Тұрақты даму кепілі
Тұрақты даму кепілі
Фото: Интернеттен алынды
313
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт­тық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Ұлттық банк төрағасы Президентке биылғы қаңтар айындағы қаржы-кредит саясатының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Сонымен қатар Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаевтың қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін берген тапсырмаларының орындалуы жөнінде мәлімдеді. Сондай-ақ Ұлттық қорды басқарудың 2019 жылғы есебі берілді. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді. Ел Президенті сәрсенбі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевты қабылдады. Қ.Тоқаевқа үкіметтік комиссияның Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масаншы, Қаракемер, Сортөбе, Ауқатты және басқа да ауылдардың тұрғындарымен өткізген кездесу қорытындысы туралы мәлімет берілді. Қазақстан Президенті елдегі тұрақтылықты, ұлттар мен этностар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты сақтауға бағытталған шаралар қабылдау үшін бірқатар нақты тапсырма берді. Кездесу барысында Жамбыл облысындағы дүнген қауымының жергілікті қазақ қауымдастығымен араласуына, қазақ тілін үйренуіне, мемлекеттік органдарға құрметпен қарауына қатысты мәселелерге баса мән берілді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовті қабылдап, есебін тыңдады. Бейбіт Атамқұлов Президентке «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және Индустрияландыру бағдарламаларының жүзеге асырылуы туралы баяндады. Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысына, соның ішінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды, жастарды баспанамен қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән берілуі керегін айтып, бірқатар нақты тапсырма берді. Ал Қостанай облысының әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, Президент тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады. Архимед Мұхамбетов өңірдегі тұрғын үй құрылысының, соның ішінде халық­тың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған баспаналар салудың оң қарқыны, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету үшін қабылданған шаралар, сондай-ақ арнайы техника мен автомобильдер шығару жөніндегі маңызды индустриялық жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы азық-түлік бағаларының өсуіне жол бермеу шараларын қабылдаудың маңызды екенін атап өтіп, Арқалық Жылу энергиясы орталығын қайта қалпына келтіру жұмысын тезірек аяқтауды тапсырды. Бауыржан САБЫРБЕК