Несие аларда қайтаруды ойласақ...
Несие аларда қайтаруды ойласақ...
Коллаж: Қуаныш Аман
310
оқылды
Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, бүгінде қазақстандық екінші деңгейлі банктердің жиынтық активі 37 трлн 622 млрд теңгеге жеткен. Бұл кейінгі алты жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Сондай-ақ, банктердің несиелік портфелі бір жылда 27,5 пайызға өсіп, жалпы сомасы 20,1 трлн теңгені құраған. Биыл банктердің базалық мөлшерлемесі ұлғайғанына қарамастан, бизнесті несиелеу 12,7 пайызға, халықты несиелеу 40 пайызға артқан. Әйтсе де, берілген несие неғұрлым көбейген сайын проблемалық борыштың қатары да қалыңдай түсетіні белгілі.   БАНКТЕРДІҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МАҢЫЗДЫ Жеке компаниялардың жайы түсінікті, олар несиені негізінен капитал айналымын қаржыландыру және іскерлік белсенділігін бәсеңдетпеу үшін алады. Өткен жылы бизнеске 11,1 трлн теңге несие берілген. Ол республикалық бюджеттің шығыс бөлігіне жетеқабыл (14,8 трлн тг). Осы мысалдан-ақ банктердің қаржылық тұрақтылығы ел экономикасы үшін қаншалықты маңызды екенін байқай беріңіз.
«Біздің есебімізше, 2022 жылдың жарты жылында стрестік активтер банк жүйесі активінің 2,4 трлн теңгесін немесе 6,1 пайызын құрады. Оның ішінде жұмыс істемейтін берешек банк секторы несиелік портфелінің 3,6 пайызынан немесе 800 млрд теңгеден асты. Дегенмен, бұл Қазақстан экономикасының қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейді», – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) төрағасының орынбасары Олжас Қизатов.
Әрине, қаржы реттегіші қарызды кешіру, оның өтелу жағдайын жақсарту, кепілзаттарды сату сияқты қолда бар заңды мүмкіндіктерді пайдалана отырып, түйткілді активтерді азайтуға тырысады. Қаржы саласын сауықтыру мақсатында 2020 жылы салық заңнамасында банктердің заңды тұлғалардың қарызын өшіргенде, оларды салық төлемдерінен босату туралы, сондай-ақ Проблемалық несиелер қорынан (ПНҚ) стрестік активтерді сатып алған инвесторлардың шығынын азайтуды қарастыратын өзгертулер енгізілген. Бұл шаралар түйткілді активтердің құнын әділ бағалау бойынша жасалып жатқан кешенді жұмыстарының бір парасы деуге болады. Сол арқылы активтердің шынайы нарықтық құнын қалыптастыруға және мәміленің ашық жасалуына мүмкіндік туады. Сондай-ақ жеке тұлғалардың түйткілді борыштарын азайту бойынша банктермен келісім жасалды. Осыған орай, жыл соңына дейін 630 мың жеке тұлғаның қарызын оңтайландыру жоспарланған. Олардың 84,7 мыңы әлеуметтік тұрғыдан осал санатқа жататындар. Осындай шаралар арқылы бір жыл ішінде жалпы сомасы 694 млрд теңгенің түйткілді қарызы кешірілді. Әйтсе де, «Бірінші кредит бюросы» ЖШС атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваның айтуынша, былтыр ақталған мәртебесі берілген борышкерлердің әрбір бесіншісі жаңадан алған несиелерінің төлем уақытын қайтадан созып алған.
«Бір жыл ішінде 1 млн 444,6 мың борышкердің несиесі ақталды. Бұл адамдардың жағымсыз несие тарихын түзеп, қайтадан қарыз алуына мүмкіндік берді. Сөйте тұра, қарызы кешірілгендердің бәрі бірдей одан дұрыс шешім шығара алмады», – дейді Ә.Нұрғалиева.
«Бірінші кредит бюросы» ЖШС талдау орталығының дерегіне сүйенсек, несиесі ақталған борышкерлердің 689,2 мыңы қайтадан жаңадан несие рәсімдеген. Оларға жалпы сомасы 1,77 трлн теңгенің несиесі берілген. Бұлардың тек 12 пайызы ғана (84,4 мың адам) мерзімінде қарыздарынан толық құтылған, 256,4 мыңы – берешектерін ішінара жапқан, ал басым бөлігі – 348,4 мың адам алған несиелері бойынша әлі төлем жасамаған. Қорыта айтқанда, былтыр ақталған мәртебесін иеленген борышкерлердің әрбір бесіншісі несие бойынша төлем мерзімін кем дегенде бір күнге кешіктірсе, 15 пайызы жарты айдан бастап одан көп уақытқа төлем мерзімін созып алған.   БҰҚАРАНЫҢ БЕРЕШЕГІН КЕШІРУГЕ БОЛА МА? Жалпы, кейінгі үш жылда банктердің жеке тұлғаларды несиелеуі 70 пайызға артып, несие сомасы – 11,4 трлн теңгеге жеткен. Бүгінде 6,3 млн адамның банктерге борышы бар. Одан бөлек, 1,2 млн адам шағын қаржы ұйымдарына берешек. Яғни, Қазақстанның ересек тұрғындарының барлығы дерлік мойындарына қарыз қамытын ілген. Мұның ішінде 1 миллионнан астам борышкер несиелерін уақытылы өтей алмай, пұшайман күй кешіп жүр. Соңғы уақытта азаматтарымыздың елеулі бөлігі аса қомақты заттар үшін ғана емес, ас-су, киім-кешек сатып алу, баланы мектепке дайындау үшін де несие алатын болған. Бұл ашық дерек көздерінен алынған нақты статистика. Осыған қарап проблемалы несиенің бүгінгі күннің аса көкейтесті мәселесіне айналғанын көреміз. Экономист Марат Қайырленовтың айтуынша, мұндай жағдайда азаматтардың несиелерін кешіру мәселесін қарастырудың еш сөкеттігі жоқ. Өйткені мемлекеттің қыруар қаржысы онсыз да көптеген сәтсіз жобаларға текке шашылып, рәсуа болып жатыр.
«Индустрализациялау бағдарламасына 54 млрд доллар жұмсалды, бірақ одан шыққан нәтиже жоқ. Ал сол үшін бағдарламаға жауапты қай шенеунік сотталды? Жеке компанияларға да тікелей төлем ретінде, салықтық жеңілдік ретінде жиі қолдау көрсетіліп келеді, олардың ақшасы ондаған миллиард доллармен есептеледі. Ал 2017 жылдан бері бюджеттен банктерді құтқару үшін 701 млрд теңге жұмсалған», – дейді экономист.
Оның пікірінше, осы тұрғыдан алғанда, халықтың 6-7 млрд доллар көлеміндегі несиесін кешіре салудың еш қиындығы жоқ. Мысалы жұрттың ақысын төлей алмай отырған басындағы жалғыз баспанасының ипотекасын, тұтынушылық несиелерін өшіруге болады. Әрі-беріден кейін бұл қоғамның тұрақтылығын сақтап азаматтардың кәсіпкерлік қабілетін ашу үшін қажет. Адамды несие қамытынан құтқару арқылы Үкімет оларға жеке бизнес ашуға мүмкіндік жасайды. Ал мемлекет қарызын өшірген адамдарды масылдық сезімнен арылту үшін олардың өздерінің немесе отбасы мүшелерінің 5 жыл ішінде несие алуына тыйым салатын пәрменді шарттар енгізгені жөн.