Басқа түгіл, астананың өзінде интернет жылдамдығы шабан. Елордалықтар қонақтары алдында соған кәдімгідей ұялады. Кейбірі Үкіметке, салалық министрлікке, әкімдікке, ұлттық телекоммуникациялық алпауытқа шағым жазады. Ал билік өкілдері бұған халықтың өзін кінәлап отыр.
Нұр-Сұлтан тұрғыны Тимур Жантикин «Министрліктер үйінің» жанында, Мәңгілік ел даңғылында тұрады. Ұялы операторлар ұсынатын қызметтің сапасына шағымын айтады.
«Kcell-ге талай бардым. Телефонда сигналдың жақсы екені көрсетіліп тұрады. Бірақ Speedtest құралымен тексерсең, шынында оның жылдамдығы 0,3 МБ/секундтен аспайды. Олқылықты түзеу орнына операторлар деректер беру шарты қалай түзілетінін түсіндіріп, жалтарма жауап қайыра салды. Елорданың жекелеген аудандарында ғана жылдамдық 30 МБ/секундке жетеді. Бас қалада осылай болып тұрғанда, Қазақстанда біздің ұялы операторлардың 5G енгізуге қауқарлы екеніне күмәнім бар», – дейді Т.Жантикин.
Шағымданушылардың бірі байланыс операторлары стансасында арналардың жеткілікті сиымдылығы жоқ деген жорамал айтады. «Олар тұтынушыларды кең жолақты интернетке қол жеткізесіз деп алдайды. Инфрақұрылымға мейлінше аз инвестиция салып, барынша көп табыс табуға құныққан», – дейді тұтынушы.
Қазақстанды цифрландыруға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жауапты. Министр Асқар Жұмағалиев ұялы байланыс қызметін көрсету сапасын бақылау мақсатында «Байланыс қызметі сапасының техникалық параметрлерін өлшеу әдістемесі» және «Байланыс қызметі сапасының көрсеткіші» бекітілгенін мәлім етті.
– Осы құжаттар негізінде және азаматтардың шағымына орай біздің министрлік тексерістер жүргізді. Оның нәтижесінде, ұялы байланыс желілерінің жабу аймақтарындағы осал тұстары анықталды. Адамдар ұялы байланыс құралына берілген рұқсат қағаздарды мойындамайды және шатырда базалық станса орнатылуына қарсы шығады. Мұндай деректер әсіресе, елорданың жаңа аудандарына тән, – дейді Асқар Жұмағалиев.
Айхан ШӘРІП