Еріктілік – береке-бірлік бастауы
Еріктілік – береке-бірлік бастауы
456
оқылды
«Волонтер болса, балаң төрде». Еріктілер жылының ашылуында айтылған осы әзіл шындыққа ай­налуы ықтимал. Өйткені ақы сұрамай-ақ ерен еңбек ететін аза­маттарға мемлекет қуатты қолдау көрсетуге, ондай тұлғаларды қо­ғамға үлгі етіп, ілгерілетуге ниетті. «Birgemiz» волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Жер бетінде 1 миллиардқа жуық адам волонтерлікпен айналысады екен. Ал біздегі белсенділері небәрі 16 мың адам. Мұны азсынған ел Президенті осы көрсеткішті 100 мың­ға дейін жеткізу міндетін қойды. – Биылғы Волонтер жылында көптеген ауқымды жоба қолға алынады. Осы арнайы кеңседе өте маңызды бас­тамалар жүзеге асады деп сенемін. Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – хал­қымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын со­зып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қа­сиет. Халқымызда осын­дай береке-бір­лік­ке шақы­ра­тын асар дәстүрі бар. Бұл – ға­­сыр­лар бойы құндылығын жой­­маған ата салтымыз, – деді Қ.Тоқаев. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету. – Тарихтан мәлім, кезінде Қа­зақстанға көптеген ұлт өкілдері жер аударылды. Сол қиын-қыс­тау уақытта халқымыз олар­ды бауы­рына басып, бір үзім нанын бөлісті. Шынайы жанашырлық көрсету – қазақ халқына тән қасиет. Міне, нағыз волонтер болу­дың озық үл­гісі деп осыны айтуымыз керек. Дүниежүзінде бұл үрдіс кең таралып, әлемдік қозғалысқа айналды. Оның жа­һандық дамуға тигізер үлесі зор. Әлемдік ЖІӨ 2,5 пайызы – еріктілер еңбегінің нәтижесі. Көптеген елде ерікті болу қалыпты жағдай, үлкен құрмет са­на­лады. Жұртшылық оларды сыйлайды, – деді Мемлекет басшысы. Ол шетелдік тәжірибені үлгі етті. Мысалы, Франция халқының жартысына жуығы волонтер атан­ған. Германия мен Жапонияда ерік­тілердің саны жылдан-жылға кө­бейіп келеді. – Біз де осындай деңгейге ұм­тылуы­мыз керек. Азаматтарымыз өзгеге кө­мек көрсетуден аянып қал­­мауы қажет. Сол арқылы қоғам­да әлеуметтік жауап­кер­шілікті арт­тырамыз. Волонтерлік – па­трио­тизм­нің бір көрінісі. Еріктілер ең алдымен елдің игілігіне қызмет ете­ді. Олардың жұмысы азаматтық қо­ғамды одан әрі дамытуға мүм­кін­дік береді. Волонтерлік дегеніміз – бір жеңнен қол, бір жағадан бас шы­ғарып әрекет ету. Еріктілік – халқы­мыздың шынайы болмысы. Бұл бас­тама ұлтты ұйыстырып, мем­лекет­тілікті нығайту үшін қа­жет. Ұлы Абай­дың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұла­ғатты сөзі осындай игі істерге үндейді, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы қатары аз бо­лып отыр­ған бұл қозғалыс енді кеңі­нен дәріп­телетінін нықтады. Сонымен бірге билік өз еркімен қақтығысқа қатысатын қазақстандықтарды волонтер деп танымайды. – Өзгелердің үйіне басып кіріп, мүлкін тонап, олардың өміріне қа­­уіп төндірген, псевдоұлтшыл ұран­­дарды айғайлайтын азаматтар ешқашан халқымыздың патриоты бола алмайды. Мұндай адамдар – заңды өрескел бұзған қылмыс­кер­лер, криминалды элементтер. Олар заң алдында жауап беруі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  width= Бейбіт күнде әскери қоймадағы мина-снарядтардың астында қал­ған Арыс қаласына жұртшы­лық­тың көмегі еріктілер қызметінің үздік үлгісі ретінде аталды. – Бүгінде ел азаматтары мұқ­таж жандарға қол ұшын беруге әрдайым дайын екенін көрсетіп келеді. Арыс оқиғасы – соның айқын дәлелі. Төтенше жағдай кезінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған волонтерлер зардап шеккендерге көмектесті. Қаланы қалпына келтіруге белсене атсалысты. Халқымыз өзгенің ба­сы­на түскен жағдайға ешқашан бей­жай қарамаған. Бұған күнде­лікті өмірден көптеген мысал келтіруге болады, – деді Президент. Атап айтқанда, 1,5 мыңдай ерік­тісі бар Lider.kz төтенше жағ­дайда көмек көрсету үшін құрыл­ған. Оның мүшелері жоғалған аза­маттарды іздестіруге атсалы­суда. Best for kids қоғамдық қоры он жылдан бері балалар үйіндегі жасөспірімдерге қолдау көрсетіп келеді. – Волонтерлер адамдардың жұмысқа орналасуына, әлеуметке кірігуіне, балаларды мектепке дайындауға көмектеседі. Жануар­ларды қорғау жұмысы да мақтауға лайық. Бұл – өте маңызды жұмыс. Жақында белгілі киноактриса Брид­жит Бардодан хат алдым, ол иттерді және басқа жануарларды қорғауда көмек сұрайды. Менің ойымша, бұл – дұрыс үндеу. Оған көңіл бөліп, өзімізді мейірбан ұлт ретінде көрсетуге тиіспіз. Тек адам­дарды ғана емес, жануар­ларды қорғауға да мән беруіміз қажет, – деп баса айтты Қ.