«Қаралы қаңтар» оқиғасының өткеніне жеті ай толды. Халқымызды қайғыға бөктірген осынау нәубеттің астарына үңіліп, себеп-салдарын анықтау үшін бұл аз уақыт емес. Әйтсе де, оның көпшілікке беймәлім тұстары әлі жетерлік. Содан болар, ел ішінде оқиғаға қатысты шындықтан бұрын, қауесет әңгімелер де гу-гу еседі. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін Президент жанындағы азаматтардың арыз-шағымын қарау жөніндегі комиссияның мүшесі, адвокат Абзал Құспанды әңгімеге тартқан едік. – Абзал Темірғалиұлы, сіз Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікке қатысты күдікті ретінде қамауға алынғандардың қоғамдық қорғаушысы болып қызмет етесіз. Тергеу процестеріне де тікелей қатысып жүрсіз. Қазір тергеу қалай жүріп жатыр? Оның созылып кетуінің себебі неде? – Мен «Қаралы қаңтарды» 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісімен салыстырып қараймын, өйткені осы екі оқиғаның арасында көптеген ұқсастық бар. Қаңтар оқиғасын тексере жүріп, тәжірибе алмасу мақсатында Желтоқсан көтерілісі қалай тергелді, М.Шаханов бастаған комиссия қандай жұмыстар атқарды, соған үңілемін. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Құрманғазы Рахметов, Аманғазы Кәріпжанов сияқты ағаларымызға телефон соғып, мән-жайды анықтаймын. Шын мәнінде, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі әлі күнге жанжақты зерттеліп болған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, «Қаралы қаңтарды» егжей-тегжейлі тергеп, бүкіл үтір-нүктесін қойып, толық зерттеп шығуға міндеттіміз деп есептеймін. Тоталитарлық жүйе Желтоқсан көтерілісінің зерттелуін ондаған жылдарға созбақтатып әкеліп, ақыры оның толықтай тергелуіне мұрсат бермеді. Ал қазір саяси жігер болса, заманауи техникалық жетістіктерді пайдалана отырып, қылмыстық істердің толықтай тергелуіне мүмкіндік мол. Қаңтар оқиғасын зерттеуге республиканың түкпір-түкпірінен көптеген маман жұмылдырылды. Бұл процестің жеделдетіп жүруіне ықпал етеді. Дегенмен айта кету керек, оқиғаға байланысты бейнебаяндарға, күдіктілердің кескін-келбетін, дауыстарын ажыратуға және жазатайым оқиғалардың себептерін анықтауға және тағы басқа күрделі мәселелерге байланысты түрлі-түрлі сараптама тағайындалады, соларды бүге-шігесіне дейін талдап беретін сарапшылар жетіспейді. Тергеу жұмыстарының ұзаққа созылуының басты бір себебі осы. Оның объективті де, субъективті де себептері бар. Сараптама жұмыстары көп уақытты алады, ал жаңадан сарапшыларды дайындап шығару мүмкін емес, ол – ұзақ жылғы тәжірибемен келетін кәсіби машық. – Тергеу жұмыстары негізінен жаппай тәртіпсіздік, ғимараттарды бүлдіру, қару ұрлау және құқық қорғау саласы қызметкеріне шабуыл жасау бағыттары бойынша жүргізіліп жатыр, ал күдікті ретінде қамалған адамдарды қорлау, азаптау және жәбірлеу фактілерін әшкерелеу жағы екінші кезекке ысырылғандай. Оның себебі неде? Тергеу біржақты жүріп жатқан жоқ па? – Мен қаңтар қасіретін зерттеу үшін алғаш рет астанаға 18 қаңтарда келгенімде Президент Әкімшілігінің жауапты бір қызметкеріне қамалғандарды ұрып-соғу әрекеті болатынын, оның наразылықтың екінші толқынын тудыратынын ашық айтқан едім. Бұл уақытта азаптау фактілері көпшілікке