«Бұл саябақ кенттің орталығында орналасқан. Бұрындары демалыс орны жасыл желекке оранып, кент көркіне өзгеше рең беріп тұрушы еді. Бүгінде саябақ ішінде талдар азайып, күн өткен сайын тоз-тозы шығып барады. Бұған дейін жекенің қолына өткендіктен қараусыз қалғанын айтып, өз-өзімізді жұбататын едік. Ал биыл тіпті жойылып кетуге шақ тұр. Әлі де құрылыс нысандарына кенттен басқа орын табылмағанына қайран болып жүрміз. Жалғыз саябақты жұлым-жұлым күйге түсіргенше, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, абаттандырып, халық игілігіне беруі тиіс еді», – дейді Тасбөгет кентінің тұрғыны Сапар Ерімбетов.Тұрғындардың айтуынша, кент те аптапты ыстықта сая болатын басқа саябақ жоқ. Кешкілік серуендеп, демалатын орындар да саусақ пен санарлық. Ал жалғыз саябақтың келешегі қалай болары беймәлім. Бұл саябақ та құрдымға кетсе, тұрғылықты халықтың бір мезгіл сейіл құратын орны қалмайды.
«Бұл саябақтың келешегі қалай болатыны белгісіз. Ертеректе бұл демалыс орны жекенің қолына берілгенде де келешегі қалай болады деп алаңдаған едік. Бірақ бұл жолғы жағдай тіпті бөлек. Өсіп тұрған ағаштарға аяқсу жетпей, қурап жатқаны аздай, енді құрылыс алаңына айналды. Бәлкім бір ойлағандары бар шығар. Алайда бүгінгі күйіне алаңдап отырмыз», – деп ойын толықтырды С.Ерімбетов.Негізі осыдан біраз жыл бұрын жеке кәсіпкердің қолына өткен бұл орталық саябақта көптеген игі бастамалар қолға алынады деп жоспарланғаны жұрт жадынан шыға қойған жоқ. Сол кезде аумақты нағыз қазақ мәдениетінің кәусарына сусындап, ерекше көңіл-күйге бөленетін бірден-бір орынға айналдыру жоспарланған. Алайда, тәп-тәуір басталған игі бастама жар ортадан тоқтап, саябақ бәз-баяғы таз қалпына қайта түскен болатын. Жергілікті жұртшылықтың басты талабы – орталық саябақтағы жапырағын жайған талдарды құрдымға жібермей сақтап қалса дейді. Осылайша, кентте қоныстанған халықтың тынығатын жалғыз демалыс орнын қайта жандандырып, ел игілігіне берілгенін қалайды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қызылорда облысы