Сенат депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Сұлтанбек Мәкежанов Алматы қаласының индустриялық аймағын аралады. Бұл аймақ Үдемелі индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылған. Мұнда бірінші кезеңде машина жасау және металл өңдеу, тамақ, жеңіл, фармацевтік, химия өнеркәсіптері және құрылыс материалдарын өндіру секілді өнеркәсіптің негізгі түрлерін дамытуға басымдық беріледі. Сонымен қатар қаланың тұрғын аудандарынан өнеркәсіп кәсіпорындарының орын ауыстыруына, технологиялық, инновациялық өнім шығаруға, импортты алмастыруға бағытталған инвестициялық жобаларға артықшылық көрсетіледі.
Алматы қаласының индустриялық аймағын құруға, оның ішінде өнеркәсіп өндірістері мен тиісті инфрақұрылымның – автомобиль мен теміржолдарының, логистикалық және әкімшілік орталықтарының құрылысына, оларға қызмет көрсетуге арналған Алатау ауданындағы 490 гектар бос алқап бөлінген. Бүгінде 71 компания индустриялық аймақта өз өндірісін қолға алған. Алатау ауданының аумағында орналасқан индустриялық аймақта 113,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, 19 жоба іске асырылған, 3,2 мың тұрақты жұмыс орны ашылған.
Сенаторлар Hyundai Trans Kazakhstan зауытында болды. Бұл зауыттың мақсаты – Қазақстан нарығына жаңа стандарттарға сай сапалы автокөліктер шығару. Биыл зауыт толық қуатта іске қосылып, жылына 45 мың автомобиль шығаруға кіріскен. Зауытта 750 адам жұмыс істейді. Негізінен, техникалық мамандар. Автомобиль құрастыруға қажетті қосалқы бөлшектер Оңтүстік Корея, Ресей, Үндістан, Қытай елдерінен жеткізіледі.
Hyundai Trans Kazakhstan, «ТЕХНОКОНТ», «Техновид», BRB APK жылыжайы елімізге қажетті өнімдер шығарады. Valtherm ЖШС радиатор өндірісін жақын арада бастайды.
Сенат депутаттары «АлматыБизнес» қалалық бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнестің даму барысына көңіл бөлді. Әсіресе, бұл іске жастардың тартылуын қадағалады. 2019 жылдан бері Алматыда «Халықтың қатысуымен бюджет» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба бойынша бірінші кезекте тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу өте маңызды.
Депутаттар сондай-ақ индустриялық аймақтағы жер мәселесіне, кейбір кәсіпорындардың толық қуатта жұмыс істей алмай жатқанына назар аударды. Көлік-логистика мәселесін дамыту ісіне, теміржол тармақтарын пайдаланудың өзектілігін тілге тиек етті.
Басқарушы компанияның жетекшісі Әлішер Сатыбалдиев сенаторларға Алматы индустриялық аймағын дамытуда шешімін күткен құқықтық реттеу мәселелерін баяндап берді.
Шетел инвесторлары тарапынан индустриялық аймаққа қызығушылар көп. Қазірдің өзінде бұл аймақта Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей мемлекеттерінің қатысуымен 10-нан астам жоба жүзеге асырылған. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, 2022 жылдың бес айы ішінде индустриялық аймақта орналасқан қала кәсіпорындары 676,3 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 12,7 пайыз жоғары.