әлі жария болмаған, әлеуметтік желілерде, БАҚ-тарда шу көтерілмеген-тін. Өйткені менің өзім Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталып, қамалдым. Оның бәрінің шет жағасын көрдім. Егер Батыс Қазақстан облысының әкімінен бастап, құқық қорғау органдарының бүкіл бірінші басшыларын жеке танитын маған қатысты осындай заңсыздықтар болса, қарапайым адамдарға не істемейді деп ескерттім. Өкінішке қарай, бұл күштік құрылымдардың бойына кеңестік жүйеден сіңіп қалған, әлі арыла алмай келе жатқан жаман әдеттерінің бірі еді. Күдіктілерді азаптау фактілері сол кездері құзырлы органдарды басқарған лауазымды тұлғалардың ықпалымен, қылмысты бүркемелеуінен болғаны мәлім. Күштік құрылымдардың қылмысына қатысты істерді тергеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен прокуратураға жүктелген. Дегенмен қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес және Президенттің тапсырмасы бойынша тергеу істерінің заңдылығына жоғарғы қадағалаушы орган ретінде прокуратура жауапты. Өз басым қазір құзырлы органдар тарапынан тергеу амалдарын әдейі бұрмалау, қолдан қылмыстық істерді құрастыру әрекеттері болып жатқан жоқ деп нақты айта аламын. Мысалы, мен Алматы қаласында прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп арызданушы азаматтарды күнделікті қабылдап отырмын. Жұмыс барысында тергеушілермен, адвокаттармен, құқық қорғаушылармен пікір алмасып, тергеу оқшаулағыштарында отырған азаматтармен кездесемін. Бұл – есеп үшін немқұрайды жасалып жатқан шаралар емес. Әділдікке жету үшін оның маңызы зор. Мәселен, біз қаза тапқан адамдардың туыстарын, жәбірленушілерді, егер олардың өздері қамауда отырса, жақын туыстарын қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдаймыз. Қылмыстық істер бойынша қандай дәлел-дәйектер бар, соны көрсетеміз. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу материалдарымен тергеу аяқталғаннан кейін ғана танысуға рұқсат беріледі. Бірақ прокуратура біздің тергеу процесі ашық, жария болсын деген бұл ұсынысымызды ескерді. Сондықтан тергеу жүріп жатқанына қарамастан, қылмыстық іске қатысты барлық материалды зерделеуге, оны туыстарына көрсетуге мүмкіндік берді. Арызданушыларды қабылдағанда барлық сұраққа тәптіштеп жауап береміз, тиісті аудио-бейне жазбаларды көрсетеміз, қажет болса, істі жүргізіп отырған тергеушіні алдырып, оның есебін тыңдаймыз. Яғни, арызданушы менің көзімше прокурорға, тергеушіге сұрақ қояды, олар соған жауап береді. Бұл Қаңтар оқиғасына байланысты қаулап бара жатқан өсек-аяңға тосқауыл болу үшін қолданып отырған қарсы шарамыз. Ол кәдімгідей тиімділігін көрсетуде. Осындай практика қолға алынғалы бері тергеу біржақты жүріп жатыр деп шу көтерген адамдардың көпшілігінің көңілі тыншып, сабасына түсті, тергеудің әділ жүргізіліп жатқанына көзі жетті. Процесс барысында күдіктіден «сенің өзіңді ақтап алатындай қандай дәлелдерің бар?» деп олардың берген фактілерін тексереміз. Қазір негізінен қылмысын толық мойындағандарға, жеңіл баптарға қатысты үкімдер шығып жатыр. Ал қамалғандарды азаптаған орган қызметкерлеріне және көтерілісті ұйымдастырды деген күдіктілерге қатысты ауыр баптар әлі сотқа жеткен жоқ. – Бас прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты күштік құрылымдардың 15 қызметкері (ҰКК, полиция) күдікке ілінгенін, оның 9-ы қамауға алынғанын айтты. Әйтсе де, әлеуметтік желілердегі арыз-шағымдардың көптігін ескерсек, қамауға алынған орган қызметкерлерінің саны тым аз. Сондай-ақ олардың қайсыбірінің сотталғаны туралы әлі еш дерек естімедік. Оның сыры неде? – Ең басты қиындық – қылмыс жасаған күштік құрылым қызметкерлерінің жеке басын анықтау. Өйткені олардың ешқайсысы ашық әрекет етпеді. Ал нақты анықталғандарының үстінен іс жүргізіліп жатыр. Әрине, күштік құрылым қызметкерлерінің қылмысын дәлелдеу оңайға түспейді. Олар адамдарды азаптағанда бақылау камераларының объективін жоғары көтеріп, беттеріне қара бетперде киіп алатын болған. Бірақ осылай бүркемеленгендеріне қарамастан, ыждағатты сараптау жұмыстары барысында органның бірнеше қызметкері анықталып, қамауға алынды. Қатардағы қызметкерлерді айтпағанда, қорғаныс саласының, ұлттық қауіпсіздік саласының, ішкі істер саласының бірнеше генералы қамалды. Жалпы, күштік құрылымдар тарапынан ұрып-соғу-азаптау фактілеріне қатысты тергеу жұмыстары ешқашан аяқталмауы керек, тіпті іс тоқтатылып қалған жағдайдың өзінде оны қайта қозғауға болады. Ал тергеу аяқсыз қалмасын десек, оған қоғам тарапынан қатаң бақылауда болуы тиіс, сонда ғана жазықтылар лайықты жазаға кесіледі. Бірақ өз басым құзырлы органдарға қатысты қылмыстың бәрі 2022 жылы ашылып болады деп есептемеймін. – Егер айыптылар тиісті жазасын алмаса, олар жазасыздыққа сеніп, ертең одан да сұмдық қылмыстар жасамай ма? – Иә, бұл да маңызды сұрақ. Мен Жаңаөзен оқиғасы бойынша 74 жәбірленушіні жалғыз қорғап, полицейлер сотына қатысқан адаммын. Сол кезде халыққа 97 полицейдің оқ атқаны анықталды, олардың 3-4-інде ғана тапанша, қалғандарында Калашников автоматтары болды. Әрқайсысында екі оқшантайдан, яғни әрқайсысында отыз-отыздан 60 оқ болған. Әрине, ескерту түрінде оқтың біразы аспанға атылған шығар, бірақ оның көбі халыққа бағытталғаны жасырын емес. Соған қарамастан сот талқылауы кезінде 92 полицей куә болып қалып, тек 5-уі ғана сотталды, олардың өзі жеңіл жазаға тартылды. Ең масқарасы, сол кезде Жаңаөзен қаласының полиция бастығы, Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы болған адамдардың қызметі жоғарылады. Бірақ бұл қазіргі түсінікпен айтқанда, «ескі» Қазақстандағы жағдай. Біз содан сабақ алуымыз керек. Мен мұны сөзім жеткен жерге дейін айтып жүрмін: Үкімет деңгейінде де, Президент Әкімшілігіндегілерге де... Бұл жолы басқаша болады деп үміттенемін, алайда мен шешім қабылдайтын тұлғалардың қатарынан емеспін. Әйтсе де, тергеу жұмыстары дұрыс бағытында жүреді, кінәлілердің бәрі лайықты жазасын алады деп есептеймін. – Енді өзіңіз атқарып жатқан жұмыстарға тоқталсақ. Қандай нәтижеге қол жеткізе алдыңыздар? Құзырлы органдар сіз талап еткен құжаттарды толық беріп, қалаған адамыңызбен кездестіре ме? Қаңтар оқиғасы бойынша құқық қорғаумен айналысып жүрген басқа әріптестеріңіз туралы не айтасыз? – Менің қызметім тергеу жұмыстарына тікелей қатысты болғандықтан, арызданушылармен, адвокаттармен, құқық қорғаушылармен, тергеушілермен, бір сөзбен