Қордай ауданындағы бес ауыл өкілдерін жиып, құрылтай-кеңес өткізгенімізде дүнген жастарының белсенділері қазақ тілінде жақсы сөйлейтініне куә болдық. Тек олар үлкен сөйлегенде үнсіз тыңдайтын қазақ жастарына тән инабаттылықты үйренсе, игі болар еді. Ауруханаға бара жатқан қазақ ақсақалын ұруы да тәрбиесіздіктен.
– Сіз Ауғандағы қан майдан ортасынан оралған ардагер жауынгерсіз. Отан алдындағы антқа адалдықтың не екенін білесіз. Ал дүнген халқы баласын әскерге бермейді дегені рас па? Рас болса, заңға қайшы ғой. Бұл мәселені қалай шешу керек?
– Сізге одан да сорақысын айтайын. Әскерилер берген дерекке жүгінсек, бүгінде әскерге баратындардың 1 пайызы ғана өзге ұлт өкілдері екен. Қалған 99 пайызы – өзіміздің қазақ жігіттері. Оның үстіне сол 1 пайыздың көбісін орыстар құрайтын көрінеді. Қазақстанда 125 этнос тұрып жатыр дейміз. Демек, олардың балаларының басым көпшілігі Қазақстан әскеріне барудан, Отанға қорған болудан қаша ма? Мұны жауапты органдар анықтап, мән бергені жөн. Өзім де депутат ретінде мұны назарда ұстаймын. Халық достығы дәріптелетін мереке, жиын-тойда ұлттық костюм киіп алып, «түріміз бөлек болғанымен, жүрегіміз бір, отауымыз бөлек болғанымен, Отанымыз бір» деп шаттанғанда алдымызға жан салмаймыз. Бәрі «урапатриотизм» болып қалмай, отаншылдығымыз ісімізден көрінуге тиіс.
Дүнген жастары негізгі тәрбиені мешітте алады. Егер әскерге барса, еліміздің өзге өңірінде болса, қоғамымызға кірігуі жеделдер ме еді.
«Дүнген жігіттері әскерге бармайды, ақша табумен, егін егумен, коммерциямен айналысады» деген ақпаратты кездесу үстінде Әбдібек Сейілханов ақсақал хабарлады, ол бұрын «Қаракемерде» әкім болған, сондықтан жергілікті жағдайды жақсы біледі.
Кейін осы деректің анық-қанығын анықтағанымда, Қорғаныс ведомствосы басқаша мәлімет ұсынды: 2019 жылы Жамбыл облысынан көктемде – 13, күзде 22 дүнген жігіті әскерге шақырылған. Осы облыста жалпы алғанда, дүнген ұлтының 58 201 өкілі тұрады. Бірақ әскерге шақыру науқанын ұйымдастырған азаматтармен тілдескенімде, олар әскери есепте тұрған дүнгендер әскерге бармаудың әртүрлі жолын пайдаланатынына шағымданды.
Мысалы, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңына сәйкес, әскери қызметке және әскери жиындарға шақырудан діни ұйымдарда оқитындар және тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады. Бұл кедергі кезінде әскерге жат ағындар қаптап еніп, қарулы жауынгерлер арасында қауіпті уағызын таратпауы үшін жасалғаны жасырын емес. Бұлар осы бапты да қолданатын болса керек. Осы мәселені көтергеннен кейін дүнген жігіттерінің негізсіз әскерден қашуына тосқауыл қою бойынша шаралар қабылданатын болды.
– Дүнген жұрты – мұсылман. Алайда сол ауылдағы кейбір мешіттерде уағызды қазақ тілінде жүргізбейді екен. Мүфтият аталған мәселені шеше ала ма?
– Дүнгендер өзіміздің Ислам дінінің Ханафи мазхабын ұстанады. Масаншыда – 12 мешіт, Сортөбеде 13 мешіт бар. Имамдардың барлығы ҚМДБ-ның бекітуімен, Бас мүфтидің бұйрығымен жұмыс істеуде. Аттестациядан өткен. Алайда имам сыртында жергілікті беделді ақсақалдардың бірі көбіне дүнген тілінде уағыз оқиды. Ол не айтып жатыр? Бізге қарсы үгіт жүргізіп жатпағанына кім кепіл? Дүнгендер тек Құранды ғана емес, қоғамды сыйлай білуі шарт. Масаншы мен Сортөбе мешіттерінде жұма уағызы көбіне дүнген тілінде, кейбір мешітте орыс тілінде өтетінін білдім. Бірақ Қордай ауданының бас имамы қазақ, аты – Дәурен Құттыбаев. Дереу еліміздің Бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлымен хабарластым. Ол облыстық имамды да Қордай ауданына жіберді. «Діни бағыттағы сала бақылауда болады. Жұмыс істейміз. Әр шараны қадағалап отырмын», – деді жаңа Бас мүфтиіміз.
– Үй өртеп, қиратқандар жергілікті жұрт емес, сырттан келгендер деген болжам айтылды. Бұл ақпарат расталды ма?
– Жалпы, қарасы 75 үй мен сауда нысанына нұқсан келтірілген. Оның 35-і өртеліпті. Біз барғанда бықсып жатты. Қатысушылар арасында көрші ауылдардың да, өзге өңірлердің де тұрғындары болған. Бір аңғарғаным, бір көшеде самсай орын тепкен ғимараттар жаппай өртелмеген. Кейбір баспана, соның ішінде еңселі сарайдың терезесі шағылғаны болмаса, өртке оранбаған. «Тек жергілікті қазақтарға тізесі батқандардың үйлері мен сауда орындарына ғана от тасталған» деген жорамал туындады. Бірақ оны қазақ жағы растамады, дүнгендер, әрине теріске шығарды. Қақтығыс салдарынан 10 адам қаза тапты. Оларды жерлеу рәсіміне қатыстық. Туыс-туғандарына қайғырып, көңіл айттық. Мысалы, жазықсыз құрбандардың бірі 25 жастағы Дархан Әбдірахым таксист болып жұмыс істеген. Қырғын төбелес болған күні жамандықтан хабары жоқ ол жолаушыны дүнген ауылына жеткізеді. Қазаққа ызаланған жергілікті тұрғындардың бірі оны көре сала тап беріп, атып тастаған. Көлігін өртеп жіберген. Д.Әбдірахымның артында үш баласы ұлардай шулап қалды. Өзі ата-анасының жалғыз баласы. Бүлік шыққан жерден өлік шығады. Ынтымақ ұйыған ел болсақ қана қазағымыздың санын көбейте аламыз.
Жауынгерлік – қазақтың қанында бар. «Қазақты жаппай сабап жатыр» деген хабар ел арасына жайылғанда біраз азамат байыз тауып отыра алмай, «ереуіл атқа ер салып» жедел аттанған. Ұлтжандылық – кез келген мемлекеттің ұстыны. Әйтпесе, жаны үшін сатылуға даяр тұратын адамдар қарасы басым елді дұшпан шаппай алар еді.
Бірақ жасыратыны жоқ, бұл қатарға кімді ұрса да, бәрібір санайтын, қажет болса, қазақ баласын да жазым етуге даяр бірлі-жарым қаны бұзылған адамдар кіріп кеткен. Ұлттық ұлан жауынгерлері тұрғындары төбелеске тартылған ауылдарды тыныштандыру үшін қоршай орналасқанда өзге өңірлерден ағылған көліктер бері өте алмай жиналып қалды. Арасында «дүнгендерді жазалауға» келгендер де болды. Біз олармен әңгімелесіп, арпалыс үстінде арашалауға келген жазықсыз адамдар да зардап шеккенін, мұсылман мұсылманның қанын жүктемеуі керегін, қазақтарға енді ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтып түсіндірдік. Ақылы бар азаматтар талаптарын қойып, жағдайдың бақылауда екенін байқап, кері қайтып жатты. Аралап келе жатып, бет-аузы қан-қан екі-үш жігітті кезіктірдім. «Бұларға кім күш қолданды?» деп ашынып, мән-жайын сұрасам, олар араққа тойып алып, бір-бірімен төбелесіпті. Іштей налып қалдым.
– Қан төгілді, үй қирады. Үй қалпына келер, жол жөнделер. Әкім ауысар. Алайда екі халық арасына сызат түсті. Оны жоюдың, өзге өңірде мұның алдын алудың жолы қандай?
– Біріншіден, қантөгіске үндеуді қою керек. Ол қазақшылыққа да, адамшылыққа да, мұсылманшылыққа да жат. Кейбір азаматтар бара-бара азшылық ұлыстарға қатысты геноцидке шақыра бастады. Бұл – қауіпті қадам. Кезінде сол жолға түскен Югославия ірі державалардың араласуымен тоз-тозы шықты, тәуелсіздігінен айырылды. Қанқұмарлықта тоқтауы жоқ ел жоқтау айтуға мәжбүр болады.
