4 қазақстандық карантинге жабылған
4 қазақстандық карантинге жабылған
242
оқылды
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа байла­нысты карантинге жабылған Diamond Princess круиздік лайнерінде 4 қазақстандық бар екенін хабарлады. Жа­по­ния жағалауындағы кемеде 50 елдің 3 700 азаматы болған. – Коронавирусты лайнердегі 174 адам жұқтырған. Кемедегі 3 700 адамның ішінде қазақ­стан­дық 4 азамат бар. Олардың ден­саулығы қанағаттанарлық. Зерт­ханалық зерттеулердің нәтижелері іске қосылып жатыр, – деді Ден­саулық сақтау министрлігінің рес­ми өкілі Диас Ахметшәріп.
Карантин 19 ақпанда аяқталуы мүмкін. 10 ақпанда Diamond Princess круиздік лайнеріндегі қарт адамдар мен созылмалы аурулары бар адамдар сыртқа шығары­латыны жарияланған. Кемедегі 2 000-ға жуық адам медициналық көмекке зәру. Жапония сыртқы істер министрлігінің айтуынша, 1 850 адам инсулин сияқты ма­ңызды дәрі түрлерін сұраған. Жолаушылардың жартысынан кө­бі – 70 жастан асқан адамдар. Кейбір дереккөздерде Жапо­ния­ның індетке байланысты тексеріс жүргізетін құрылғыларының саны шектеулі екені айтылған. Жо­лау­шылар мәлімдегендей, кеме ішін­де жабдықталған үлкен каюталар бар. Күні бойы бір орында отыр­май, балконға шығып тұратын­дарын жеткізген. Карантинге жа­былған кеме ішінде қызмет­кер­лер әлі күнге дейін жолаушыларға қызмет көрсетіп отыр.
  Мадияр ТӨЛЕУОВ