Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың адвокаты айыпталушыны үй қамағына ауыстыруды сұрады, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бақытгүл Хаменованың адвокаты Игорь Вранчев соттан өз клиентінің бұлтартпау шарасын өзгертуді, оны тергеу изоляторынан үй қамағына ауыстыруды сұрады. Сондай-ақ, айыпталушы мен оның анасының денсаулығын ескеруді, кәмелетке толмаған балалары барын алға тартты.
Бұл өтінішті басқа айыпталушылардың адвокаттары қолдады. Өзге айыпталушылар тарапынан өтінішхатқа байланысты наразылық болған жоқ.
Атырау облыстық прокуратурасы басқармасының прокуроры, кіші әділет кеңесшісі Лаура Асанова соттан өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.
Сот адвокаттың өтінішіне қатысты әзірге нақты шешім шығарған жоқ.
Еске сала кетелік, бүгін, 11 тамызда Бақытгүл Хаменова қатысты сот отырысы өтіп жатыр.
Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевтың ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен тергелген. Ал, «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов ҚР Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігімен тергеуге алынған.
Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты айыптау актісі 55 бетті құраған.
Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.
Бұған дейін сот отырысы 11 тамызға ауыстырылғанын, бұған Бақытгүл Хаменованың айыптау актісінің көшірмесін алмауы себеп болғанын хабарлаған болатынбыз.