Тоқаев. Елімізде 200-ден астам ерікті ұйымы әрекет етеді. Оларда 50 мың­дай ерікті тіркелген. Мемлекет басшысы Волонтер жылына орай Үкімет алдына бір­неше міндет қойды. Біріншіден, қазақстандықтар жаһандық және өңірлік мәселелерді шешуді мақсат ететін халықаралық еріктілер бастамасына белсенді тартылмақ. 116 елден 20 миллионнан аса адамды біріктіретін World Clean up Day экологиялық науқанына, БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC ерікті­лер бағдарламасына және бас­қасына қатысу әртүрлі мемлекет­тердің тәжірибесімен танысуға және елге үздік волонтерлік тәжі­рибені енгізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, еріктілерге жан-жақты қолдау көрсетіледі, оларға арнайы жеңілдіктер ұсынылады. Мысалы, енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі болып есептеледі. Сондай-ақ волонтер студенттерге қосымша стипендия беріледі немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат етіледі. Осы салада жұмыс істейтін ҮЕҰ-ларға қаржылай көмек бе­ріледі. Әлеуметтік жобаларды жү­зеге асыруға 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде. Әкімдерге де жергілікті бюд­жет­тен қосымша гранттар бөлу жүктелді.  width= Ерекшеленген волонтер мем­лекеттік наградаларға ұсынылады. Үшіншіден, қозғалыстың бел­сен­ді дамуына қолайлы жағдай жа­салады. Бұл ретте барлық өңірде Еріктілер бағдарламалары мен жобаларын үйлестіру және мони­торингтеу жөніндегі кеңсе ашыл­ды. Кез келген адам соған жүгініп, өз идеясын, нақты жобасын ұсына алады. ЖОО, колледждер мен мектеп­терде волонтерлер бірлестігі құ­рылады. Төртіншіден, корпоративтік волонтерліктің өркендеуіне сал­мақ­ты серпін беріледі, барлық жо­балар мемлекеттің және биз­нестің тығыз әрекеттесуі арқылы іске асырылады. Мемлекет басшысы шенеу­нік­терге, ұлттық компаниялар мен ком­муналдық кәсіпорын қызмет­керлеріне осы бағытта үлгі көрсе­туді тапсырды. Олар апта сайын бірнеше сағат бойы әртүрлі салада қоғамға тегін көмек көрсетуі шарт. Бесіншіден, еріктілер еліміздің рухани әлеуетін арттыруға үлес қосуы керек. Мәдениетімізді да­мыт­пай, өсіп-өркендеу мүмкін емес. Мәдениет және өнер сала­сын­дағы жас таланттар арқасында Қазақстан күллі әлемге танылады. Үкіметке осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізу міндеті қойылды. Яғни, ойы ұшқыр, дарынды аза­маттарды барынша қолдау қажет. Сонда мәдениетімізді жаңа белеске көтерер буын қалыптасады. Мемлекет басшысы тапсыр­масымен Мәдениет және шығар­машылық бастамаларды қолдау қоры құрылатын болды. Қор шы­ғармашылық одақтар мен перспек­тивалы жобаларға қаржылық және басқа да көмек көрсетеді. Еріктілер онда музей, кітапхана және өнер мекемелерінде өз жобаларын жү­зеге асыра алады. Осы шаралар еліміздің шығармашылық әлеуе­тін нығайтуға мол мүмкіндік бе­руі тиіс. – Волонтерлік халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дә­ріптеуіміз қажет. Еріктілердің бо­йындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыс­тан тыс қалмайды деп сенемін. Бұл – өркениетті елдің және зор жауапкершіліктің белгісі. Волон­­тер болу – жүректің ісі, яғни, шы­на­­йы ниеттің көрінісі. Сендер қол­­ға алған жұмыстың барлығы дәл осындай мейірімділіктің жар­қын үлгісі боларына күмәнім жоқ, – деп түйді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегінше, «Бірге–Таза Қазақстан» экологиялық нау­қанына 300 мың адам қатысқан. Министр Дәурен Абаев осы жылы аталған шара жалғасатынын және оған 1 млн қазақстандық тарты­ла­тынын мәлім етті. Ол World Clean up Day дүниежүзілік науқанына Қазақстан биыл қосылатынын жеткізді. – Бірақ еріктілер қозғалысы жүйелі сипат алған жоқ. Қазіргі кезде Қазақстан халқының небәрі 6 пайызы ғана – белсенді волонтер. Бірақ қуантарлық сан да бар: азаматтарымыздың 48 пайызы бұл қызметке қатысуға дайын. Демек, үлкен әлеует бар, – деді Д.Абаев.   Айхан ШӘРІП