Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев жаңа оқу жылына қатысты баспасөз мәслихатында басты ақпараттарды жария етті.Қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өткен онлайн брифинг «Жалпыға міндетті білім беру» бағдарламасы мен «Мектепке жол» республикалық акциясы» тақырыбына арналды.
Білім басқармасының басшысы брифингті оқулықтарға қатысты мәліметтермен бастады. Оның айтуынша, бүгінде мектептердің қорында 1-11 сыныптарға арналған 2,5 млн-нан астам оқулық бар. Сонымен қатар, биыл мектептердің кітапхана қоры 2-сыныптарға арналған жаңа шығарылған оқулықтармен толықтырылмақ. Жаңартылып, қайта шығарылған кітаптар 12 тамызда жеткізіліп, 15 тамыздан бастап таратыла бастайды. Қазір мектептер оқулықтарды 1-9 сыныптардың оқушыларына таратып бастады. Ал 25 тамызыға дейін елордалық оқушылар 100 пайыз оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етіледі. Оқушы санының артуына байланысты 1 млн-нан астам қосымша оқулық сатып алынбақ.
Жаңа оқу жылында Нұр-Сұлтан қаласында бірінші сыныпқа баратын оқушы саны 26 мыңға жуық. Жалпы жыл сайын көші-қон ағынына байланысты астаналық оқушылар саны 15-20 мың балаға артып отыр. Сондықтан 4 мектеп үш ауысымда білім беруге мәжбүр, ал 15 мектепте бала саны шамадан тыс артқан. Осы үш ауысымды және тығыздық мәселесін шешу мақсатында биыл жыл соңына дейін 23 мың оқушыға арналған 11 мектеп пайдалануға берілмек. Соның алғашқы екеуі қыркүйек айында оқушыларға есігін айқара ашады.
«Бала санының өсуі көші-қонмен байланысты. Егер, 2020-2021 оқу жылында оқушылардың жалпы саны 193 512 баланы құраса, 2021-2022 оқу жылында 215 074 бала білім алды. Биыл да сондай тенденция байқалады. Бұл елордада үш ауысымдық және тығыздық мәселесін туындатады. Осы мәселені шешу мақсатында жыл соңына дейін ашылуы тиіс 11 мектеп өз кезегінде 7 мектептің тығыздық мәселесін шешуге ықпал етеді деп ойлап отырмыз. Соның алғашқы екеуі – Е51, Е69, Е70 көшелері және «Зәм-Зәм» тұрғын үй кешені ауданында Binom мектебі және Е-22 көшесі мен Тұран даңғылы ауданында International School Of Nur-Sultan City мектептері жаңа оқу жылының басында ашылмақ. Аталған мектептердегі оқушы орындарының жалпы саны 6 мыңды құрайды (екі ауысымда). Ал жалпы Жол картасына сәйкес, 2025 жылға дейін 80 880 орынға арналған 67 мектептің құрылысы жоспарланған», – дейді Қасымхан Сенғазыев.
Спикер жөндеу биыл 38 білім беру нысаны жұмыстары бойынша жоспарда тұрғанын айтты. Оның ішінде 12 нысанда күрделі жөндеу (3 мектеп, 8 балабақша, жалпы тамақтану және сервис колледжі), 26 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары (13 мектеп, 13 балабақша) жүргізілмек. Бүгінде 3 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Олар – №1 балабақша, №59 балабақша, жалпы тамақтану және сервис колледжі. Ал қалғандары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жоспарлы жұмыстар 90 пайызға орындалған, алдағы 25 тамыз күні аяқталуы тиіс. Ағымдағы жөндеу 13 нысанда аяқталған.
