«Еңбекшіқазақ ауданында жергілікті жұрттың жанайқайына құлақ аспайтын өндіріс орындары жетіп жатыр. Өзендерден қиыршақ тас алу да бейберекет жүргізіледі. Соның кесірінен өзен арнасы ауысып, жұртты әуреге салады. Ал кірпіш зауыттарына келер болсақ, бұлар біздің бас ауруымызға айналғалы біраз жыл өтті. Шыдам таусылған соң көшеге де шықтық. Ауыл, аудан басшылығы мен құзырлы органдардан келгендер уәдені үйіп-төгеді де кетеді. Бұл жолы да «барлығы реттеледі, кірпіш зауыттары жабылады» деп отыр ғой. Оны да уақытында көрерміз. Тұрғындардың арасында бұрын кездеспейтін сырқаттың түрлері көбейді. Кәсіпкерлер өзім білемге салынады да, пайдасын көріп, жердің ту-талақайын шығарып кетеді. Оның зардабын жергілікті жұрт көреді», – дейді жергілікті тұрғын Бақыт Тоқанұлы.Тұрғындардың айтуынша, кірпіш зауыттары ауылдың іргесіне жетіп қалған. Енді зираттың маңын да қаза бастаған көрінеді. Ауыл аумағындағы сарытопрықты қыраттарға қызыққан кәсіпкерлерге тоқтам салар жан табылмапты. Жоғарыда жазғанымыздай, соңғы бес-алты жылда құзырлы органдарға шағымданудан шаршаған халық шыдамның да шегі барын ашық мәлімдеді. Былтыр күзде ауыл әкімін айтпағанда, аудан басшылығы да келіп, заңсыз жұмысты тоқтату туралы ескерткен. Экологтар да пәрменсіз. Қазіргі кезде облыстық әкімдікке тұрғындардан түскен арызға қатысты жүргізілген тексерулер кезінде біраз заңбұзушылықтардың беті ашылыпты. Сотқа материалдар дайындалып жатқан көрінеді.
– Қайназар ауылының тұрғындарынан түскен арызда айтылғандар негізінде облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тексеру жүргізді. Нәтижесінде, халықтың сынына іліккен кірпіш зауытының жұмысында өрескел заңсыздықтар анықталды. Ендігі мәселе сот арқылы шешіледі. Барлығы заң аясында реттеліп, жөнсіз жұмыс жүргізіп, қоршаған ортаны ластап, адамдар денсаулығына қауіп төндіріп отырған кәсіпорындар тоқтатылып, келтірілген зиянды қалпына келтуріге қатысты шаралар қабылданады. Бұған дейін зират жанындағы карьерді арнаулы мақсатынан тыс пайдаланып, кірпіш зауытын салып алған кәсіпкердің заңсыздығы дәлелденіп, өндірістік нысанды бұзу туралы шыққан сот шешімі бар. Енді жұмыс істеп тұрғандарға қатысты тексерулер аяқталып, құжаттар түгенделгеннен кейін, сот сондай шешім шығарса, қалған кәсіп орындардың барлығы сүріледі, – дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы