Бүгін сағат 10.20-да Нұр-Сұлтан-Қарағанды тас жолының Ошағанды ауылына жақын маңда болған көлік апатынан екі адам көз жұмды.
Foton автокөлігінің жүргізушісі қашықтықты сақтамай, оң жолақтан сол жолаққа ауысып, DAF және Volvo жүк автокөлігінің арасына кіріп кеткен. Нәтижесінде DAF автокөлігі Foton автокөлігімен соқтығысып, алдында келе жатқан Volvo автокөлігін қаққан. Жол көлік оқиғасының салдарынан Foton автокөлігінің 31 жасар жүргізушісі мен оның 30 жасар жолаушысы алған жарақаттан оқиға орнында көз жұмды.
Қарағанды облысы ІІД-нің хабарлауынша бұл факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу жүргізілуде.
Кеше де «Нұр-Сұлтан –Қарағанды» тас жолында көлік апаты орын алып, бір адам қаза тапқан болатын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты «Қарағанды – Осакаровка» тас жолында сағат 15:27-де жаппай жол-көлік оқиғасы орын алды. 15 көліктің соқтығысуы салдарынан бір адам өмірмен қоштасты.
Бүгін Теміртау орталық ауруханасының реанимациялық бөлімінде трассада бас пен аяқ жарақатын алған Нұр-сұлтан тұрғыны көз жұмды.
– Қайтыс болған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны 1986 жылғы. Жарақаттары ауыр болды, басы мен аяқтары зақымдалған. Келіп түскеннен кейін ол реанимациялық бөлімшеге орналастырылды, бірақ ағза соққыны жеңе алмай, қайтыс болды, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Зардап шеккен екінші жолаушы үйде амбулаторлық ем қабылдауға босатылды.
Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы