Бақытгүл Хаменова 3 тамызда Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметінен босатылған. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"(...) Президент Әкімшілігімен келісе отырып, облыс әкімінің 2022 жылғы 3 тамыздағы өкімі бойынша Бақытгүл Қайыржанқызы Хаменова қызметінен босатылды", - делінген Tengrinews.kz тілшісіне облыс әкімдігі берген жауапта.
11 тамызда басталған сот отырысында Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Оның адвокаты айыпталушыны үй қамағына ауыстыруды сұрады.
Айта кетейік, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова былтыр желтоқсанда қамауға алынған. Онымен бірге Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев пара алу күдігіне ілінген. Күдіктілерге Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге сомасында пара алу күдігімен қылмыстық іс қозғалды. Кейін ол тергеу изоляторына қамалды.
Атырау облысы әкімінің орынбасарына қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен тергелді.
Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқаруға 2020 жылғы 13 наурызда тағайындалған.