Туризмге серпін бермек
Туризмге серпін бермек
Фото: Интернеттен алынды
237
оқылды
Заңнаманы жетілдіру туризм саласын жандандырады. Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс Бюросы өтті. Жиында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі жобасы айқындалды. Келесі апта сәрсенбісінде депутаттар қарауына туристік қызмет мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға енгізілетін түзетулер жобасы бірінші оқылымда ұсынылмақ. Мәжіліс басшысы заң жобасының маңызына тоқтала келе, осы саладағы заңнамалық базаны жетілдіру елдегі туризмнің өркендеуіне ықпал ететінін атап өтті. Құжат туризмді мемлекеттік қолдау шараларын анықтауға, ішкі және сыртқа саяхаттау туризмін дамытуды ынтыландыру үшін құқықтық жағдай жасауға, сондай-ақ оңтайлы талаптар белгілеу арқылы шығу туризмі қызметін реттеуге бағытталған. Сонымен бірге, Мәжіліс депутаттарының талқылауына ратификациялық заң жобаларының топтамасы шығарылмақ. Олардың қатарында Көлік құралы, өздігінен жүретін машина және техниканың басқа да түрлері паспорттарының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімге Арменияның қосылуы туралы хаттама бар. Бұдан бөлек, топтамаға Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Еңбек қызметі және еңбекші мигранттардың құқықтарын қорғау туралы үкіметаралық келісім кірді. Жалпы отырыста палата аудиторлық қызметке қатысты жаңа заң жобасын, сонымен қатар депутаттар әзірлеген ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша түзетулерді жұмысқа қабылдап алады және салалық комитетке олар бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін белгілейді деп күтілуде. Елдос Сенбай