айтқанда, қылмыстық істің орбитасына тартылған адамдардың бәрімен күнделікті қарым-қатынаста боламын. Күнде таңертеңгілік Алматы қаласының прокуратурасына барып, Қаңтар оқиғасына қатысты жаңа фактілер тіркелді ме, соны анықтаймын, сосын азаматтардың арызын тыңдаймын, тергеушілердің жұмыстарымен танысамын, түс ауа тергеу оқшаулағыштарын аралап, азаматтармен кездесемін. Кей жағдайда жапа шегушілердің үйіне барып, жағдайымен жете танысу керек болады. Күнделікті кешкісін атқарған жұмыстарымды қорытындылай келе, прокуратураға тергеу процестерін жылдамдату және жеңілдету бойынша өз ұсынысымды айтамын. – Қаңтар оқиғасында қаза тапқан, жараланған адамдардың тізімі әлі берілмеді. Оларға қандай өтемақы қарастырылған? Қамалғандардың арасында ақталмаған кездейсоқ адамдар жоқ па, шын қылмыскерлердің бәрі қолға түсті ме? – Иә, бұл көпшілікті алаңдатып отырған өте көкейкесті сұрақ. Өтемақы төлеу мәселесі заңмен бекітілген. Алайда ол ұзаққа созылып кететін процесс. Сондықтан мен жақындарынан айырылған азаматтарға өтемақы беру шарттарын жеңілдету, механизмін қайта қарау туралы ұсыныс жасадым, онымен Алматы қалалық прокуратурасының лауазым иелері де келісіп отыр. Бұл мәселені жақын арада сот қызметкерлерінің, қоғам қайраткерлерінің басын қосып, талқылау қажет болып тұр. Сондықтан осындай бір жиын өткізсек деген ниетіміз бар. – Қаңтар оқиғасының әділ тергелуін ЕО, халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар қаншалықты қадағалап отыр? Олардың ұстанымы қандай? – Нақ қазір негізгі тергеу жұмыстары аяқталмағандықтан, қай деңгейдегі ұйым болсын – БҰҰ, ЕО, ТМД, басқа да халықаралық құқық қорғаушы ұйымдардың оған араласуына қақысы жоқ, мұны олар да түсінеді. Сондықтан олардың нақты бағасын біз тек кейінірек ести алатын боламыз. – Қаңтар оқиғасы болғаннан бері жапа шегушілерді күн демей, түн демей қорғап, отбасын көрмей, іссапардан-іссапарға шығып, таза қоғамдық негізде жұмыс істеп жүрсіз. Сондағы нақты мақсатыңыз қандай? Бұдан қандай сабақ алу керек деп ойлайсыз? – Менің мақсатым біреу, ол – Қаңтар оқиғасының қайталанбауы! Сол үшін барлық күш-жігерімізді салып, тұтас қоғам болып жұмыс істеуіміз қажет. Осы тұрғыдан алғанда, ақпаратты бұрмалап немесе теріс пиғылда пайдаланатын, сөйтіп ел ішін алатайдай бүлдіріп жүрген адамдарға да «сендердің мақсат тарың не?» деген сұрақты қойса деймін. Олардың мақсаты не? Қаңтар оқиғасының қайталануы ма? Сондай-ақ өтірік-шын ақпаратты тарататын журналистерге де, блогерлерге де қоятын сұрағым осы: сендердің мақсаттарың не? Осы сұрақты жұмыс барысында тергеушілерге де, прокурорларға да қоямын. «Егер сендер Қаңтар оқиғасы қайталанбасын десеңдер, әрбір жапа шегушімен, олардың туғантуыстарымен ашық, әділ сөйлесіңіздер. Қаңтар оқиғасының бағасын ертең тарих береді, соның маңыздылығын сезініңіздер» деп ескертемін. Бұл сауалды әрбір азамат өзіне қойса. Өйткені Қаңтар оқиғасы қайталанбауы тиіс! Осы мақсатқа қайшы әрекет жасаушылардың бәрі – арандатушылар. Оған тергеушілер, прокурорлар немесе соттар ғана жауапты емес, қоғамның әрбір мүшесі жауапты. Қоғамның тыныштығын, елдің амандығын ойлаған әрбір адам өзіне осы сұрақты қоюы керек. – Әңгімеңізге рақмет!