Қордайдағы жағдай қазір қалыпты. Тұрғындармен жүргізілген түсіндірме жұмыстары жемісін беруде. Десе де әлі де болса Масаншы, Бұлар батыр, Сортөбе, Қаракемер, Ауқатты ауылдарында төтенше жағдай алынған жоқ. Ол түсінікті де. Себебі тәртіп сақшыларының аталған елді мекендерде атқарар жұмыстары аз емес. Оған біз аталған ауылдарға арнайы ат басын бұрғанда анық көз жеткіздік.
Жалпы, ауылдар арасына орнатылған өткізу бекеттері бірнеше сарбаздармен қамтылған. Әр көлік мұқият тексеріліп, ауылға кіріп-шыққан адамдардың есімі толықтай жазылуда. Сондай-ақ арнайы үйретілген ит те өз қызметін қырағы атқаруда. Ал жедел жасақ қызметкерлері әр көшені күндіз-түні күзетіп, жіті бақылауына алған.
Жамбылдық полицейлер де толық құраммен ауылдарда жүр. Және дәл осы өңір сақшылары қақтығыс кезінде бірінші соққыны өздеріне қабылдаған. Облыстық полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, Қордай ауданында орын алған оқиға кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жамбылдық полицейлер дер кезінде жетіп, алғы шептен көрінген екен. Халықты сабырға шақыру кезінде алғашқы соққыны да, атылған оқты да бірінші болып қабылдаған. Салдарынан 18 полиция қызметкері түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Атап айтсақ, атылған оқ бір сақшының аяғына тисе, екіншісінің қолын жаралаған. Ал бір полицейдің бетіне бытыра тиіп, дереу ауруханаға жеткізілген. Өзге сақшылар да мойын мен арқа күйіктерін алып, бастары жарылған. Осылайша, топтың алғашқы соққысын да, тепкісін де өңір сақшылары өздеріне қабылдаған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының командирі, полиция подполковнигі Қанағат Райқұловтың айтуынша, оқиға орнына келген полиция қызметкерлерінен жиналғандар саны бірнеше есе көп болған екен. Нәтижесінде, тәртіп сақшыларына өздерінен саны басым бүлікшілерге жалаң қолмен төтеп беруге тура келген.
Осылайша, оққа ұшып, соққыға жығылған сақшылар аудандық орталық ауруханаға жеткізілген. Алайда антына берік сарбаздар қазір өз еркімен оқиға орнына қайта жіберуді сұранып, қатарға қосылуда.
– Бәрі бірден басталып кеткеннен кейін тұрғындар арасында дүрбелең туды. Алайда біз мұндай жағдайға арнайы дайындалғандықтан, сабыр сақтадық. Алдыңғы шепте тұрған сарбаздар ең бірінші өзінің өмірін емес, тұрғындардың қауіпсіздігін ойлады. Сол себепті қаруы бола тұра, сақшылар бүлікшілерді жалаң қолмен тоқтатуға тырысты. Бірақ 18 қызметкеріміз жарақаттанып, өзім де оң жақ белімнен оқ жарақатын алдым. Дәрігерлердің емінен кейін қазір қайта сапқа қосылып отырмын. Сондай-ақ әртүрлі дене жарақатын алған жігіттер де толықтай сапта. Бұдан бөлек, еңбек демалысында жүрген әріптестеріміздің оқиға орнына келіп, көмектесуге сұранғанын естіп, өз жұмысымызға деген жауапкершілігіміз арта түсті. Облыс қана емес, мемлекеттік деңгейдегі жағдай болғаннан кейін күн-түн демей тұрғындардың тыныштығын күзетудеміз. Біздің де ойлаған бар мақсатымыз – жағдайдың толықтай тұрақтанып, халық күнделікті тұрмысына қайта оралуы, – дейді ауыр жарақатына қарамастан сарбаздарының қатарынан қайта табылған ЖҚАЖ командирі, полиция подполковнигі Қанағат Райқұлов.
Қазіргі таңда Қордай ауданында облыстық полиция департаментінің жедел жасақ сарбаздарынан бастап, барлық құрылымның мамандары бар. 50-ге жуық арнайы көлік аумақтық шолуда жүрсе, үйретілген төрт ит тәртіп сақшыларының жұмысына жәрдемдесуде. Сонымен қатар ауылдардан әскери емханалар да құрылған. Онда 5 дәрігер жарақат алған сарбаздар мен ауыл тұрғындарының күтіміне көмек көрсетуде.
– Оқиға орын алған күннен осындамыз. Жарақат алған сарбаздар мен тұрғындарға барынша көмек көрсеттік. Әрине, алғашқы күндері жұмысымыз қауырт болды. Бірақ қазір жағдай тұрақтанды. Жарақат алған тұрғындарға да, тәртіп сақшыларына да медициналық көмек көрсетуге қажетті барлық құрылғымыз бар. Мұнда жүрген дәрігер мамандардың бәрі білікті. Сондықтан қазір туындап отырған ешқандай мәселе жоқ, – дейді Жамбыл облысы ПД медициналық бөлімінің басшы-дәрігері Құрманғазы Сәкенұлы.
7 ақпан күні Сортөбе ауылында «Хонда Одиссей» маркалы автокөлігін тоқтатып, соңында дүнген азаматтармен текетірескен жол сақшылары да дін аман. Жамбыл облысы ПД жергілікті полиция қызметі арнайы взводының инспекторлары А.Калтаев пен М.Карибаев та қатарға қосылып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жәрдемдесуде.
Бір сөзбен айтқанда, жамбылдық тәртіп сақшылары оқиғаның бел ортасында. Бұдан бөлек, алматылық сарбаздар да қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесуде. Мұнда өзге өңірлерден келген сарбаздар туралы да айтылады. Алайда әскери құпияға байланысты олардың нақты саны көрсетілмеуде. Десе де, олардың да ойлағаны ең бірінші халықтың амандығы мен жұрттың тыныштығы екені даусыз.
Саятхан САТЫЛҒАНОВ,Жамбыл облысы