Құлдық қамытын кімдер киеді?
Адамзаттың басты проблемасы болып отырған адам саудасы есірткі мен қару-жарақ сатушылардың қатарында айтылады. Заңсыз миллиардтаған долларды айналымда ұстайтын бұл қылмыстық топтар қалайда болсын ақша табу үшін түрлі қитұрқылыққа барады. Олар адамның жасына, азаматтығы мен біліміне қарамайды. Кез келген адам осындай қылмыстан жапа шегуі мүмкін. Адам саудасымен айналысатындардың құрбандары – негізінен өзі мен отбасының жағдайын жақсарту мақсатымен жұмыс іздеушілер. Міне, осы азаматтар ақыр соңында қиын жағдайға душар болып, трафик нысанына айналады. Адамның құқығын таптап, өмірін тозаққа айналдырушылар әлі күнге дейін арамызда бар екені рас. Мысалы, мамандар адам саудасын 9 топқа бөледі. Олар: жыныстық қанау мақсатында жасалатын әйелдер мен балалар саудасы, еңбекте қанау, сурогаттық ана болуға мәжбүрлеу үшін жас әйелдерді, қыздарды сату, мәжбүрлі қайыршылыққа тарту, қарулы қақтығыстарға пайдалану, дене мүшелері мен тіндерді трансплантациялау, заңсыз бала асырау арқылы кәмелетке толмағандарды сату, бала туу мүмкіндігін қанау, жұмыс пен қызмет жасауға мәжбүрлеу мақсатымен некеге тұру, оның ішінде «пошта арқылы қалыңдық іздеу» жүйесін ұйымдастыру және неке агенттіктерін пайдалану арқылы адам саудасын жүзеге асыру. Қазақстан азаматтары шетелде адам саудасымен айналысатындардың тұзағына түскен жағдайлар да көп кездеседі. Оларды Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия мен Парсы шығанағы елдерінде мәжбүрлеп жұмысқа салған.Әлемдегі тегін жұмыс күші
Халықаралық Walk Free Foundation қорының мәліметінше, бүкіл әлемді дүрліктіріп отырған адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтардың құлдық тұзағына жылына 40 миллионға жуық адам ілінеді екен. Адам саудасынан түсетін жылдық заңсыз табыс 150 миллиард доллардан асады. Бұл заңсыздық әр елдің бас ауруы десек артық болмас. Өйткені көздерін шел басқан, адам өмірін ақша үшін қия салатын, өз қарақан басын ғана ойлайтын қылмыстық топтар тұрғанда, бұл мәселе ешқашан күн тәртібінен түспесі анық. Мысалы, 2017 жылы CNN телеарнасының бейнематериалынан кейін Ливияда жанжал шыққан болатын. Онда заңсыз мигранттарды құл ретінде сататын жергілікті базар жайлы айтылды. Адам кейпіндегі айуандар шімірікпестен әр адамды 400 доллардан бастап тауар ретінде саудалаған болып шықты. Жаға ұстатар жағдайды естіген БҰҰ-ның өкілдері шұғыл әрі жіті тергеу жүргізуді талап етті. Ливияның ішкі істер министрі Ареф әл-Ходжа: «Арнайы құрылған тергеу комитеті мәселенің анық-қанығына жетуі тиіс. Егер құл саудасы жайлы ақпарат расталса, мамандар кінәлілерді тауып, олардың жауапкершілікке тартылуын қадағалауы шарт» деп ақталды. Мұндай жағдайлар әсіресе Солтүстік Кореяда асқынып тұр. 25 миллионнан астам тұрғыны бар елде 2,64 миллион адам еркінен тыс жұмыс істеуде. Бұл елден кейінгі адамдарды құл ретінде жегуші мемлекеттер қатарындағы Эритреяда әр мың адамға шаққанда 93, Бурундиде – 40, Ауғанстанда – 23, Мавританияда – 21,43, Оңтүстік Суданда – 21,43, Пәкістанда – 16,82, Камбоджада 16,81, Иранда 16,24 азамат құл болып жүр. Айта кету керек, еріксіз, біреуге тәуелді болып, басқаның қалтасын қампайтып жүрген қазіргі заманның құлдарының 71 пайызы – әйелдер. Әлемдік мамандар АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Белгия, Хорватия, Испания, Португалия сияқты мемлекеттер бұл мәселені шешу үшін тырысып жатқанын айтады. Дегенмен ашкөздер заңға қарамай, өз дегендерін істеуде. Мәліметтерге сенсек, Ресейде 794 мың адам құл ретінде тіркелген. Яғни бұл – 1 000 тұрғынға 5,5 адамнан келеді деген сөз.1 500 адам саудасы тіркелген
Қазақстанда 2004 жылдан бастап 1 500 адам саудасы тіркелген. Бірақ бұл сан нақты емес. Өйткені құлдықтың қамытын шешіп, қашып шыққандардың көбісі құқық қорғау орындарына барып шағымданудан қашады. Олар құлиеленушілер немесе соларды тегін жұмыс күшімен қамтамасыз етіп отырғандар қатарында пагон таққандар бар екендігіне сенімді. Елімізде 2006 жылы Қылмыстық кодексте «Адам саудасы» деген жаңа бап пайда болды. Конституциямызда «Адам саудасымен айналысу аса ауыр қылмыс» деп жазылған. Заң актілеріне сәйкес қазақстандық сот адам саудасымен айналысқандарды 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Осы заң аясында бірнеше адам сотталды. Бірақ тегін жұмыс күшін пайдаланып, қаражатын көбейтетіндер арамызда әлі де бар. Мысалы, 2017 жылы Шығыс Қазақстан облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты іс қарады. Сот шешімімен адамды малдан төмен көрген Ұлан ауданындағы Ұзын-Бұлақ ауылындағы жеке шаруа қожалығының иесі он жылға бас бостандығынан айырылып, темір тордың арғы жағынан бірақ шықты. Оқиға былай өрбіген. Қожалық иесі жолда кездескен адамды үйіне алып келген. Яғни оған «Айлық төлеймін, баспанаң болады, тамақтан тарықпайсың» деген. Бірақ оны итше жұмсап, әр қателігі үшін қатаң жазалап, тепкінің астына алып отырған. Ақыр аяғы Константин Лихарев аяусыз соққының салдарынан көкірек қуысы зақымданып, 7 қабырғасы сынған. Өскемен қаласындағы №1 ауруханаға жеткізілген жәбірленуші 3 күн өткен соң дене жарақаттары асқынып кетіп, бас көтерместен көз жұмады. Бұл адамды құлдай жұмсаушылар жайындағы бір ғана мысал. Елімізде жұмысшыларды құрылыста, ауыл шаруашылығы қожалықтарында құл ретінде пайдалану мен қыздарды еркінен тыс жезөкшелікке итермелеу жайттары да көп айтылып, жазылуда. Жақында Алматы қалалық полиция департаментіне 1994 жылы туған алматылық бойжеткен өзін біреулердің ұрлап әкетіп, жезөкшелік жолға түсірмек болғанын айтып шағымданған. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер аталған қылмысқа қатысы бар Алматы қаласының екі тұрғынын ұстады. «Күдіктілердің бірі бойжеткеннің танысы болып шықты. Ол 1996 жылы туған А. есімді азамат. Ол 2020 жылы 8 қаңтар күні таңғы сағат 7-лер шамасында алдап жалдамалы пәтерге апарған. Ол жерден жәбірленушіні күдіктінің сыбайласы 1972 жылы туған Б. атты азамат қызды Усачева көшесіндегі жеке үйге мәжбүрлеп алып кеткен. Олар сол үйде бойжеткенді ұрып-соғып, мәжбүрлеп ұстаған», – дейді Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі берген мәліметінде. Сондай-ақ осы қылмысқа қатысы бар деген күдікке тағы екі бойжеткен ілікті. Иә, бұл әңгіме етпек болған адам саудасы жайлы мағлұматтардың бір парасы ғана.ТҮЙІН
Бүгінгі таңда да әр жерден «құқығымды таптады», «адал еңбекақымды бермеді», «құлдықта ұстады» дегендер азаяр емес. АҚШ мемлекеттік департаментінің әлем елдеріндегі адам саудасы туралы жариялаған 2017 жылғы есебінде: «Қазақстан Үкіметі адам саудасын жоюдың ең төменгі стандарттарына да сай келмегенімен, соған тырысып жатыр. Үкімет адам саудасымен айналысқандарды қудалап, соттауға және адам саудасы құрбандарын қорғауға кәдімгідей күш салып жатыр», – делінген. Иә, тырысып жатырмыз. Нәтижесі болса. Ел аман, жұрт тынышта басқаның еңбегін қанау, құлдықта ұстау – қоғам дерті. Ол – қылмыс. Олай болса, ешбір адам өмірге «құл болам» деп келмейтінін есте ұстаған абзал.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