Алыс та жақын алты шақырым
Алыс та жақын алты шақырым
714
оқылды
Қызылорда қаласына жақын орналасқан саяжайларда бау-бақшасын жайқалтып, төрт түлігін өрістетіп отырған отбасы аз емес. Жері құнарлы, ауасы таза аймақта күнкөріс қамын күйттеп жүрген тұрғындар ала жаздай адал еңбегімен өз шаруасын дөңгелетіп, нәпақасын тауып отыр. Бүгінде Қызылорданың аумағындағы саяжайлардың басым көбі қалаға қосылып кеткен. Тіпті жеке ауыл, елді мекен мәртебесін беруге лайық саяжайлар қатары да аз емес. Солай бола тұрса да, мұндағы жамағат өздерін көштен қалғандай сезінеді. Ал қаладан шет орналасқан саяжай жұртының жайы тіпті мүшкіл. Басқасын айтпағанда, қалаға қатынайтын жолдардың сапасы сын көтермейді. Қызылордадан 6 шақырым жерде қоныстанған «СПМК-19» және «Электрик» саяжайларының тұрғындары тозған жолдың тауқыметін бір кісідей тартып келеді. Саяжай болса да мұнда жыл он екі ай қоныстанып, тұрмыс кешіп жатқандар да бар. Қалаға қарасты Тасбөгет кентінің іргесінде қоныстанған саяжай тұрғындары ала жаздай бау-бақша егіп, қыстай мал бағып тіршілік етеді. Әйтсе де, күнделікті тұтынатын азық-түлік және басқа да заттарын алуға қалаға жиі қатынап тұратын саяжай тұрғындары жол азабынан мезі болғанын айтады. Басқа-басқа тұрғындар дәл осы жолмен Тасбөгет кентіне мектепке қатынайтын балаларының жайына алаңдайды.
«Саяжай мен қаланың арасы 6 шақырым. Осы араға бірнеше жыл бұрын тас төселіп, жол салу жұмыстары басталған. Бірақ басталған жұмыстар сиырқұйымшақтанып, ортасына келгенде тоқтап қалды. Бүгінде осы кедір-бұдыр жол жаяу жүргінші тұрмақ, көліктің өзінің қатынауына үлкен қиындық келтіріп тұр. Алайда бұл жұмысты жалғастыруға ниетті жандар әлі күнге бой көрсетер емес», – дейді Әлібек Мырзахметов.
Негізінен саяжайда жас отбасылармен қатар, тұрақты тұрып жатқан қариялар көп. Жиі сырқаттанып, жедел жәрдем көмегіне жүгінетін егде адамдардың да айтар уәжі жетерлік.
«Саяжайдағы жол мәселесі шынында жырға айналды. Құзырлы орындар бұл мәселені білмей отыр деп айтуға келмейді. Бәрі де құлағдар. Алайда оңды шешімі болар емес. Немерелеріміз кентке қатынап оқуы бәріміздің бас ауруымызға айналды. Жеке көлігімен балаларын мектепке апаратын ұлым жолдан шаршайды. Адам тұрмақ, көліктің де тоз-тозы шығады. Жиі жедел жәрдем шақырамыз. Олар да жол азабын тартып, итшілеп әрең келеді. Сондай кездері ауырған адам медициналық көмекті ұзақ күтуге мәжбүр болады. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ», – дейді тағы бір тұрғын Мытызбек Ыдырысов ақсақал.
Саяжай тұрғындарының айтуынша, қаладан №6 маршрут белгіленген кестеге сәйкес күніне үш мәрте қатынайды екен. Оның өзі кейде келсе, кейде келмейді. Соның салдарынан балаларының сабаққа қатынауы мұңға айналып тұр. Сондай-ақ кедір-бұдыр жолдың салдарынан осы аумақта көлік апаты жиі орын алады екен. Саяжайданқалаға қатынайтын көлік қауіпті жолдан сақтанып, межелі жеріне дейін жылдамдықты асырмай, жай жүруге мәжбүр. Әсіресе сапасыз жолдың қаупі қыс мезгілінде тіпті үдей түседі. Ал күн сайын саяжайдан қалаға қатынап жұмыс істейтін Құрмантай Уәли жолдың нашарлығынан бөлек көшелерді жарықтандыру мәселесінің шешілгенін қалайды.
«Кеш қарайғанда саяжайдан көпірге дейінгі аралықта көзге ұрған танадай қою қараңғылық орнайды. Себебі, осы екі аралықта жарықтандыру жұмыстары да жүргізілмеген. Кеш түскенде жалғыз жүрген адамға өте қауіпті. Көпшілік ит-құсқа жем болудан да қорқады. Ал түн мезгілінде бұл арадан көлік табу тіпті мүмкін емес. Осы мәселені құзырлы орындар қаперіне алса», – дейді Қ.Уәли.
Одан бөлек саяжай тұрғындары сапалы ауыз суға да зәру. Әр үй өз ауласынан ұңғыма қазып, арнайы сорғы арқылы жер асты суын ішіп отыр. Ағын су мәселесінде де шешімін күткен мәселе жеткілікті. Бүгінде 200 шаңырақ түтін түтетіп отырған саяжай халқы құзырлы орындардың ең әуелі жолды жөндеу, көшені жа рықтандыру секілді мәселелердің шешілуіне ықпал жасағанын қалайды.  

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы