Олжалы Олжас
Олжалы Олжас
501
оқылды
Тағдырдың тауқыметімен бетпе-бет келсе де келешектің көшінен қалмай, ел қатарлы еңбек етіп жүрген жандар бар. Олардың кейбірі қиындықтан шыңдалып, ерекше қабілетінің арқасында мүмкіндігінде шек болмайтынын дәлелдеп келеді. Қызылордалық Олжас Ақсейітов те солардың қатарында. Бала кезден спортқа бейім болған Олжас ережесіз жекпе-жек өнеріне машықтанған. Тіпті осы спорт түрінен көптеген байрақты бәсекелерде бақ сынап, облыстың мерейін асырды. Спорт жанкүйерлері де балғын спортшының ертеңіне сеніммен қарайтын. Жаттығудан бос уақытта жұмыс істеп жүрген жігерлі жас 2013 жылы жұмыс барысында құлап, мойнын сындырып алды. Жарақаттың салдарынан аяғы мен қолынан жан кетіп, спорттан біржола қол үзуге тура келді. Тәні жараланса да, жігері жасымаған талапшыл жас арбаға таңылып, қарап отыра алмады. Ұзақ уақыт ізденістің нәтижесінде ғаламтор арқылы пейнтбол клубы жайында білді. Сол күннен бастап жаны спортқа жақын жас кәсіпкер осындай ойын клубын ашуға асқан қызығушылық танытады.
«Пейнтбол клубы жайында ғаламтордан көрген күннен бастап осындай орталық ашсам деген жоспар туындады. Орталықты ашпас бұрын көп іздендім. Өзге қалалардағы таныстардан пейнтбол жөнінде көптеген мәлімет жинадым. Соның нәтижесінде кәсібімді жолға қойып отырмын», – деп түсіндірді бұл жайында Олжас Ақсейітов.
Олжас өз мақсатын жүзеге асыру жолында кезіккен қиындықтарға мойымады. Ұдайы ізденіс үстінде жүрді. Ақыры «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бағын сынап көруге бел буады. Өз жобасын дайындап, бағдарламаға ұсынып көрді. Ақыры айы оңынан туып, ұсынған жобасы мақұлданып, 2020 жылы мемлекеттен 2 миллион теңгелік қайтарымсыз грантқа қол жеткізіпті. олжас Мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болғанымен пейнтбол клубының жұмысы өздігінен жүріп кетпеді. Көптеген қиындықтармен бетпе-бет келген Олжас өз кәсібінің табысты боларына күмәнмен қарағандардың өзін мойындата алды. Олжас бүгінде қала орталығынан бір ғимаратты жалға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Пейнтбол ойынына қажетті қару-жарақты Қарағанды қаласынан арнайы тапсырыспен алғызған екен. Бүгінде ойын алаңына келушілердің қарасы қалың. Бірер сағат бояу шарларымен атысып, сергіп шығатын жеткіншіктер де Олжасқа дән риза. Кәсіпкер жігіттің алға қойған мақсаты да асқақ. Келешекте арнайы пейнтбол секциясын ашып, команда жасақтап, үлкен бәсекелерде бақ сынауға ниетті.
«Негізі 2019 жылдан бастап пейнтбол ойыны спорт түріне енгізіліп отыр. Алдағы уақытта өзім де өңірден пейнтбол федерациясын ашып, балалардың тұрақты түрде қатысуына жағдай жасағым келеді. Нәтижесінде, арнайы команда жасақтап, түрлі жарыстарға қатыссақ деген мақсатымыз бар», – дейді Олжас.
Олжалы Олжас бүгінде отбасын құрып, берекелі тұрмыс кешіп жатқан жайы бар. Тың кәсіппен берекелі табысқа кенеліп отырған жас кәсіпкердің келешекке деген сенімі жоғары. Адал жолмен еңбек етіп, ризық-несібесіне бөленіп отырған Олжас әлі талай биіктен көрінеріне сенеміз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,

Қызылорда облысы