Алматы қаласындағы №1 Балалар үйі биыл тамыз айында жұмысын тоқтатады. Бұл хабарды естігенде бірден «Балалар үйінің жабылуына не себеп? Ондағы балалар қайда кетпек?» деген ой келетіні рас. Туғаннан тағдырынан теперіш көрген балалар далада қалмайды. Олар «SOS Алматы балалар үйі» мемлекеттік емес білім беру мекемесіне орналастырылмақ. Бұл – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге бағытталған ұйым. Мұндай шешімге кейінгі жылдары Балалар үйінде тәрбиеленушілердің азаюы басты себеп болып отыр. Былтыр Алматы қалалық әкімдігі, «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры», «Халық» қайырымдылық қоры, SOS Алматы балалар қалашығы мен №1 Балалар үйі арасында ынтымақтастық келісімшарт жасалған. Осы меморандум аясында №1 Балалар үйінің тәрбиеленушілерін «SOS Алматы балалар қалашығы» мемлекеттік емес білім беру мекемесіне көшіру жайында әңгіме болған. Балалар қалашығында отбасы үлгісіндегі тәрбиеге көбірек көңіл бөлінеді. Тамыз айында балалар қалашығына барлығы 38 тәрбиеленуші ауыстырылмақ. Мемлекеттік Балалар үйі жабылып, босаған ғимарат мемлекеттік балабақша ретінде қайта құрылады.
Фостерлік отбасылардың тиімділігі
Статистика бойынша, елімізде Балалар үйінде тәрбиеленушілер қатары жылдан-жылға азайып келеді. Бұл сөзімізді бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин да мақұлдайды. Тіпті, ол уақыт өте келе Балалар үйін жауып тастау керек екенін айтып жүр. Сонда жетім, асыраушысынан айырылған балалар қайда барады? Бұл сұраққа Аружан ханымның айтар уәжі мынадай: «Бүгінде елімізде 109 Балалар үйі мен интернат бар. Онда шамамен 4 600 бала қалды. Бұл көп емес. Негізі, Балалар үйлерін толығымен жауып тастауға болады. Ол үшін мемлекеттік мекемелерді кәсіби фостерлік отбасылармен алмастыру қажет. Бүгінде әлемнің көптеген елінде мәселені осылай шешіп жатыр. Олар барлық интернатты жауып тастады. Ата-анасыз қалған балалар интернатқа емес, кәсіби отбасы қамқорлығында болады. Мұндай отбасылар мемлекетке жұмыс істейді».
Аружан Саинның айтуынша, олар әр баламен жеке-дара жұмыс істейді. Ата-анасынан айырылып қалып, өмірде ауыр жағдайды басынан өткізіп жатқан баланы өз қамқорлығына алады. Бала мұндай отбасында өз ата-анасы басына түскен қиыншылықтан құтылғанша немесе жаңа асырап алушы отбасы табылғанша тұрады. Әрине, әр балаға жеке-дара қамқорлық қажет. Сонда олар өздерінің керек екенін, қоғамда орны бар екенін сезінеді. Фостерлік отбасылардың тиімділігі сонда. Бала үнемі отбасының назарында және қамқорлығында болады. Аружан Саин елімізге шамамен 350-500 фостерлік отбасы қажет екенін айтады. Бұл жыл сайын ата-анасының асырауынсыз қалатын 1 500 баланы орналастыруға жетеді. Ол үшін әрбір фостерлік отбасы 3-5 баладан алуы керек. Сонда келешекте интернат мәселесі де өз-өзінен шешіледі.
