты жағдайдағы ауруханалардың жайына тоқ­та­лып, Орталық теміржол аурухана­сының жаңа ғимаратқа көшіріл­генін, сондай-ақ мемлекеттік же­ке серіктестік бойынша Са­рыар­қа ауданында көпсалалы жа­ңа аурухана салынатын жет­кізді. Қазіргі күні Нұр-Сұлтанда 14 мыңға жуық медицина қызмет­кері бар. Десе де, кадр тапшылығы әлі де өзекті мәселенің бірі ретінде қалып отыр. «Бізде 500-ге жуық дәрігердің жетіспеушілігі болған. Былтыр бұл мәселенің жартысын шештік. Сондықтан дәрігерлер үшін де әлеуметтік пакет дайындалады. Қолжетімді баспана – жатақ­ха­налар беруді жалғастырамыз», – деді А.Көлгінов.    width=

Қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі 3 есеге артады

Азаматтарды қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі ретінде қала бермек. Әкімнің айтуынша, қа­зіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қолжетімді баспанаға кезекте тұрғандардың саны – 48 мың адам. Бұдан бөлек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 214 мың салымшы өзінің есепшотын аш­қан. – Өткен жылы 2 900 пәтер бер­дік. Президенттің тапсыр­ма­сына сәйкес, 1 050 жұмыс істеуші жастарға үй бердік. Енді биыл біз Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, мұны 3 есе көбей­теміз. Біз 10 мың пәтердің құры­лысын бастаймыз. Соның 8 мы­ңын жылдың соңына дейін аяқ­тауды көздеп отырмыз. Оның бар­­­лығы – қолжетімді баспана, осы мұқтаж азаматтарға арналған, – деді Алтай Көлгінов. Жиында апат­­ты тұрғын үй мәселесі де кең айтылды. Биыл қаладағы Ойыл көшесі, 19, Квартал К2, 6 мекен­жа­йындағы үйлер сүріледі.  

Жол-көлік апаты 2 есе төмендеген

Сондай-ақ мегаполистің тағы бір мәселесі – көлік саны 2 есе ұлғайып, 500 мыңға дейін жеткен. Қалада жалпы ұзындығы 853 шақырымнан көп болатын 1 110 көше бар. Жол-құрылыс жұмыс­тарының көлемі 2019 жылы 51 шақырымнан асса, 2020 жылы 100 шақырымды құрап отыр. «Боран болған кезде, бізге жақын маңдағы ауылдармен сөйлесу қиынға соқты. Адамдарға қалаға немесе кері жету қиын болды. Қала ішін­де, көліктің сапасын жақ­сартуға, климатқа байланыс­ты жылы аял­дамалар салу жөнінде көп өтініш түседі», – деген қала басшысы биыл 100 электро автобус сатып алынатындығын атап өтті. Ал қала халқының қа­уіпсіздігі үшін іске қосылған «Қауіпсіз аула – қауіпсіз мектеп» смарт жобасы аясында құқық­бұзушылық пен қылмыстың алдын алу үшін қаладағы білім нысандары мен аулалар орта­лық­тандырылған бірыңғай бақылау жүйесіне көшіріледі. Биыл жол-көлік апаты 2 есе төмендеген болса, өлім-жітім көрсеткіші 43 пайыз азайған.  

Газ тарту ыстан құтқарады

Қыс түссе, Нұр-Сұлтан қала­сын қою қара түтін басып, бас ауыртар мәселеге айналғалы бір­неше жылдың жүзі болды. Әкім келтірген деректерге сүйенер бол­сақ, 1-жылу электр стансасы мен 2-жылу электр стансасы қыс бойы 3 миллион 800 мың тонна көмір жағады. Ал жеке секторлар 500 мың тонна көмір тұтынатын көрінеді. «Сонда қыс бойы шама­мен 4,5 миллион тонна көмір жа­ғамыз. Біз экологияны ойла­уымыз керек. Қазіргі уақытта бұ­ған қатысты қиындық бар. Күн суық және желсіз күндері қаланы қою түтін басады. Осындай көрініс былтыр да болған, биыл да байқалады. Бұл адамның ден­саулығына зиян келтіреді. Қала тұрғындарының саны жыл өткен сайын арта түсетінін ес­кер­сек, бұл мәселе тереңдей береді», – дейді Алтай Көлгінов. Қала әкімінің айтуынша, газдандыруға көшкеннен кейін елорда ауасының ластану индексі 25 пайыз төмендейді. Қазір газ бағасы туралы есептеу жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылыту кезеңінде олар ЖЭО-1, 2, Көк­тал-1, 2, Агрогородок, Индус­триал­ды, Железнодорожный, Оңтүстік-Шығыс аудандарында газбен жылытылады деп жос­парлануда. Іске асыру мерзімі – 2020-2023 жж. Биыл жылдағыға қарағанда 3,5 есе қалың түскен қар кесірінен елордада төтенше жағдай жария­ланып, жүріп-тұру қиындап қал­ған еді. Коммуналдық қызметтің жұмылып жұмыс істегені арқа­сында бүгінде 2,5 млн текше метр қар шығарылған. Көктемнің ке­луіне бір айдан аз уақыт қалғанын ескерген қала әкімдігі тасқынға қарсы штаб құрылғанын айтты. Бұдан соң қала тұрғындары өз­дерін толғандырған мәселелер бойынша әкімге сауал жолдап, тиісті шешімдер айтылып жатты. Олардың арасында кәсіпкерлікті дамыту, жеңілдікті несие, тиісті ақысын ала алмай жүрген азамат­тардың мәселесі кездесу бары­сында ашық айтылды. Есептік кез­десу барысында қаланы да­мытуға қатысты көкейкесті жайт­тар кең талқыланып, кешенді іс-шаралар жоспарын құру мен жаңа міндеттер нақтыланды. Әл-Фарабидің 1 150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдық мерей­тойына орай 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады.   Алтынбек ТОЛЫМБЕКОВ, Нұр-Сұлтан