Биыл 14 тамызда Нұр-Сұлтанда триатлоннан BI GROUP IRONMAN 70.3 ASTANA және BI GROUP IRONMAN KAZAKHSTAN халықаралық сайыстары өтеді, – деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Биыл осы қашықтықтан немесе «жарты» деп аталатын қашықтықтан басқа, «толық Ironman» – BI GROUP IRONMAN KAZAKHSTAN өтеді, ол үш кезеңнен тұрады: жүзу – 3,86 км, велосипед – 180,25 км және марафондық жүгіру – 42,195 км. Бұл қашықтықты өту үшін қатысушыларға 16,5 сағат беріледі.
Әлемнің 75 елінен 2200 қатысушы елордада бас қосады. Қатысушылар арасында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, Олимпиада ойындарының қатысушысы триатлоншы Екатерина Шатная, «Алматы Марафонының» атқарушы директоры Салтанат Казыбаева бар.
«Биыл біз көптеген триатлеттерді қарсы аламыз, атап айтқанда: Ресейден 500 атлет, Үндістаннан – 200, Өзбекстаннан – 60, Германия мен Ұлыбританиядан – 30 адам, сонымен қатар Қытай, АҚШ, Франция және Италия елдерінен де қатысушылар келеді. Бұл біздің стартқа, аймаққа және жалпы елге деген қызығушылықтың артуының тікелей көрсеткіші болып саналады. Біз триатлон әуесқойларын ғана емес, барлық спорт сүйер қауымды осы күні жарысқа келіп, отандастарымызды қолдауға шақырамыз. Өйткені бұл жолы олар 16,5 сағатқа созылған қиын жолдан өтеді», – дейді жарыс директоры Алексей Сидоренко.
Іс-шараны тиімді ұйымдастыру мақсатында қала қонақтары мен спортшыларға көмектесу үшін 1200 ерікті жұмылдырылады. Еріктілер халықаралық деңгейдегі іс-шаралар кезінде осыған дейін де қызмет еткен.
BI GROUP IRONMAN 70.3 Astana триатлоннан халықаралық сайысы аясында 12-14 тамыз аралығында спорттық EXPO жәрмеңкесі жұмыс істейтін болады, онда спорттық тауарларды, тағамдарды, жарыстың ресми кәдесый өнімдерін сатып алуға болады.