Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалында кезекті ашық есік күні өтті.
Nur Otan партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған қабылдауға Байтерек, Теректі, Ақжайық және өзге де аудан, қалалардың тұрғындары келіп, өтініштері мен талап-тілектерін айтты. Оларды филиал төрағасы және облыс әкімдігіне қарасты 24 басқарманың басшылары мен орынбасарлары және Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінің өкілдері қабылдады.
Қоғамдық қабылдауда 200-ден астам тұрғынның өтініштері мен шағымдары тыңдалды. Олардың арасында атаулы әлеуметтік көмек алу, тұрғын үй мәселесі, жұмыспен қамту, жер мен баспана кезегі, медицина, инфрақұрылымға қатысты өтініштер көп болды. Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек бойынша келген көпбалалы аналардың да талаптары ескеріліп, бақылауға алынды.
Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаевтың айтуынша, 2019 жылдың тамыз айында қабылданған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ашық есік күні әр тоқсан сайын жүзеге асады.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында партияның 14 қоғамдық қабылдау бөлмесі қызмет етеді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 7 142 арыз-шағым келіп түсіп, 35%-ы оң шешімін тапты.
Әбілмансұр ЖАСАН