«Өлтіріп, табытқа салып алып келді» – полигонда қаза тапқан сарбаздың әжесі
«Өлтіріп, табытқа салып алып келді» – полигонда қаза тапқан сарбаздың әжесі
Фото: yandex.kz
4,155
оқылды
Биыл көктемде әскерге өзі сұранып барған көкшетаулық сарбаз Алмас Шахимовты туған-туыстары мен жерлестері соңғы сапарға шығарып салды, – деп хабарлайды КТК арнасы­. 19 жастағы сарбаз Алматы іргесіндегі полигонда оқу-жаттығу кезінде оқыс жағдайдан қаза тапты. Алмас – отбасында жалғыз ұл. Ол Отан алдындағы борышын өтегенге дейін құтқарушы мамандығын игерген. «Сол күні далада жаттығу жұмысы кезінде аяқ астынан басталған құмды дауылда өзгелерді құтқаруға ұмтылғаны да кәсібіне деген адалдығы болар», ­– дейді туған-туыстары. Марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға келген қаруластары мен әскери бөлім командирі Алмастың көзсіз ерлігі жайлы баяндап берді. Қаруластарын құтқарамын деп жүргенде жас жігіттің басына темір құрастырма бағаны құлап, ауруханада қайтыс болды. Алмас Шахимов мемлекеттік наградаға ұсынылған. Әйтсе де, Алмастың туыстары сарбаздың ажалына жауаптылар болуы тиіс деп санайды. Марқұмның әжесі Гүлмайда Туғамбаева: «Әскерге ешкім шақырған жоқ. Өзі әскерге барам деп кеткен. Өз аяғын басып кетіп еді. Өлтіріп, табытқа салып алып келді. Әскерде тәртіптің жоқтығы бұл. Палатқа құлағанда ішінде балалар айғайлады деді. Балалар қалып қойған. Соған командир кірмей, неге солдат кіреді?», ­– дейді. Бұған дейін Алматы облысында сарбаз қайтыс болғаны туралы жазған болатынбыз.