БҚО-дағы Қаржылық мониторинг агенттігі департаменті қаржы пирамидасын ұйымдастыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Қазақстан Қаржы мониторингі агенттігі баспасөз қызметі, WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы азаматтардан ақшалай қаражат тарта отырып, BINCLOUD қаржы пирамидасы ұйымдастырылғаны анықталғанын хабарлады.
BINCLOUD бағдарламасына сәйкес жеке тұлғалар белгілі бір қаражатқа виртуалды майнинг жабдығын жалға алады, одан күн сайын салынған соманың 5-6% мөлшерінде инвестициялық кіріс алады.
Сондай-ақ клиенттерден кіріс қаражатын шығару кезінде қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың пайдасына жалпы қаражаттың 16% түсіп отырған.
«Егер сіз BINCLOUD бағдарламасына қатысып, зардап шексеңіз, ҚМА аумақтық департаменттеріне немесе сенім телефоны арқылы хабарласуыңызды сұраймыз», - делінген хабарламада.