Бас мүфтилер шеруі
Бас мүфтилер шеруі
359
оқылды
Осыдан тұп-тура бір апта бұрын ҚМДБ-ның төғарасы болып Наурызбай Тағанұлы сайланды. Бұған дейін бас мүфти лауазымын совет дәуірінің діни кадры Рәтбек Нысанбайұлы, шығыстанушы һәм әдебиеттанушы Әбсаттар Дербісәлі, фиқһ ілімінің білгірі Ержан Малғажыұлы, мемлекеттік қызметте ысылған Серікбай Ораз атқарған. Олар қазақ руханиятына қандай үлес қосып, қай еңбегімен есте қалды? Тұңғыш мүфти Рәтбек Нысанбайұлы 1969-1975 жылдары Ливия университетінде діни білімін жетілдірген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылуына еңбек сіңірген. Оның тұсында 30-дан астам мешіт салынды. Жалпы, Рәтбек қажы мүфтилік құрған уақытты алғашқы сауат ашу кезеңі деп атар едік. Өйткені атеистік қоғамнан абдырап шыққан халық діннен бейхабар еді. Рәтбек Нысанбайұлы дін саласында ақсап жатқан құжат мәселесін ретке келтіріп, ҚМДБ-ның жұмысын жолға қойды. Алайда Рәтбек Нысанбайұлы әрдайым айтыс-тартыстың бел ортасында жүретін. Сол кездегі бұқаралық ақпарат құралдары оны ашықтан-ашық сынайтын, жұмысына ғана емес, жеке басына да соқтығатын. Рәтбек Нысанбайұлы 1990 жылы мүфтиятты Ташкенттегі Орталық Азия және Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасынан (САДУМ) бөліп әкетіп, өзбектердің билеп-төстеуінен құтқарған. Ал 1991 жылы оған «Алаш» партиясының бірнеше мүшесі мешітте шабуыл жасап, қолын сындырған, бас мүфти қызметінен бас тартуын талап еткен. Рас-өтірігін қайдам, осы қастандықты Рәтбек қа­жыға өшіккен өзбектер ұйымдастырыпты-мыс де­ген қауесет бар. Әйтеуір гу-гу еткен шым-шы­ты­рық әңгіме көп. Мысалы, аттаншыл Амантай қажы Рәтбек Нысанбайұлының қолы сынатынын бір ай бұрын, орнынан түсетінін үш ай бұрын болжапты. Айтпақшы, Рәтбек қажы Өзбекәлі Жәні­бе­ковтің ұсынуымен Құранды қазақ тіліне аударған. Кітап 200 мың данамен тараған. Бұл жайында атақты Асқар Сүлейменов: «Крачковскийдiң 40 жыл аударғанын Рәтбек пен Қыдырханов 2-3 жыл­да қотарма ғып перiп шықты. Өсеров, Рәтбек пен Қыдырхановтың араб тiлiн қаншалық бiлерiн кiм бiлген, ал қазақша бiлмейтiндерiне кәмiлмiн», – деп түйреп өтіпті. Рәтбек Нысанбайұлы ҚМДБ-ны өзі басқарып тұрғанда бірде-бір сектантты елге кіргізбегенін мақтан тұтады. Дегенмен дәл осы дінбасының кезінде қазақ жастары стихиялы түрде жат ағымдарды жағалай бастағаны мәлім. Ойын-сауық бағдарламаларының тұрақты кейіпкеріне айналған тұңғыш мүфти 2000 жылы айқай-шумен орынтағын босатты. Ол бір есте­лігінде: «Жасай алмай қалғаным жоқ, бәрі өз ретімен келіп жатыр. Бірақ бәрін жасап, қызығын көретін кезде кетіп қалғаным ашындырады», – деп өкініштен аһ ұрады. Екінші мүфти Әбсаттар Дербісәлі – филология ғылымдарының докторы, профессор, академик және дипломат. Елбасының өзі оны тек дін сала­сының маманы емес, үлкен ғалым деп айрықша бағалаған. Әбсаттар қажының бір мүшелге тең дәуірінде республиканың тоғыз аймағынан тоғыз медресе, қарилар даярлайтын бір орталық ашылды. Жоғары білімді діни кадрларды оқытатын «Нұр Мүбәрак» университетінің жұмысы басталды. Ха­лықты сауаттандыру жұмыстары жаңа қарқынмен жанданды. Әбсаттар қажы бір сұхбатында: «Мен бұл қыз­метте таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жүрдім. Соған жұртты дағдыландырдым», – деп еске алады. Әйтсе де, Әбсаттар қажы басқарған жылдары ел аумағында секталар қаптағаны жасырын емес. Халық арасындағы діни сананың шайылып, лаңданғаны да сол жылдар. Ұлттың салт-дәстүріне жауыққан псевдосәләфизм ағымы кеңінен тамыр жайды. Айтыс, әдебиет саласының өкілдері теріс ағымға арбалды. Қазақстандағы алғашқы тер­рорлық акті де Әбсаттар Дербісәлінің уақытында, 2011 жылы жасалды. Кей сарапшылар «Дін туралы заң» әзірленген кезде Әбсаттар қажы мұсылмандардың пікірін жинап, білікті ғалым ретінде көмектесудің орнына әліптің артын бағып отырды деп айыптайды. Кейін заң қабылданғанда ғана әлсіз қарсылық танытты деп ренжиді. Өзінің орынбасары Мұхаммет Хусейн Алсабеков екеуі құрылтайдың шешімінсіз бір-біріне «Шейх-уль-ислам» атағын сыйлады деп сынайды. Әбсаттар Дербісәлінің сақал өсірмейтіні де біраз пікірталасқа арқау болды. Мінезінің арқасы ма, әлде еңбегінің еленгені ме, әйтеуір Әбсаттар қажы ҚБДБ-ны табаны күректей 13 басқарып, өз өтінішімен ғылымға ауысты. Рәтбек Нысанбайұлы мен Әбсаттар Дербісәлі қатарынан бірнеше мерзімге сайланса, Ержан Малғажыұлы бұл қызметте небәрі бір-ақ мерзім істеді. Өз еркімен лауазымынан кеткен ол бес жылдың өтуін асыға күткенін айтады. Ержан Маямеров мұсылман әлеміне әйгілі Әл-Азһар университетін тамамдаған. Мысырда 15 жыл бойы діни білімін жалғастырып, 2011 жылы ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша өкіл имамы болып тағайындалған. Білетіндер оны қарапайым, тақуа, дүние жинамайды деп мақтайды. Семейде тұрмысы нашар жандарға жәрдемдесіп, жергілікті жұрттың көңілінен шығыпты. Билікпен тіл та­бысқыш дипломаттығы және бар екен. Шешендік қабілеті онша қалыптаспаса да, шариғи (фиқх) саладан алдына қара салмайды деседі. Ержан Малғажыұлы дін мен дәстүрді қабыс­тыруда айрықша көзге түсті. Ұлттық құнды­лықтарды құрметтеді. Дін қызметкерінің ұстаздық тұлғасын өсіруге ден қойып, «әр имамның кем дегенде бес шәкірті болуы тиіс» деген үндеу тастады. Оның бастамасымен шетелдік діни оқу орындарымен байланыс аясы кеңейіп, білім іздеген жастардың қарасы молайды. Ержан қажының бастамасымен Діни басқарма жанынан  құрылған Республикалық ақпараттық-насихат тобының атқарған еңбегін ерекше атап өткен ләзім. Ең білікті мамандардан жасақталған РАНТ мүшелері мемлекеттік мекеме қызмет­кер­ле­рінен бастап, түзеу колонияларында, оқу орын­да­рында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, экст­ре­мизм мен терроризмнің алдын алуға үлес қосты. 2013 жылы Ержан Малғажыұлы Ғұламалар кеңесін құруға атсалысты. Қоғам өміріндегі кө­кей­кесті мәселелерді талқылап, дер кезінде шешім шы­ғару, пәтуа қабылдап, діни мәселеде ҚМДБ көз­қарасын білдіретін құжат дайындау ісін дамытты. Дау-шардан бойын аулақ ұстады. Сондықтан шығар, артынан қаңқу сөз ерген жоқ. 2022 жылға дейін сайланса да, мерзімінен ерте орнын босатқан Серікбай Ораз бір апта бұрын денсаулығына байланысты қызметімен қоштасты. Ол имамдықтан бөлек, Алматы қалалық әкім­дігі діни бөлімінің сектор меңгерушісі, мемлекеттік қызмет агенттігінің аға қызметкері, Нұр-Сұлтан қаласы Әділет департаменті діни істер бөлімінің бас маманы, Президент іс басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясының директоры тәрізді мемлекеттік қызмет сатыларынан өтті. Серікбай қажы жат ағымдармен күресуді ҚМДБ-ның күн тәртібіне қойды. Республикадағы күрделі аймақтарды анықтап, мемлекеттік меке­мелермен бірлесіп, ауқымды шараларды жүзеге асырды. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 2017 жылы – 940, 2018 жылы – 518, 2019 жылы – 520 адам райынан қайтыпты. Серікбай Ораз жұма уағызын айтудың жаңа үлгісін ұсынып, тек діни әпсаналар емес, қазақтың салт-дәстүрі, ақын-жыраулар мен би-шешендер, қоғам қайраткерлерінің бәтуалы сөздерін уағыз барысында кеңінен насихаттауды қолдады. Мешіт салудың арнайы ережесін бекітті. Су жаңа мүфти Наурызбай Тағанұлы туралы ақпарат аз. Қолдағы дерекке сүйенсек, 1977 жылы 13 наурызда туған. Ташкенттегі Имам Әл-Бұхари атындағы Ислам институтын, ҚМДБ жанындағы Ислам институтын бітірген. Мысырда біліктілігін арттырған.  Бұған дейін Қарағандыда, Нұр-Сұлтанда, Түркістанда имамдық қылған. 2011-2013 жылдары Дін істері агенттігінде діни бірлестіктер жөніндегі басқарманың бас сарапшысы, 2018 жылдан бастап ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары болған. Наурызбай қажы сайланған күні Қордай ауданында ұлтаралық қақтығыс тұтанғаны белгілі. Жанжалдың жай-жапсарына үңілмей, қақтығыс ошағына барған Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың сөзіне назар аударайық. «Дүнгендерде тәрбиенің басым бөлігі мешітте беріледі екен. Ал оның басты уағызшысын Қазақ­стан мұсылмандарының діни басқармасы сай­ламайды. Дүнген тілінде уағыз айтылып жатады. Ол не айтып жатыр? Бәлкім, бізге қарсы үгіт жүргізіп жатқан болар?» – деп қауіптенеді халық қалаулысы. Осы орайда ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайға хабарласып, мән-жайды сұраған едік. – Бүгінде Жамбыл облысы Қордай ауданында 62 мешіт бар. 62 мешітте қызмет ететін имамдар 2019 жылы қайта аттестациядан өтті. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған жұмыс тобы Қордай ауданына іссапармен барды. Іссапар жоспарына сәйкес, аудан имамдарымен кездесіп, жамағаттың сұрақтарына жауап береді, – деді мүфтияттың ресми өкілі. – Мешіттерде дүнген тілінде уағыз айтыла­тыны рас па? – деген сауалымызға біраз үнсіздіктен кейін: – Сұрап көрейін, – деп қысқа қайырды. Біз не дейміз? Жаңа мүфтидің еңбегіне жеміс тілейміз. Онсыз да биліктің қолбаласы атанған ҚМБД-ның абыройын көтеру, күрделі діни ахуалды ескеру, қатерлі ағымдардың жұмысын тоқтату, діни сананы зайырлы һәм ұлттық бағытта ағарту секілді міндеттер Наурызбай Тағанұлының мойнында.   Еркебұлан НҰРЕКЕШ