Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жайылым мәселесін өзекті етіп көтеріп, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын сын тезіне алған болатын. Президент тіпті шұрайлы жерлер қалталы азаматтардың қолына өтіп кетіп, оны қайтаруға әкімдердің пәрмені жетпей тұрғанын ашып айтқан. Осыған орай «AMANAT» партиясыны жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, бүгінде бос жатқан жерлерді қайтара бастады. Жамбыл облысында да пайдаланылмаған жерді мемлекет меншігіне қайтару ісі қарқынды жүргізіліп жатыр.
Байзақ ауданының Үлгілі мен Түймекент ауылдарына ат ізін салған «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері тұрғындармен жүздесіп, өтініш-тілектеріне жіті құлақ түрді. Бір ғана Түймекент ауылдық округінде 17 мың 637,45 гектар жер бар болса, қажеттілік 1 133 гектарды құраған. Осы мәселе кезең=кезеңімен шешімін тауып келеді.
– Бүгінде партияның бастамасымен Түймекент ауылдық округі әкімі аппараты мен «Достық-99» шаруақожалығы арасында бос жерге мал жаюға рұқсат алу туралы меморандум жасалды. Ол жердің жалпы аумағы 500 гектарды құрайды.
Сондай-ақ «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтың облысқа жасаған іс-сапарынан кейін жайылым мәселесі жіті бақылауға алынып, ауылдағы 801,3 гектар босалқы жердің картасы әзірленіп, бекітілді. Осы жерлер жергілікті мәслихаттың шешімімен жайылым жердің қатарына кіреді. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын табады, – дейді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов.
Партия пәрменімен түйткілдің түйіні тарқатылып, мәселенің оңтайлы шешіліп жатқанына бұқара да дән риза.
– «Жер аманаты» комиссиясы келіп, елді мекенде жұмыс жүргізгеннен кейін көп мәселе шешімін таба бастады. «AMANAT» партиясы мен осы бастамаға ұйытқы болған азаматтарға тек алғыс айтамыз, – дейді Түймекент ауылының тұрғыны Мұхтар Сәлімбаев.
Негізі «Жер аманаты» комиссиясының араласуынан кейін Түймекент пен Үлгілі ауылдық округтерінің әкімдіктері жалпы ауданы 3 197 гектар жайылым жерді алу бойынша 84 шаруа қожалығымен меморандумға отырған.
Осылайша, комиссия мүшелері жайылым жерлерді қайтаруға қозғау салып кеткеннен кейін партияның өңірлік филиалы да тұрғындармен кездесіп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейткен. Филиалдың атқарушы хатшысы Дауыл Ынтықбайұлының бастауымен партия мүшелері Жуалы ауданына қарасты Қарасаз, Нұрлыкент ауылдарында болған. Жергілікті билік пен шаруалар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының арқасында аймақта 700 гектар жер ауыл тұрғындарына қайтарылған.
Тағы бір айта кетерлігі, жайылым мәселесі «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңында да жан-жақты қаралды. Басқосуда облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов зерделеу жұмыстарының нәтижесінде өңірде мал басына шаққанда 683 мың гектар жайылым жер жетіспейтінін мәлімдеді. Осыған орай бес бағыт бойынша жоспарлы жұмыс нақтыланыпты.
– Мал жайылымының жетіспеуінің бірнеше себебі бар. Бірінші – мал санының өсуі. Мәселен, 1990 жылы облыста 300 мың ірі қара мен 101 мың жылқы болса, қазіргі таңда ірі қара 530 мыңға, жылқы 151 мыңға көбейген. Сондықтан Президент тапсырмасына сай өңір тұрғындарының жайылымға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бірінші бағыт – елді мекендерден тыс орналасқан мал жаю жерлерін ауылдық округтерге бекіту қажеттігі туындап тұр. Осыған орай жыл соңына дейін ауылдық округтерге 106,9 мың гектар жер беру жоспарланған. Бүгінгі таңда Жамбыл ауданында 706 гектар жер берілді.
Екінші бағыт – ауылдардан бес шақырым радиуста орналасқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Жоспар бойынша – 165,6 мың гектар болса, 6 айдың қорытындысымен 5 мың гектар қайтарылды.
Үшінші бағыт – орман қоры жерлерінде орналасқан жайылымдарды пайдалану.
Төртінші бағыт – жер пайдаланушылармен меморандумға қол қою. Соған сәйкес, олар мал жаюға кедергі жасамауға міндеттеледі. Бүгінгі таңда 2 071 тұрғынмен 487 мың гектар жерді пайдалану туралы келісімге қол жеткізілді.
Бесінші бағыт – пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қайтару. Жалпы, 145,9 мың гектар жерді мемлекеттік меншігіне қайтару жоспарланса, есепті кезеңде 52,6 мың гектар жер қайтарылды, – дейді Б.Көпбосынов.
«Жер аманаты» комиссиясының жұмысын еңбек ардагері Төлеутай Базаралыұлы да қолдап отыр.
– Кеңес үкіметі кезінде 30 жылға жуық кеңшар малын бақсам да жайылымнан таршылық көрмедік. Оған себеп белгіленген тәртіп бойынша төрт түлікті көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күздеуге, қыста қыстауға шығаратынбыз. Яғни, малды бір орыннан екінші орынға ауыстырып, жерді тынықтыратынбыз. Ал қазір малшылар бірден жайлауға, не қыстауға тартады. Малды орта көктеу мен күздеу ұмыт қалды. Нәтижесінде жақындағы жайылым жерді мал тұяғы тоздырып жіберді. Егер малшыларға ауылдан қашық аумақтағы жерлерге көктеуге, жайлауға және күздеуге шығуды міндеттесек, бұл мәселе бір шешімін табар еді. Мұны басқармалардан бастап, аудан, ауыл әкімдері бақылауға алғаны жөн.
Жер ешкімнің атасынан қалған меншігі емес. Ол халықтікі. Осыны жер иелері түсініп, мал жаю үшін шаруалардың игілігіне береді деп сенемін, – дейді еңбек ардагері.
Қалай дегенде де, «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы Жамбыл өңірінде өз жемісін бере бастаған. Оған дәлел, Жамбыл облысында қазір 46,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып отыр.