«Дәстүрлі «Жалпыға міндетті білім беру» бағдарламасы аясында оқушылардың мектеп киімдерін, аяқкиімдерін және мектепке қажетті кеңсе тауарларын сатып алу үшін көмек көрсетіледі. Үкіметтің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 Қаулысына биыл 8 тамызда енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұл көмек өтініштің келіп түсуіне сәйкес ақшалай жүзеге асырылады. Материалдық көмек алушы өтініш жазып, несиелік қарызы жоқ және бұғатталмаған банктік картаның 20 таңбалы нөмірін ұсынуы тиіс немесе материалдық көмекті аудару үшін банкте арнайы шот ашуы қажет. Ал қаражатты мақсатты түрде пайдаланғанын дәлелдеу үшін міндетті түрде құжаттамалық растау (түбіртек, чектер, фото) арқылы оларды сатып алған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде білім беру ұйымына тапсыруы керек. Қолдау атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға, отбасыларда тұратын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ басқа санаттарға да (қиын жағдайға тап болған отбасылар, оның ішінде мүгедек балалары бар) көрсетіледі», – дейді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, аталған материалдық көмектің көлемі бір балаға шаққанда 40 мың теңгені құрайды. Бұл сома ең төменгі күнкөріс деңгейі – 37 389 теңгеге сәйкестендіріп алынған. Биыл осы көмекпен 16 720 білім алушыны қамту жоспарланып отыр. Бүгінгі күні елордалық мектептерден 8 мыңнан аса өтініш түскен. Жұмыс әлі жалғасып жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылы көмектің мөлшері дәл осындай бір балаға 40 мың теңгені құрап, 13 245 оқушы, 2021 жылы осындай көмекпен 14 620 оқушы қамтылған болатын. Сондай-ақ, дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы да жалғасып жатыр. Акция 1 тамызда «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» ұранымен басталды. Қазір акцияға мемлекеттік органдарды, меценаттарды, демеушілерді, үкіметтік емес ұйымдарды тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Астаналық 30-дан астам шағын және орта бизнес субъектісіне хат жолданған.
«Бұл акция шеңберінде халықтың мұқтаж санаттарының балаларына (аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан), сондай-ақ әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу мақсатында демеушілік қаражат есебінен көмек көрсетіледі. Жалпы, жаңа 2022-2023 оқу жылында аудан әкімдіктерімен бірлесіп, демеушілік қаражат есебінен керек-жарақтары бар мектеп сөмкесі түрінде әлеуметтік осал санаттағы 10 мыңға жуық баланы қамту жоспарланған. 2021 жылы осынау игі шара аясында 8 мыңға жуық бала көмекпен қамтылды, оның ішінде 3 900-ге жуық балаға керек-жарақтары бар мектеп сөмкесі алып берілді», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.
Нақты дәлелсіз себеппен мектепке бармайтын балаларды анықтау мақсатында да жұмыстар жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп «Үркер», «Пригородный», «Тельман», «Заречное», «Железнодорожный», «Көктал», «Интернациональный», «Мичурино», «Промышленный», «Юго-Восток» тұрғын үй алаптарына рейдтер жүргізіліп жатыр. Соның аясында дәлелсіз себептермен мектепке бармайтын 16 оқушы анықталған. Олармен профилактикалық жұмыс жүргізіліп, мектепке дайындауға көмек көрсету мәселесі де қаралып жатыр.
«Сонымен қатар Байқоңыр ауданы әкімдігінің бастамасымен қоғамдық орындарда халықтан кеңсе тауарларын жинау бойынша қайырымдылық контейнерлері орнатылды. Атап айтқанда, «Аймақ», «Жаннұр» сауда орталықтары, «Әлем» базары алдында. Шалғайдағы шағын аудандарда (саяжай алқаптарында) тұратын балалар үшін 13 жалпы білім беретін мектепке 5 477 баланы тасымалдау ұйымдастырылған. Осындай шарамен 3 арнайы түзету мектебі (№1 ШЖБМ, №2 ОЖБ, №3 ОЖБ) де қамтылды», – деді спикер.
Сондай-ақ, Қасымхан Сенғазыев, QazExpoCongress ҰК АҚ алдағы 17-21 тамыз аралығында EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «KIDS EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесі өтетінін мәлімдеді.