Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндерге қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр
Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндерге қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр
© azattyq-ruhy.kz
1,357
оқылды
Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулин мен оның егіз інісі Ерлан рейдерлік басып алу қылмыстық ісі бойынша тексеріліп жатыр. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
«Қазір елордадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің орталық аппараты Балқаш оқиғасына қатысты, сондай-ақ екі ірі кәсіпкер – Қуат Сұлтанбеков пен Ерлан Нығматулин арасындағы өзара қарым-қатынасқа қатысты істі зерттеп жатыр. Зерттеу 2022 жылдың сәуірінде басталған. Бұл іс бойынша Сұлтанбеков жәбірленуші деп танылды. Мәселе Сұлтанбековке тиесілі демалыс аймағына қатысты. Кәсіпкердің адвокаты мен іскердің ресми өкілдерінің айтуынша, олар Нығматулиндер тарапынан рейдерлік басып алуға ұшыраған. Өндіріс жүргізілуде. Жедел-тергеу тобы құрылды. Осы іске Нығматулиндердің қаншалықты қатысы бар екендігі зерттеліп жатыр», – деді елордалық адвокаттар алқасының адвокаты Мәулен Әлімбаев.
Дереккөздің жазуынша, балқаштық кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков 2012 жылы Ерлан Нығматулинмен араздасып қалған. Осыдан кейін Сұлтанбеков 21 жылға түрмеге жабылады. Оның 10 жылын өтеді. Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Николай Абт айтуынша, кәсіпкердің Нығматулинмен қақтығысы 2011 жылы Сұлтанбековтің қаладағы сыбайлас жемқорлық мәселелерін белсенді көтеруінен басталған. Балқаштың прокуратурасы қаланы абаттандыру бойынша тендерлерді өткізуде өрескел заң бұзушылықтарды анықтады. Қарағанды облысы бойынша қаржы полициясы департаменті арнайы сараптамамен мемлекеттік тапсырыс аясында мемлекеттік қаражаттың жымқырылғанын анықтаған болатын. Осыдан кейін 2012 жылдың 27 қаңтарында Сұлтанбеков Балқаштан Астанаға барар жолда қаруды заңсыз сақтау және алып жүру күдігімен тексеріліп, ұсталды. Тергеу алты күнде аяқталды және кәсіпкер 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейіннен жазасын өтеу мерзімі 21 жылға созылды. Өйткені, қылмыстық-түзету мекемесінде Сұлтанбековке қатысты тағы бес қылмыстық іс қозғалды. 2022 жылы 10 жыл қамауда болғаннан кейін кәсіпкерге қатысты үш қылмыстық іс қайта қаралды, ақыры ақталып, босатылған. Жәбірленушінің адвокаты Юлия Джафарованың айтуынша, Сұлтанбековке қарсы барлық іс ойдан шығарылған.
«Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері Сұлтанбековтің ісі бойынша жәбірленуші деп танылған сотталғандарға дене жарақатын келтіріп, азаптаған. Содан кейін оларға қысым көрсетіп, Сұлтанбековке қарсы шағым жазуға мәжбүрлеген. 2022 жылғы 27 шілдеде ШҚО сот алқасы Сұлтанбековке қатысты Өскемен қаласында жасалған қылмыстық істер бойынша үш үкімнің күші жойылды», – деді қорғаушы.
Қорғаушы тарап қалған үш іс бойынша да Сұлтанбековтің кінәсіздігін дәлелдеуге үміттеніп отыр.
«Барлық алты істің өз фабулалары бойынша өзіндік ерекшелігі бар және бірден күшін жою мүмкін болмады, Сұлтанбековті оңалту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Үш қылмыстық іс қалды, олардың бірі – 2012 жылғы іс», – деді Мәулен Әлімбаев.
Нығматулиндер Қазақстандағы ықпалын сақтап қалды ма деген сұраққа Әлімбаев оң үрдісті атап өтті.
«Нығматулиндердің ықпалын уақыт көрсетеді. Бірақ қайткен күнде де істің басы көтерілді, өндіріс жүріп жатыр. Ағайынды екеудің заңсыз әрекеттері іс жүзінде жүзеге асты», – деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, Сұлтанбеков пен оның жақындары Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндер бизнесменді қылмыстық қудалауға және оған қатысты жазаны одан әрі қатайтуға тапсырыс беруші екенін бірнеше рет айтқан болатын. Сұлтанбековке қарсы жасалған істер бойынша ақтау үкімі 27 шілдеде шығарылды. Нұрлан Нығматулин қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылғы 1 ақпанда Мәжіліс Спикері қызметінен кетті. Ол Парламенттің төменгі палатасын 2016 жылдан бастап басқарған. Оған дейін ол 2012-2014 жылдары Мәжіліс Спикері болған еді. Әр жылдары ол Президент әкімшілігін басқарды және Қарағанды облысының әкімі болды. Ерлан Нығматулин – Нұрлан Нығматулиннің егіз інісі. Ол Мәжілістің де, Сенаттың да депутаты болған. Айта кетерлігі, қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұрхан Нұрланов та фигурант. Ол ағасы Нұржан Нұрлановпен бірге жетекшілік ететін «Қазфосфат» зауытында жұмысшылар жиі қайтыс болып жатады. Бас прокуратура таратқан хабарламада «Қазфосфат» ЖШС басшылығының 697 млн теңге көлемінде монополиялық табыс алуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғаны жазылған.