Марат Бәшімов: Мемлекет меншігіне қайтарылған жерді ел игілігіне пайдалануы тиіс
Марат Бәшімов: Мемлекет меншігіне қайтарылған жерді ел игілігіне пайдалануы тиіс
7,570
оқылды
Бір айдан астам уақыт бұрын «AMANAT»  партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылған болатын. Оның негізгі мақсаты – пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Бүгінге дейін осы бағытта біршама іс атқарылды. Осы ретте «Жер аманаты» комиссиясы мүшесі Марат Бәшімов маңызды мәселелерді айтты.

Жергілікті жерлерде де латифун­дистер көп

Марат Башимовтың айтуынша, Қазақстан әлемде жайылым аумағы жа­ғынан 5-орында болғанымен, ауылдағы жұрт мал жаятын жайылымнан таршылық көріп отыр. Елімізде табиғи мал азығы жер­лері­нің жалпы көлемі 189 млн гектардан астам немесе барлық жер қорының 70 пайы­зын құрайды. Осы жердің 184 млн гектары – жайылымдық, ал 5 млн гектары – шабын­дық жер телімдері.
«Біз әдетте ірі жер иеленушілер үлкен қа­лаларда көп деп ойлап қаламыз. Алайда ста­тис­тика жергілікті жерлерде де латифун­дистердің көп екенін көрсетіп берді. Олар жайылым жерлерді баяғыда-ақ өзара бө­ліске салып алған. Сондай-ақ кезінде ауыл­шаруашылық алқаптарының мөлшеріне шектеудің болмауы да латифундистердің пайда болуына себеп болды. Осылайша, жер көп, бірақ жайылым жоқ. Бұрынғы Үкіметтен бәйге алғандар бар, одан жекешелендіру ке­зіндегі асығыстықты пайдаланып көп жерді өз атына жаздырып алғандар да бар. Былай қарасаң, бос жатқан жерлер. Халық та ол жерді мемлекеттің меншігі деп ойлап, қан­нен-қаперсіз малын жайып жүре берді. Сөйт­се, жайылым жерлер баз біреулердің меншігі болып шықты. Үйге тығылған мал бақшаға жайы­лып, ауыл тұрғындары мал бағуды ұмы­та бастады», деп нақтылады Бәшімов.
Шынымен, жайылым жердің жоқтығы мал шаруашылығымен күнелтіп отырған ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігі мен хал-ахуа­лына тікелей әсер етеді. Башимов мал бағатын жайлы жердің болмауы ауыл жастарының қалаға ағылуына да әсер етеді деп санайды. Сондықтан да комиссия мүшелері жерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны кәсіп қылуға ниетті жастарға беріп, олардың аяққа тұруына көмектесіп, елдегі ауыл шаруашылығын дамытсақ дейді.

Жер мен табиғи ресурстардың иесі – халық

Бүгінде «Жер аманаты» комиссиясы жер мәселесінің айналасында шоғырланған мәселелерді оңынан шешу жолында тынбай еңбек етіп жатыр. Осыған дейін мемлекет меншігіне бірнеше млрд гектар жер қайтарылды. Жер комиссиясы мұндай ауқымды жұмысты республиканың барлық өңірі бойынша жүргізіп жатыр. Атқарылған жұмысты көріп, білген халық та дән риза. Себебі тіршілігі төрт түлікке байланған ауыл халқы үшін бұл мәселе қашан да өзекті. Осы орайда Марат Бәшімов   комиссия мүшелерінің өте ауқымды әрі күрделі жұмыс жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.
«Қазір депу­таттар өңірлерді аралап, халықтың жағдайын саралай жүріп, жаңа заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетіні анық. Жер қатынастары саласындағы заң­сыз­дықтар, бармақ басты, көз қысты жа­сал­ған келісімшарттарды да тексеретін уақыт жетті. Пайдаланылмаған жерлерді мемлекет мен­шігіне қайтару – өте дұрыс шешім. Өйткені жер мен табиғи ресурстардың иесі – халық. Мемлекет басшысы «Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық» деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор екенін айтты. «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқы­лы», – деді Президент. Ата Заң жердің және ресурстардың иесі халық дегенді нақтылап берді. Бүгінде комиссия жұмы­сының біршама нәтижесін көрдік. Алдағы уақытта мемлекет меншігіне қайтарылатын жер көлемінің мөлшері арта береді», деді «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі.

