«Жастар – Отанға!» белсене қызмет етеді
«Жастар – Отанға!» белсене қызмет етеді
370
оқылды
Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев жоғары оқу орындарының және колледждердің, студенттік ұйымдар мен жастар ісі жөніндегі комитет бас­шы­ларымен кездесті. Кездесу барысында студент жастардың пікірін ескере отырып, 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отан­ға!» бағдарламасы талқыланды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы қа­лалары мен Қазақстанның бас­қа да облыстарындағы универси­теттер мен колледждердің жатақхана­ларына жүргізілген мониторингтің аралық қорытындысы жасалды.
– Қазақстан бойынша жоғары оқу орындарына тиесілі 600-ден астам жатақхана бар. Солардың 70-тен астамының жағдайы сани­тар­лық нормаларға сай келмей­ді. Еліміздегі жоғары оқу орында­рын­дағы жатақханалардың жетіспеу­шілігі де ең үлкен проблема. Мы­салы, Алматы қаласында 35 мың студентке жатақхана жетіспейді, Шымкент қаласында 7 мыңнан астам, Нұр-Сұлтан қаласында 12,5 мыңнан астам орын жетпейді. Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қауіпсіздік кеңесінде айтқан тап­сырмасы бойынша қаңтар айының соңынан бастап біз жатақ­хана­ларды тексеруді қолға алдық. Бас­ты мақсатымыз – студенттерге қолайлы жағдай жасау, олардың қажеттілігін қанағаттандыру, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Jas Otan Жастар қанатының төрағасы, сондай-ақ көптеген жатақханада интернеттің, оқу залдарының, тамақ дайындайтын бөлмелерінің жоқ екенін айтты. Кейбір жатақханалардың жөндеуден өтпе­геніне біраз уақыт болғанын, жатын орын­дарының ескіргенін тілге тиек етіп, осы мәселелерді жіті бақылауға алу керек дейді. Сөз соңында Елнұр Бейсенбаев жоғары оқу орындарында спорттың 4 түрінен спартакиада өткізу туралы ұсы­ны­сын білдірді. Сондай-ақ студент­терді жатақхананы тексеру жұмыс­ына белсенді атсалысуға, жаз мезгілінде дәстүрлі түрде ұйым­дастырылатын «Жастар – Отанға!» халықаралық лагеріне қатысуға шақырды. Іс-шара кезінде жастар саясаты саласында жүргізіліп жатқан жұ­мыс­тар жайы баяндалып, студент жас­тардың проблемалық мәсе­лелер, оларды шешу мүмкін­діктері қарастырылып, ЖОО жас­та­рының идеялары мен пікірлері тыңдалды.   Абылайхан ЖҰМАШ