Carnegie Hall-да ән салған қазақ қызы
Carnegie Hall-да ән салған қазақ қызы
1,583
оқылды
Нью-Йорктегі атақты Carnegie Hall концерт залында қазақтың «Дудар-айын» шырқап, өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген әнші Гүлзар Ғабдрахман жайлы естідіңіз бе? Ол – Лондонда өткен «Альбион жұлдыздары-2019» Халықаралы өнер байқауының жеңімпазы ғана емес, Viva Music Carnegie Hall байқауына шақырту алған тұңғыш қазақстандық әнші. Біз бүгін қазақ өнерін әлемге танытып жүрген Гүлзардың өнердегі жолы мен өмірдегі ұстанымы жайлы сөз етеміз Карнеги-холдың сахнасында The Beatles, The Rolling Stones, Фрэнк Синатра, Боб Дилан, Жозефина Бейкер сияқты аты әлемге мәлім әншілер өнер көрсеткен. Сол сара жолды қазақ өнерпаздарының ішінен бірінші болып Гүлзар Ғабдрахман жалғады. Алайда ол мемлекет тарапынан АҚШ-қа барып ән байқауына қатысуға ешқандай қолдаудың болмағандығын айтты.
«Америкаға аттанбас бұрын министрлікке байқау жайлы айттым. Қазақстан атынан Viva Music Carnegie Hall байқауына шақырту алғанымды, қолдау көрсетулерін сұрадым. Алайда министрлік көмек көрсете алмайтындарын жеткізді. Сонда да мойыған жоқпын. Қалайда арманымды іске асыруға, мақсатыма жетуге, қазақ әнін АҚШ-та шырқауға тәуекел еттім», – дейді әнші.
Осылайша, Гүлзар жолдың алыстығына қарамастан Америкаға бірнеше күн ерте барып, дайындығын бастайды. Қазақстандық әншіні Нью-Йоркте тұратын қазақ қауымы да қолдауға барыпты. Гүлзар бірнеше кезеңнен тұратын халықаралық байқауда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған күміс көмей әншілерден оза шауып бас жүлдені еншілейді. Өнер Гүлзардың бойына ата қанымен дарыған. Атасы Игілік Омаров қазаққа аты мәлім әнші еді. Бірақ түбегейлі өнер жолын қумай, туған ауылында талай жыл мұғалім болды. Гүлзар да бастапқыда әнші боламын деп ойламады. Ақпараттандыру және журналист мамандығын меңгерді. Алайда өнерге құштарлығы жеңіп, кеш болса да осы жолға түсті.
«Иә, менің бірнеше мамандығым бар. Ең бірінші Қарағандыдағы политехникалық университетке түсіп, онда «Ақпаратты қорғауды ұйымдастыру және оның технологиясы» деп аталатын мамандықты оқыдым және он жыл сол салада жұмыс істедім. Десе де, шығармашылыққа деген құмарлығым басылмай «Журналистика» мамандығына түстім. Ол салада алдымен «Қазақстан арнасындағы «Таңшолпан» арнасында тәжірибеден өттім. Бірақ көп жүре алмадым, себебі кішкентай балам бар еді. Ал таңғы хабарға түнгі сағат 3-те алып кетеді, эфир біткен соң ертеңгі хабардың сюжеттерін дайындап үйге кеш қайтасың. Балама қарауға уақытым тапшы болғандықтан, ол жерден кеттім. Кейін «Хабар24» арнасында үш-төрт ай қызмет еттім», – дейді Гүлзар Ғабдрахман.
Алайда әнші өзін өнерге кеш келдім деп санамайды. Өйткені Гүлзар мектепте жүрген кезіндеақ жеті жылдық фортепиано сыныбын бітірген. Бірақ әншінің ата-анасы баласын музыкант болады деп ойламапты.
«Анамның айтуынша, бір жарым жасымнан бастап орындыққа тұрып алып, қонақтарға Алла Пугачеваның әндерін айтып береді екенмін. Бұл өнер маған атамнан дарыған. Атамыз Игілік Омаров – танымал дәстүрлі әнші болған кісі, өз әкем тоғыз ағайынды, оның барлығының да ән айтатын қабілеттері бар. Өкінішке қарай, ешбірі кәсіби түрде айналыспайды. Фортепианоға қатысып жүргенде мектептегі мерекелерде әлемдік шығармаларды орындап, арасында өзімнің де туындыларымды жазатынмын. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, шамамен 2001-2002 жылдары республикалық «Жас қанат» байқауына қатысып, дипломант атанғанмын», – деп балалық шағын сағына еске алды кейіпкеріміз.
Гүлзарға қарап жаңа мамандықты игеруге, жүрек түкпіріндегі арманды жүзеге асыруға жасың нешеде болса да ешқашан кеш болмайтынын түсінгендей болдық. Өйткені ол 28 жасында сүйікті мамандығына оқуға түседі. Ол кезде отбасы, екі баласы бар еді. Сондықтан Гүлзар өнер жолын еріккендіктен емес, сүйгендіктен таңдаған. [caption id="attachment_211310" align="alignnone" width="1200"]Carnegie Hall Carnegie Hall[/caption]
«Мен студияда өлең жазып, оны әрлеп «хит» жасауға тырыспаймын. Кәсіби әнші болғандықтан тойда ән айтпаймын. Менің ойымша, нағыз өнер иесі сахнада ғана жүруі керек», – дейді әнші.
Тойға шықпайтын, атақ қумайтын болғандықтан да Гүлзар Ғабдрахманның есімі аса танымал емес. Бірақ әнші өз ортасында сыйлы, мамандығына адал. Былтыр ол Мәскеудің ұлттар үйінде «Музыкаға деген махаббатпен» атты жеке концертін өткізді. Ресей астанасының жұрт шылығы қазақ әншісін орындарынан тік тұрып қарсы алды. Жеке концертін бір сағаттан аса тапжылмай отырып тамашалады. Гүлзар кешін «Мен қазақтың қызымын» әнімен бастап, Кәкімбек Салықовтың атасына арнаған «Әншілердің әншісі» туындысымен жалғастырды. Тұманды Альбион елінде жұлдызын жандырған «Япурайды» шырқады. Қазақ киносының классикасына айналған «Тақиялы періште» фильміндегі Александр Зацепиннің «Мама» әнін айтып, осы кинотуындыны еске түсірді. Жалпы әншінің репертуарында «Түнгі Астана», «Астана таңы» атты әндер де бар. Шыны керек, нағыз таланттар ең бірінші шетелді мойындатып, одан кейін елімізге танылады. Мұны халық «Димаш синдромы» деп те айтып жүр. Гүлзар Ғабдрахманның айтуынша, уақыт өткен сайын тыңдарман талғамы да өзгереді. Елімізде таланттардың танылмауы қазақ ән өнерінің лайықты бағаланбай жатқанында болса керек.
«Өйткені халық кәсіби әнші мен әуесқой орындаушыны айыра алмай жатыр. Не сөзінің, не музыкасының мәні жоқ той әндері тыңдарманның талғамын түсіруде. Сондықтан біз өнерге із қалдыратын нағыз дарындарды қолдауымыз керек. Кейде республикалық маңызы бар концертке өтудің өзі таныстық арқылы шешіледі», – деді халықаралық байқаудың жеңімпазы.
Айтпақшы, Гүлзар – әнші ғана емес, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз. Ол 2017 жылы ақпан айында Гүлзар Ғабдрахманның эстрадалық мектебін ашқан. Содан бері талай жасқа тәлім беріп, өнер айдынына үкілеген үміттерін де қосты. Кейіп керіміздің басты арманы – қазақ өнерін әлемге танытып, болашақ ұрпаққа саф өнерді лайықты табыстау. Біз де Гүлзардың арманының орындаларына сенеміз.