Қайтарылған жерді ел игілігіне пайдалануы тиіс

«Жер аманаты» өз жұмысын бастағалы халық арасында «қайтарылған жерге кім иелік етеді?» деген сұрақтар туындай бастады. Әрине, мұндай сұрақтың пайда болуы орынды. Себебі азаматтар елде жүзеге асып жатқан әрбір шараның игілігін көріп, оның қалай жүзеге асып жатқанын бақылап отыруға құқылы. Марат Советұлы қайтарылған жерлер заңды түрде әрі теңдей мөлшерде сол ауылдың үлесіне берілетінін жеткізді. Өйткені бұл жобаның басты мақсаты – қайтарылған жерді ел игілігіне ай­налдыру.
«Қайтарылған жерлерге орта және шағын бизнесі бар кәсіпкерлер иелік етсе де жақсы болады. Заңсыз берілген жерлерді қайтарғаннан кейін оны пайдалануға алғандар да жерді қажетіне жаратса деймін. Алдағы уақытта жер иеленушілердің құ­жат­тары, келісімшарттары тексеріледі. Әкім­дерге де тықыр таянды. Өйткені қызметтік міндетін атқару кезінде атына жер сатып алған немесе заңсыз иемденген әкімдер де бол­­ды. Кезінде Мемлекет басшысы да өз Жол­дауында «Әкімдер түрлі себептерді сыл­таура­тып, ық­палды адамдардың ығына жығылып, бұл мә­селені шеше алмай отыр» деген бола­тын. Бүгін­де халық әділетті қоғам құруға тал­пынып, заңсыздықтарды ашық айта бас­тады. Заңды өзгертпей, жерді қайтару қиын», –  деп түсіндірді Марат Бәшімов.
Сондай-ақ ол жер халықтікі деп нақтыланғаннан кейін латифундистер де келісімшарттарын түген­деп, жердің заңды иесі өзі екенін дәлелдеуге тырысып жатқанын айтты. Бұдан бөлек, Бәшімов үлкен қалаларда да жердің жөнсіз пайдаланылып жатқанына тоқталды.
«Елордамыз сияқты үлкен қалаларда жер көп бол­са да үйлерді қаланың ортасына салып жа­тыр. Сол қорап-қорап үйлердің арасына бірде-бір мектеп салмайды. Жерді дұрыс пай­да­ланып, шет жаққа да құрылыс жұмыс­тарын жүргізу керек қой. Мысалы, Есіл ауда­нында 2 мектеп және 1 емхана (№9 емхана) ғана бар. Сол жағалаудың халқы күн санап ар­тып келе жатқанын ескерсек, жаңа мектеп, емхана да қажет екені сөзсіз. Бұл да жер мә­селесіне қатысты болғандықтан, ерекше атап өткім келіп отыр», деді ол.
Жалпы айтқанда «Жер аманатының» жұмысы белсенді түрде жүріп жатыр. Оны комиссия мүшелерінің әлеуметтік желідегі есеп жазбалары мен күнделікті ақпарат көздеріне шығып жатқан жағымды жаңалықтардан-ақ байқауға болады. Комиссия мүшелері аймақтарды аралап, халықпен кездесіп, жер мәселесінің түйткілдерін шешу бағытында тынбай жұмыс жүргізіп жатыр. Кейінгі бірнеше ай ішінде комиссия мүшелері Жетісу, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарында болды. Жер комиссиясының құрамына Парламент Мәжілісіндегі  «AMANAT» депутаттары Айдос Сарым, Ерлан Саиров, Жанарбек Әшімжан, Қайнар Абасов, Артур Платонов, тәуелсіз сарапшылар мен қоғам қайраткерлері Бақытжан Базарбек, Марат Бәшімов, Кирилл Павлов, Марат Шибұтов, Мақсат Толықбай және басқалар кіреді. Еске сала кетсек, қазақстандықтар жер мәселелеріне қатысты заң бұзушылықтар жайлы «AMANAT» партиясының 8 800 080 44 41 жедел желі телефоны бойынша хабарлай алады. Соынмен қатар +7 700 800 44 41 WhatsApp нөміріне өтініш қалдыруға болады.