13 ақпан күні кешкі сағат 20.13 те 45 жастағы әйел мен оның 24 жастағы қызы өздерін жайсыз сезініп жедел жәрдем шақыруы нәтижесінде, олардың жәндіктерден тазарту үшін қолданылатын токсикалық заттан уланғаны анықталды.
Осыдан 3 күн бұрын Ақтау қаласының 4 шағын ауданы 57 үйдің тұрғыны көршісінің кесірінен екі қызымен ауруханаға түскен болатын. Оларға жедел жәрдем бригадасы 42 жастағы әйелдің және 15 пен 10 жасар екі қызының химикалық заттармен уланған деген диагноз қойған.
Кеше кешкісін қайталанған оқиға да осы 4 шағын аудан 57 үйде болып отыр. «Кепілдендірілген тегін медициналық көмек донор көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында барлық ем-дом шаралары ұйымдастырылды. Өмірлеріне төніп тұрған қауіп жоқ. Екі-үш күнде үйіне жіберіледі деп күтілуде» ,- дейді аймақтағы денсаулық сақтау басқармасы мамандары.
Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерінің айтуынша тұрғындар қандаланы улаймын деп есігін кілттеп, көршілерге ескертпестен өздері басқа мекен жайға кетіп қалады.
«Айта кету керек, жыл басынан бері қандаланы улау кезінде көрші пәтер тұрғындарының химиялық заттан улану бойынша бұл үшінші дерек. Ал өткен жылы осындай дерек бойынша жедел жәрдем қызметіне тұрғындар 13 рет телефон шалған. Өкінішке орай, салдарынан көз жұмғандар болды, араларында кәмелеттік жасқа толмаған және ересектер де бар»,- дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрбол Оқуов.
Анаргүл Жексембайқызы,Маңғыстау облысы