Сонымен бірге жалғыз дүнген ғана емес, басқа барлық этностар мемлекет құраушы қазақ халқымен бірге бір ұлт болып ұйысуы керек. Әйтпесе, әрқайсысы әр жаққа тартып, жерімізді ту-талақай етуі ықтимал. Ендеше осы бағытта пәрменді шаралар қабылданып, шетелдік озық тәжірибе қолданылуы қажет.
Екіншіден, жергілікті жерде жол, аурухана, мектеп және басқасына қатысты жылдар бойы қордаланған, халықтың ашу-ызасын өршітетін, билікке деген сенімге селкеу түсіретін әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешімін табуы қажет. Үкіметтік комиссия түйткілді проблемаларын анықтады. Енді нақты істер қолға алынуы тиіс.
Үшіншіден, Қордай ауданында адамдардың қаруланып алуы мәселесіне кезіктік. Неге қазақтардан тәркіленген қару олардан тәркіленбейді? Қаруды заңды алған ба, әлде заңсыз жолмен иеленген бе? Мысалы, Қытайда қарапайым тұрғындарға қарудың кез келген түрін, тіпті травматикалық қаруды алуға үзілді-кесілді тыйым салынған. Оны аз десеңіз, қарапайым асхана пышағы да кім көрінгенге сатылмайды, сатып алса, пышаққа оның иесінің аты жазылады. Көрші алпауыт ел адам өлтіру қылмысымен осылай қатал күресуде.
Қазақстан мұндай шетін қадамға бара қоймас. Әсіресе, этностар шоғырлана тұратын елді мекендерді нақты қарусыздандыру шаралары жүзеге асырылғаны жөн. Бұл тек Жамбыл облысына ғана қатысты емес, солтүстік өңірлерге де жіті назар аударған маңызды. «Қазақтар басып кірсе, қорғанамын» деп өзгелер де жасырын қаруланып жатпағанына кім кепіл? Мысалы, аңшымын дейтіндерге ірі жануарды алыстан сұлата алар қуатты қаруға қол жеткізуіне рұқсат. Бейбітшілігімізді сақтау, лаңкестік шабуылдардан қорғану үшін құқық қорғау органдары тегеурінді іс-қимыл жүргізгені, қару айналымына бақылауды күшейткені абзал. Ал «қаруыңды өз еркіңмен тапсырсаң, ақша аласың» дейтін науқанмен шектелу әбестік. Құқық қорғау органдарының қауқарсыздық танытуы, олардың арасын жемқорлық жайлауы мәселесі де шара қабылдауды талап етеді.
Төртіншіден, Қордайдағы төбелес қоғамымызда тағат-толеранттылықтың тоқырағанын паш етті. Этно-мәдени орталықтар ән айтып, би билеумен шектелмеуі керек, олар әртүрлі этнос бойында қиын-қыстау шақта құшағын ашып, пана берген мемлекет құрушы қазақтарға алғыс сезімін тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарымызға құрметпен қарауды үйретуге күш салуы тиіс. Олар мемлекеттік тілді өз еркімен меңгеріп, күнделікті өмірінде жаппай қолдана білуі керек. Басқасына – дініне, діліне, ұлттық киім-костюміне тиісіп отырған жоқ, өз тілінде қатар сөйлеуіне де қарсы емеспіз. Алайда мемлекеттік тілді білмесе, білгісі келмесе, ол этностар қалай мемлекетімізге кірігеді? Үй ішінен үй тігуі, жабық қауым құруы – тәуелсіздігімізге қауіп. Бұл тарапта жұмыстың түрен түспеген үлкен өрісі жатыр.
Бесіншіден, әрине қазақ халқының өкілдері де тарылмай, кеңпейілдігін, мейірбандығын сақтағаны абзал. Қазақ соның арқасында өткен ғасырларда Сібір хандығы, ноғай жұрты, моңғол, қытай және басқа да елдердің ұлыс-тайпаларын құрамына қосып, тастай батырды, судай сіңірді. Олар қазір – қазақтың бір-бір руы! Кеңес тұсында өзіміз де ұлт ретінде жойылып кете жаздап, осы ұлы қасиетімізден айырылуға шақ қалдық. Егер сол дарынымызды қайта түлетсек, ұлт пен ұлысты ұйыстырған, бір тілде ұғыстырған, бір ортада сыйыстырған, біріне-бірін туыс қылған айбынды елге айнала аламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН