Бұл күні қымбатшылық елдің амалсыз қайталай беретін сөзіне айналды. Әр ай сайын инфляцияның деңгейі өседі. Елдің тапқаны ішер астан артылмай бара жатқаны айғақ. Енді экономикалық тоқыраудан секем алатын жөніміз бар. Ал мұның аяғы қалай боларын жыл басындағы ащы тәжірибе көрсетті. Себебі қымбатшылық – кедейлікке апаратын төте жол. Өкініштісі, қымбатшылықты еңсерер күш барына сенбейтіндер көп.САЛАНЫҢ САЛЫ СУҒА КЕТТІ
Жақында Ұлттық статистика бюросы биыл шілдеде инфляция өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға жеткенін мәлімдеді. Соңғы бір жылдың ішінде азық-түлік 19,7 пайызға, басқа тауарлар 14,2 пайызға, ақылы қызметтер 9,2 пайызға қымбаттаған. Одан бөлек, құрылыс тауарлары 20, тұрмыстық техника 22,6, автокөліктердің құны 15,2 пайызға өскенін айтпай кетуге болмайды. Бір сөзбен айтқанда, қымбатшылықтың тоқтайтын түрі жоқ. Маусымда Finprom.kz порталы зерттеу жүргізіп, қазақстандықтар табысының 46 пайызын азық-түлікке жұмсайтынын анықтағаны есте. Портал соңғы жылда қант 51,5 пайызға, көкөністер – 44, картоп – 37,8, құс еті 25,5 пайызға қымбаттағанын жария етті. Өзге де сарапшылардың болжамы бұдан әріге кетеді. Мамандар бағаның ретсіз жиі құбылуының кесірінен инфляция нақты мөлшерін болжап үлгеру мүмкін емесін бірнеше мәрте айтқан болатын. Мәселен, көктемде кей өңірлерде азық бағасы бірден 36 пайызға артқан. Әйтеуір, бір анығы – баға динамикасы тек өсіп жатыр.
Сонымен, мәселе жайлы сөз еткенде салаға жауапты министрлікті елемей өте алмаймыз. Маусымда Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жаппай қымбатшылыққа «әлемдегі инфляция әсер етіп отырғанын» айтып сынға қалды. Шыны керек, ведомство басшысының баға мәселесіне келгенде шарасыз екенін аңғарып, дәлел-дәйекпен өзіміз де сынадық. Көп ұзамай министр Сұлтанов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысынан сөгіс алып тынды.
Алайда Бақыт Сұлтанов басқаратын ведомство әлі сылбыр қимылдап жүргендей көрінеді. Әрине, сыннан кейін 1 ай уақыт өтпей жатып сын айтуға хақымыз жоқ болар. Дегенмен сыннан сабақ шығару керегін ескертуге мүдделіміз.
ТАПҚАНЫ ТІРШІЛІКТЕН АРЫЛМАЙДЫ
Біз жоғарыда Finprom.kz порталы зерттеуінде қазақстандықтар табысының 46 пайызын азық-түлікке жұмсайтынын тілге тиек еттік. Бұл сандар көзге оғаш көрінбегенімен, үлкен экономикалық тоқыраудан хабар береді. Мысалы, экономикада халық табысының 50 пайыздан астамы азық-түлікке кететін болса, ел кедейлікке ұшыраған болып саналатын түсінік бар. Жаңағы сан осы көрсеткішке таяп қалған. Бірақ мамандар ол жағдайға әлдеқашан ұшырағанымызды алға тартады. Экономист Мақсат Халық елімізде наурыздан бастап инфляцияның рекордтық дәрежеде өскенін айтады. Оның ойынша, Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын мөлшері 59 пайыз межесінде.
– Ресей мен Украина арасындағы геосаяси жағдай қымбатшылыққа әсер етті. Теңге құнсызданды. Бағаның өсуіне былтыр бірнеше облыста болған қуаңшылық та септесті. Кейбір өңірлерде мал қырылып, дәнді-дақылдар дұрыс шыққан жоқ. Жоспардан 20 пайызға кем астық жиналды. Артынша жем-шөп қымбаттады. Жұмыртқа, құс еті де қымбаттады. Ресей көптеген тауарын сыртқа шығармайтын болғанын білеміз. Кесірінен қант пен бидайдың да айтарлықтай өскенін көрдік. Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын – 59 пайыз. Негізі, бұл көрсеткіш 50-ден асса, халық кедейлік шегінде болғаны. Батыс елдерінде азық-түлікке жұмсалатын қаражат бюджет шығындарының ары кеткенде 10-12 пайызын құрайды. Алдыңғы қатарлы елдерде бұл көрсеткіш – 8 пайыз. Осыдан кейін Қазақстанда табыстың қандай төмен екенін көруге болады, – дейді маман.
Елде табысты көбіне ресми орташа айлық деңгейі арқылы өлшеу белең алды. Ал деректер шынайы деуге келе ме? Қараңыз, ресми статистика бойынша бір адам айына 1 млн теңге, ал екінші адам 100 мың теңге тапса, соны қосады да, екіге бөліп, орта табыс 550 мың теңге деп шығарады. Бұл әділетті өлшем емес. Екіншіден, мейлі, өсті деп қабылдайық. Бірақ орташа айлықты долларға шаққанда оның еш артпағанын байқауға болады. Керісінше, азаматтардың төлем қабілеті төмендей берген. 2013 жылы жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 13 мың 600 доллар болса, биыл 10 мың долларға жетпейді. Демек, азық-түлікке кететін шығынның өскені – кедейлердің көбейгені. Онда халықтың әл-ауқатында теріс кету болып жатқаны даусыз. Үшіншіден, ресми статистика былтыр республика бойынша табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдардың санын 1 миллион шамасында деп көрсетті. Алайда сарапшылар кедейлердің 1,5 миллионнан асып кеткенін пандемия басталғалы, 2 жыл бойы айтып келді. Сондықтан сандарға сенім аз. Жауаптылар жағ дайдың шын көрінісін жасырғысы келетінге ұқсайды. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде осының басын ашып жеткізген еді. «Халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды» деген Президент.
Халықтың әлеуметтік жағдайының төмен болуы екі индикатормен өлшенеді. Біріншісі, ең төменгі күнкөріс шегі. Екіншісі, кедейлік шегі. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 пайызын құрайды. Әлеуметтік көмек алу үшін кедейліктің қамытында отыру керек екен. Ал Еуроодақ аумағында кедейлік ең төменгі күнкөріс шегінің емес, орташа табыстың 60 пайыз деңгейінде белгіленген. Егер бізде осы норма бекітілген болса, кедейлік шегі 140-150 мың теңге шамасында болады. Бұл жай бір мезет аңсарымыздың ауғаны, әйтпесе Қазақстанда ондаған жыл бойы кедейлік шегі көтерілмеді. Ақыры кедейлік шегін Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты дамуы тежелген елдердің көрсеткішімен теңестіріп қойдық. Бұл аз ба, 2020 жылы жұрт жаппай тұтынатын тауарлар бағасының өсуіне байланысты жәрдем сұраушылар саны артқанына қарамастан, мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылғандардың саны керісінше азая түскен. Осы фактордың кесірінен көмекке зәру азаматтардың тұрмыстық жағдайы тіптен тұралап қалды. Алайда 2021 жылы статистикалық деректердің бәрі жағымды динамиканы көрсеткен. Мысалы, Ұлттық банк былтыр инфляция деңгейін 8 пайыздан, ал азық-түлік бағасының өсімін 20 пайыздан асырмай бақты. Әрине, қағаз жүзінде. Бұл кезде ел көп тұтынатын азықтың бірі – картоп бағасы 3 есе өскен, басқа тағамның бәрі қымбаттаған. Кейбір құрылыс материалдарының құны 2-2,5 есе артты. Әлі де үздіксіз өсіп жатыр. Ал бұл кезде Сауда және интеграция министрлігі жалпы баға өсімі 12 пайыздан асқан жоқ деген ақпарат таратып, міз бақпай отырды. Ал Ұлттық статистика бюросы бұл ақпарлардың ешқайсысын теріске шығармады, керісінше қалыпты норма санатына қосты.
САЛҒЫРТТЫҚ САУДАДА МА?
Қымбатшылықтай келеңсіз жайтқа сыртқы факторларды кінәлау көптен бері шенділер үшін «сәнге» айналды. Кезінде Ұлттық банк төрағасы болып тұрғанда Ерболат Досаев «елімізде жалақының өсуі инфляцияға кері әсер етеді» деп айды аспанға шығарғандай оқиғалар бізде жетерлік. Экономист Бауыржан Ысқақов осыған дейін мемлекет ішкі өндірісті емес, импортты түгендей бергенін айтады. Ақыры не болғанын көріп отырмыз.
– Мәселені сыртқы және ішкі факторлармен бөліп байланыстыруға болады. Сыртқы факторларды айтсақ, пандемия кезінде елдер арасындағы жеткізу қызметі тежеліп, азық-түлік бағасы өсті. Екіншіден, көрші Ресейдің қазіргі санкцияға толы жағдайы. Қазақстан экономикасының сол елге 40 пайыздан астам импорттық тәуелділігі бар. Осы нәрселер бізде қосымша инфляцияның туындауына әкелді. Ішкі факторға келгенде ең әуелі бюджет шығындарының теңгерімсіз өсуін атаймын. Кірісімізден шығысымыз көп. Үкімет пен Ұлттық банк қоян-қолтық жұмыс істеген кезде ғана жағдай оңалады. Үкімет ішкі қажеттілікті импорт есебінен емес, ел ішіндегі өндірістен өтеу жолдарын іздей бас тауы тиіс. Ең бірінші, азықтүлік инфляциясының алдын алу керек. Халықтың табысы автокөлік, киім-кешектен бұрын күнделікті азғантай қажеттілігіне де жетпей жатыр. Сондықтан елдегі азық-түлік өндірісіне көңіл бөліп, логистикалық жолдарды кеңінен қарастырған жөн. Бізде азық сақтайтын қоймалардың тапшылығы 70-90 пайыз аралығында. Егер қоймалар қажеттілік деңгейін жеткілікті дәрежеде сақтай алғанда инфляцияны сәл де болса ауыздықтар едік, – дейді Б.Ысқақов.
Қорыта айтқанда, бағаның қалыптасуына ең бірінші кезекте мемлекет араласуы тиіс. Әйтпесе, өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар да инфляцияға әсерін тигізеді. Сондықтан саудагерлердің де бассыздығы бар. Көктем басында доллардың теңгеге шаққандағы құны 500 теңгеден асқанда лезде азық-түлік пен басқа да тауарлардың құны шарықтап шықты. Кейін доллар бағамы қайта тұрақтанды, бірақ тауарлардың бағасы қалпында қалды. Бұдан кейін қымбатшылыққа қарсы қауқар қалмайтын сыңай бар.