Мәлімет банкі көп мәселені шешті
Мамандардың айтуынша, елімізде Балалар үйінде тәрбиеленушілер қатарының азаюына республикалық жетім балалардың мәлімет банкінің құрылуы да үлкен рөл ойнап отыр. Осы порталдың ашылуына байланысты қазақстандықтар бюрократиялық кедергілерге тап болмай, өте қысқа мерзімде бала асырап алу мүмкіндігіне ие бола бастаған
«2006 жылы «Қазақстан жетімдерсіз» бағдарламасын бастағанымызда еліміздегі Балалар үйінде 19 800 бала болған. Қазір соның 4 600-і қалды. Бұл – үкіметтік емес ұйымдар мен ел басшыларының үлкен еңбегі. Бұрын отбасылардың бала асырап алуында түрлі кедергі болған. Сол кездері біз арнайы сайт ашып, сонда бала туралы бүкіл мәліметті салып отырдық. Сондай-ақ Балалар үйінде бала санының азаюына «Аналар үйінің» ашылуы да көп септігін тигізді. Бұл жоба арқылы баланың анасынан қол үзіп қалмауына мүмкіндік туды», – дейді Аружан Саин. Реті келіп тұрғанда айта кету керек, «Аналар үйінің» жұмыс істеуіне кәсіпкерлердің үлкен көмегі тиді. Мұндай үйлер ашылғалы қиын жағдайға тап болған аналар өз баласын Балалар үйіне тапсыратын жағдай бірден азайды. Қазіргі таңда барлық аймақта «Аналар үйі» бар.
Ұлттық агенттік ұтымды ма?
Негізі, бұрынғы жүйемен жұмыс істейтін Балалар үйін жауып, орнына отбасылық үлгідегі жаңа жүйені енгізу туралы біраздан бері айтылып келеді. Бірер жыл бұрын өткен VIII Азаматтық форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құру туралы ұсынысын қолдаған. «Көптеген бизнесмен көмек көрсетіп, қайырымдылықпен айналысып келеді. Аналар үйі, жетімдер – бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Қазақстанда Балалар үйі болмауы тиіс деп есептеймін. Ал ол (кәсіпкер) қандай бағытта қозғалу керек екенін көрсетіп отыр» деген болатын. Ел тәуелсіздігін алған елең-алаң уақытта қазақтың каракөз балаларын шетелдіктер асырап алды. Берісін былай қойғанда, талай бала мұхит асып кетті. Олардың арасында шынымен де бір балаға зар болып, сол қуанышын Қазақстаннан тауып, бала асырап алған мейірімді жандар да, кінәсіз бүлдіршіндерге небір зорлық-зомбылық көрсетіп, қорлағандар да болды. Еліміздің туын төріне қойып, «Сенің туған жерің – Қазақстан, сен – қазақсың» деп құлағына құйып отырған жүрегі жұмсақ жандарға қалай риза болмайсың. Ал қорғансыз бүлдіршіндерге зұлымдық әрекет жасағандарға қарап отырып ызаң келеді.
Отбасының жылуына не жетсін?!
Рас, қиын-қыстау өтпелі кезеңде біраз қателік жіберіп алдық. Оны мойындауымыз керек. Таяуда отандық меценаттың ұсынысы бойынша жұмысын бастайтын Бала асырып алу жөніндегі ұлттық агенттіктің құрылуы туралы заң жобасын Сенат депутаттары қабылдады. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов сол кезде елімізде бала асырап алу жөніндегі 20-ға жуық шетелдік агенттік жұмыс істейтінін айтып қалды. Оның айтуынша, шетелдік агенттіктердің негізгі бағыты біздің балаларымызды іздеу және оларды өзге мемлекетте тәрбиелеу үшін бағыттау. Енді ғана қазақстандық агенттік құру жөнінде заң жобасы қабылданып отыр. Бір істің алға басуы, оның қалай жұмыс істеуі заңға байланысты. Алдағы уақытта осы саланың ісі бір қадам болса да алға жылжиды деген үміт бар.
Өткен аптада ғана премьер-министрдің экс орынбасары Бердібек Сапарбаев елімізде 2023 жылы бірде-бір Балалар үйі қалмайтынын, ондағы балаларды отбасылық үлгідегі орталықтарға ауыстыратынымызды айтқан болатын. Демек, жастайынан ата-анасынан айырылып қалған балалар енді отбасының жылуын сезініп өсетін болады.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