«Әділдікті талап ет!» – шұрық-тесік жолдарды жөндеуге әрбір азамат атсалысатын жоба басталды
«Әділдікті талап ет!» – шұрық-тесік жолдарды жөндеуге әрбір азамат атсалысатын жоба басталды
Фото: m.censor.net
404
оқылды
Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол салудағы жемқорлық фактісі көп екенін айтты. Жол құрылысы бойынша соңғы 10 жылдағы жіберілген олқылықты мұқият тексеруді тапсырды. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларын қолдай отырып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесіп, 15 тамызда республика бойынша автожолдары саласында «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқан бастады. Оған Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады. «Әділдік жолы» РҚБ айналада болып жатқан жағдайға бей-жай қарамайтын барлық азаматты аталмыш науқанға қосылып, белсенділік танытуға шақырды. Науқан барысында автожол саласы мәселелері қозғалып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау кезінде жемқорлық тәуекелдерін анықтауға баса назар аударылады. «Мемлекет автожол саласына үлкен қаражат бөлетініне қарамастан, өкінішке қарай, ол үнемі қоғам тарапынан сынға ұшырауда. Сапасыз жолдардың салдарынан көлік апаты жиі болады. Биыл республика бойынша 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен ғана, қоғамды барынша жемқорлыққа қарсы күресте жұмылдыра отыра, бұл зұлымдыққа төтеп бере аламыз», – дейді акцияны ұйымдастырушылар.   Азаматтар науқанға www.adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты 15 тамыздан бастап хабарлай алады. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2020 жылғы 18 қарашада құрылды. Өңірлерде РҚБ-нің 17 филиалы жұмыс істейді. РБҚ-нің хатына сәйкес, 15-тен астам қылмыстық іс, 200-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды, 25-тен астам лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 40 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Әкімшілік хаттамалардың ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтар да бар. Жалпы, 16 миллиард теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алу рәсімдері бағасының көтерілуі мен бұзылуы анықталды. Бір мысал, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік академиялық филармониясы» мемлекеттік кәсіпорны 1 дана «Рояль» сатып алу туралы, жалпы сомасы 129 464 285,72 теңгеге 18.02.2022 жылғы №22-Ө жылдық Жоспары бекітілгені анықталған болатын. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне өтініш жолдап, кейіннен алатын тауардың бағасы 84 млн теңгеге дейін төмендетілді. РҚБ қандай да бір мемлекеттік органдардың қызметіне араласпайды, тек қана көмек көрсетеді.