Jas Otan Жастар қанаты Алматы қалалық филиалы ЖОО жатақханаларына мониторинг жасауды ары қарай жалғастырды. Кезекті рейд Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ жатақханасында жүргізілді. Мониторингтік топ құрамында
Jas Otan Жастар қанаты белсенділерімен бірге қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік орган мен БАҚ өкілдері болды. Студенттердің хал-ахуалын жақынырақ білу мақсатында жүргізіліп жатқан мониторинг барысында студенттер жатақханасында біраз олқылықтар бар екеніне көзіміз жетті.
Мониторинг жасауға келгендер алдымен осы оқу орнына тиесілі №1 жатақханаға бас сұқты.
«Бүгін Jas Otan Жастар қанатының бастамасымен студенттер жатақханасына кезекті мониторинг жүргізілді. Негізгі мақсат – университет басшылығы тарапынан студент жастарға жасалып жатқан жағдайды бақылап, қадағалау, сонымен бірге өз ұсыныстарымызды тиісті органдарға жеткізу. Біз бұған дейін жекеменшік ЖОО жатақханалары жағдайымен танысқан болатынбыз. Көптеген студенттен «Біздің жатақханамызға да тексеру жүргізсеңіздер» деген өтініш түсті. Расында да, бүгін жатақханаларда көптеген олқылық бар екенін көріп тұрмыз. Санитарлық нормалар сақталмаған. Осы оқу орнына тиесілі жатақханада газ плитасының ішінде өліп жатқан тышқан болды. Бұл санитарлық норманың өрескел бұзылғаны деп білеміз. Мұндай жағдайға мүлдем жол бермеу керек. Бұл жерде студенттер тегін тұрып жатқан жоқ. Аз да болса ақы төлеп тұрады. Соған сай университет басшылығы студенттердің жағдайын жақсартуға толыққанды қосылып, осы мәселелерді шешуі қажет», – дейді Алматы қалалық Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов.
Жатақханада істен шыққан тоңазытқыш, газ плиталарын байқадық. Оқу бөлмелері де талапқа сай емес. Душ бөлмесінде желдеткіш жұмыс істемейді. Ең бастысы – жатақхана студенттер үшін таза, қауіпсіз болуы керек. Тексеру барысында байқағанымыздай, бірнеше бөлменің есігінде құлпы жұмыс істемейді.
№2 жатақханада біршама тәртіп бары байқалды. Бірақ ескі ғимараттағы ескірген жиһаздар бұл жерде де бірден көзге шалынды.
Мәди Ахметов мониторингтен соң тексеру барысында бірге жүрген қоғамдық бақылау комиссиясының әрқайсысы жағдайға баға беретінін айтты. Сосын кемшіліктер құзырлы органдарға баяндалады. Айта кетерлігі, бұл университеттің жатақханаларына бірінші рет мониторинг жүргізіліп тұрған жоқ. Бірақ келген сайын жақсы жаққа өзгеріс байқалмайтыны сөз болды. «Анықтама жасалып, ескерту жіберіледі, бірақ университет басшылығы немесе осы жатақхана қызметкерлері кемшіліктерді жоюға тырысып жатқаны байқалмайды. Өткен жылы да екі-үш рет келгенбіз. Тағы келіп тұрмыз. Айтарлықтай оң өзгеріс жоқ», – деді ол.
«Әр ай сайын мониторинг жасалады. Алдағы уақытта бақылауды қатаңдатамыз. Жатақхана ескі. 1958 жылы тұрғызылған. Барынша таза ұстауға тырысып келеміз» деп қысқа қайырды университеттің Студенттер мәселесі бойынша департамент директоры Әйгерім Әубәкірова.
Студенттер жатақханасында тышқан, қандала, тарақан бары да расталды. Оларды жою әрекеттері жиі жасалып тұратыны айтылды. Мониторинг қорытындысы бойынша, оқу орны басшылығына жағдайды жақсарту үшін тиісті шаралар қолдану жайы тағы да ескертіледі.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