Жаңа оқу жылы қарсаңындағы қарбалас шақта «AMANAT» партиясы жанындағы қоғамдық саясат институты шілде айында оқушыға ең қажетті деген құрал-жабдықтар мен киім-кешектің бағасын есептеп шығарды. Зерттеу ABDI, Glasman дүкендерінің онлайн және бөлшек саудадағы киімдері мен оқу құралдарының бағасы негізінде жргізілген. Қорытындысында, институт мамандары оқушыға ең қажетті кеңсе тауарларының бағасы 13 мың 885 теңге болатынын есептеген. Бұл сома баланың оқуына қажет 22 кеңсе тауарының бағасынан құралған. Оған қоса, мектеп формасы мен спорттық киімнің бағасы орташа есеппен 69 мың 980 теңгеге бағаланған. Сонымен, «AMANAT» партиясы жанындағы қоғамдық саясат институтының мәліметінше, бір мектеп оқушысын мектепке дайындауға 83 865 теңге керек. Дегенмен бұл зерттеу шілде айында жүргізілгенін ескеру керек. Ал жаңа оқу жылы жақындаған сайын базар бағасы тіптен шарықтай түседі. Осы орайда біз аймақтардағы мектепке дайындалудың дәл қазіргі «құнын» анықтап көрген едік. ЖӘРДЕМАҚЫ ЖАЛҒЫЗ БАЛАНЫ ЖАРЫЛҚАЙДЫ Жамбылда да мектеп формасы мен кеңсе тауарларының бағасы бұғауға көнбей барады. Мәселен, Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы «Бек» пен «Ауыл-Береке» базарындағы қыздардың ақ көйлегінің ең арзаны 5 мың теңге тұрады. Белдемше мен ақ жейдесін, шалбарын осы бағадан табуға болады. Аяқ киімнің ең арзаны 6 мың теңгеден, ал мектеп сөмкесі 4000-5000 теңгеден басталады. Бұл – бастауыш сынып оқушыларына арналған киімдердің құны. Жоғары сынып оқушыларының мектепке дайындығы олар дан 2-3 есе қымбатқа шығады. Қысқасы, Жамбылда бір баланы бастан-аяқ киіндіру үшін 60-70 мың теңге қажет. Киімнен бөлек оқуға қажетті құралжабдықтардың да бағасы қалтаны қағарлықтай. Базарда 12 беттік дәптер 40 теңге тұрса, қалың пән дәптерлерінің 400 теңгеден арзаны жоқ. Дәптер қаптағыштың 1 данасы 65 теңгеге бағаланса, күнделіктің құны – 500 теңге. Сызғыштардың ең кішкентайы 200 теңгеден басталып, ұзындығына қарай қымбаттай түседі. Әрине, табысы жақсы, бір-екі баласы барларға бұл баға ауыр соқпауы мүмкін. Есесіне бірнеше баласы мектепке баратындарға мектепке дайындықтың өзі қиын соқпақ.
– Құдайға шүкір, тоғыз құрсақ көтердім. Оның жетеуі мектеп жасында. Әрине, әр баланың өз нәсібі бар деп жатамыз. Алайда бүгінгідей нарық заманында жеті баланы бірдей мектепке дайындау – қиынның қиыны. Түк алмадым дегеннің өзінде бір балаға 40 мың, жоғары сынып оқитындарына 80 мың теңге кетіп қалады. Алатын жәрдемақымыз 95 мың теңгені құрайды. Бі рақ шындығына келгенде бұл тек бір баланың ғана қажетін түгендеуге әзер жетеді, – дейді көпбалалы ана Айткүл Оңғарбай.
Саятхан ЖАПАРҰЛЫ, Жамбыл облысы
ДЕМАЛЫП ЖҮРІП, ДӘПТЕР САТЫП АЛҒАН Солтүстікқазақстандық ата-аналар баланы мектепке дайындау үшін әр қайсысына 50-100 мың теңге аралығында шығындап жатыр. Баласы биыл мектеп табалдырығын аттаған Мөлдір Байғалиева мектеп формасын жаздың басында жеңілдікпен алған күннің өзінде оның бағасы 30 мың теңгеге жетіп қалғанын айтады. Бұған қоса, кеңсе тауарлары, қалам-қарындаш, дәптер сияқты ұсақтүйекке 20 мың теңге жұмсапты. Артық-ауыс ештеңе жоқ, соның өзінде 20 мың теңгеге жетіп жығылған. Оның үстіне, бұл заттарды ата-аналар бірігіп, жеткізіп берушілерден көтерме бағамен тапсырыс беріп алдыртқан екен. Ал кеңсе тауарларын дүкеннен алған ата-аналар Мөлдірдің бұл тәсілі шынында арзанға түсетінін айтқан. Себебі мұндай бірлескен саудалар арзанға түседі. Ата-аналар биыл жай дәптердің бағасы шарықтап кеткенін айтуда. 12 беттік дәп тердің өзі 50 теңгеден сатылып жатыр. Петропавл тұрғындарының кейбірі дәптерді жазғы демалысқа барған өңірлерден ала келген. Мәселен, петропавлдық Айнұр Қазбекова жазда дәптерді Шымкенттен 25 теңгеден алған. Баласы лицей сыныбына баратын ата-аналарға қосымша әдебиет сатып алуға тура келеді. Лицейліктерге жалпы оқулықтарға қоса, Л.Г.Петерсонның қосымша дәптерлері, О.В.Узорованың математика бойынша оқулықтары, алтын топтама есептер және теңдеулер жинағы сияқты оқу құралдары қажет. Бұл – 8-10 мың теңге көлеміндегі қосымша шығын. Кейбір оқулықтарды ата-аналар тапсырыс беріп, басқа қаладан алдыртыпты.«Әлі ұлымыздың жейдесін, аяқкиімін, дене шынықтыруға арналған формасын алған жоқпыз. Портфельдің де бағасы күйіп тұр. Ортопедиялық дегендері 30-40 мың теңгеге дейін жетеді. Жейделердің бағасы 6-7 мың теңге маңайында. Оның бірнешеуі, кем дегенде екеу керек. Бір жуғаннан қалмайтын Қытайдың киімін алғым келмейді. Ал сапалырақ дегендерінің бағасы да тиісінше жоғары», – дейді Мөлдір.Сонымен, биыл Солтүстік Қазақстан облысында баланы мектепке даярлау үшін кететін шығын 100 мың теңгенің маңайына жуықтайды. Шамасына қарай бұдан да әлдеқайда көп жұмсап жатқандары бар.
Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы
БАҒА ЫРЫҚҚА КӨНБЕЙ ТҰР Қызылорданың базары мен сауда орындарынан да бала жетектеген атааналарды көп кезіктіресіз. Әсіресе, мектеп тауарлары сатылатын сауда орындарында ұзын-сонар кезек орын алған. Биылғы мектеп формасы мен кеңсе тауарларының бағасы өткен жылғымен салыстыруға келмейді. Бүгінде дүкен сөрелеріндегі мектеп сөмкесінің бағасы 10-15 мың теңгеден басталады. Жазуға қажетті қаламсап 50-100 теңге аралығында, ал 12 беттік дәптердің базардағы бағасы 50-80 теңге болса, дәптер және кітап қаптағышы 30-100 теңгеден сатылып жатыр. Сондай-ақ бейнелеу дәптері 400-600 теңге болса, өшіргіш 50-100, түрлі түсті қалам 1100- 2000 теңгеге бағаланып тұр. Сондай-ақ күнделік 400-800 теңге аралығын көрсетеді. Негізі әрбір ата-ана 1 балаға кемі 30-50 дәптер алады. Соның нәтижесінде қанша қаржы жұмсайтынын бағамдай беріңіз. Оқу формасына тоқталар болсақ, ер балалардың классикалық үлгідегі киімкешегі 20-25 мыңға бағаланған. Аяқкиімнің бағасы да аспандап кеткен. Базарда аяқкиімді 10-15 мың теңгеге алуға болады. Спорттық киімдер 10-15 мыңға сатылып жатыр екен. Бұл – облыс орталығындағы қала мен ауданнан арнайы келген алушылар жиі тұтынатын «Ескі базар» аталатын базардағы бүгінгі баға. Ал ірі сауда орындарындағы баға тіпті шарықтай түскен. Нәтижесінде, қызылордалықтар үшін ең төмен бағамен есептеп көргеннің өзінде, бір баланы мектепке даярлау орташа есеппен 150 мың теңгенің үстіне шығады. Майда-шүйде заттарды қосқанда бұдан да көп қаржыңыздан қағылатыныңыз айтпаса да түсінікті.Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы
БАЗАРДАН АЛУ АРЗАНҒА ТҮСЕДІ Оқу жылы басталуға жақындаған сайын ақмолалық ата-аналардан да маза кетеді. Тамыз айы келгеннен бұл аймақтағы да оқушылардың киім-кешегі мен оқу-құралдарының бағасы бірден шарықтап шыға келеді. Оны базарлар мен дүкендерді жағалап, балаларының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтап жүрген ата-аналар да растайды. Ақмола облысында дүкендеріндегі бағаның бағамымен кеңсе тауарларына ғана ата-аналар орташа есеппен 30-35 мың теңге шығындайды. Мұның ішінде оқушы сөмкесінің өзі кемінде 15-20 мың теңгеге жетіп жығылған. Десек те, көпшілік кітап, қағазды базардан алуға шақырады. Мұнда бір оқушыға оқу құралдарымен сөмке шамамен 15 мың теңгенің айналасында. Ал бір оқушыны мектепке киіндіру үшін 93 500 теңге көлемінде қаржы шығындалатынын байқадық. Мұның ең төменгі баға екенін де атап өткен жөн. Сапаға мән беретін болсаңыз, бұл шығын 100 мың теңгеден асып кетуі де мүмкін.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы