Жайық журналистерінің жанашырлығы
Жайық журналистерінің жанашырлығы
257
оқылды
Осы аптаның сәрсенбісінде Батыс Қазақстан облыстық 103 жылдық тарихы бар «Орал өңірі» газеті редакциясының қызметкерлері жылдағыдай мұз ойып, балықтарға оттегін жіберу операциясын жүргізді. Іс-шара «Сабақты ине сәтімен» дегендей, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұр-Сұлтан қаласында еріктілердің «Birgemiz» республикалық кеңсесінің ашылуымен, яғни, биылғы Жанашырлар (Волонтерлер) жылының ресми түрде томағасы сыпырылып, тұсауы кесілуімен тұспа-тұс келді.    width= – Өзен-көлдердің бетін қалың қар мен мұз жабатын қыс мезгілінде судағы еріген оттегімен тыныстайтын балық атаулының тыныс-тіршілігі қиындайды. Тіпті, оттегі жетіспегендіктен балықтардың жаппай қырылу жағдайлары да орын алады. Сол себепті біз біраз жылдан бері мұз ойып, балықтарға оттегін жіберу сықылды сауапты істен шет қалмай келеміз. Биыл да біздің бұл бастамамызды Батыс Қазақстан облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ұжымы (басшысы Қайрат Қадешев) қуана құптап, қажетті құрал-сайманмен түгелдей қамтамасыз етті. Өзіміз «Оттегі» операциясы атап кеткен шараға біздің редакцияның ер-азаматтарына қоса, биыл 70 жасқа толатын Михаил Марков бастаған бірқатар еңбек ардагерлері және Орал қаласындағы Жоғары инженерлік-технологиялық колледждің оқытушысы Мержан Қыдырбаев бастап келген студенттер, яғни, балық шаруашылығының болашақ мамандары белсенді атсалысты. Осылайша сәрсенбінің сәтінде Шаған өзенінде 100-ге жуық ойық ойылып, оларды аяз қатырған жағдайда да, су астына ауа бару үшін әлгі ойықтарға қамыс-қоға салынды. Осы сауапты іске «Егемен Қазақстан» газетінің өңіріміздегі меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы, «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Талғат Серікқалиұлы және «Ақжайық», «ТДК-42» телеарналарындағы әріптестеріміз ауқымды ақпараттық қолдау танытты. Біздің бастамамызды қызу қолдап, іліп әкеткен барша үлкен-кішіге рақмет айтамыз, – дейді кең байтақ Қазақстан бойынша ең байырғы басылым – «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Сәкен Әбілхалықов. Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, Батыс Қазақстан облысы