Сепаратист серіктес болып жарытпайды
Сепаратист серіктес болып жарытпайды
348
оқылды
Украинаның оңтүстік-шығысын басып алып, «квазимемлекет» құрған сепаратистер 2019 жылғы наурызда «сыртқы саясат тұжырымдамасы» деген қағазын көрсетіп, «ДНР-дің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына қосылу ниетін» жариялады. Бірақ Қазақстан және Беларусь бұған жол бермейтінін аңғартты. Ресей үкіметі жанындағы Қаржы университетінің сая­сат­тану департаментінің доценті Геворг Мирзаян ешкім мойын­дамаған ДНР-дің мұнысынан бір нәтиже шығарына сенбегенін айтады. – Еуразиялық құрылымдарға кіру оңай емес, онда бәрін Мәс­кеу жалғыз шешпейді. Ымыра қажет етіледі. Қазақстан мен Бе­ларусь президенттері, әрине Путинге құрметпен қарайды. Бірақ оның беделі мен ықпалы ДНР-ді ҰҚШҰ-ға қосуға жет­пейді. Өйткені Нұр-Сұлтан мен Минск Мәскеуден тәуелсіз бағ­дар ұстанудың маңызды әрі пай­далы екенін түсінді. Себебі егер ДНР ҰҚШҰ-ға кірсе, бұл оның тәуелсіздігін тану болып есеп­теледі. Салдарынан Қазақстан мен Беларусь Батыс санкция­ларының объектісіне айналады, инвестиция құлдырайды, Украи­намен ынтымақтастық доғары­лады. Бұл Нұр-Сұлтанға да, Мин­скіге де керек емес, – дейді саясаттанушы Геворг Мирзаян. Мәжіліс осы аптада ҰҚШҰ-ға қатысты бірден 3 халықаралық құжатты мақұлдап, Сенатқа жол­дады. Сенат қабылдаса, ары қа­рай олар ел Президентінің қол қоюына жіберіледі. Арасында «1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы екінші хаттаманы ратифика­циялау туралы», «2002 жылғы 7 қазандағы ҰҚШҰ жарғысына өзгерістер енгізу туралы» 2 және 3-хаттамаларды ратифика­ция­лайтын заң жобалары бар. Бұл өзгерістерге сәйкес, мүшелік сыртында «ҰҚШҰ се­ріктесі» және «ҰҚШҰ бақы­лау­шысы» институты енгізілуде. Мы­салы, серіктес мемлекет ке­ңесу кезінде тіпті дауыс беруге құқылы. Ресейлік сарапшылар ДНР дәл осы мәртебелердің бі­рін иеленетін болар деген бол­жам жасаған. Алайда еліміздің Сыртқы істер министрлігі серіктес не бақылаушы мәртебесін алушы елге шарт жүзінде қатаң шектеу қойғанын айтады. – Серіктес және бақылаушы мемлекеттерге тиісті талап пен критерийлер қойылады. Атап айтқанда, бақылаушы мемлекет, біріншіден, БҰҰ мүшесі болуға, екіншіден, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясы салынбаған ел болуға, үшіншіден, ҰҚШҰ мүше мемлекеттерімен тығыз дипломатиялық қарым-қаты­наста болуы тиіс. Ал серіктес мем­лекет бұған қоса, ядролық қа­руды таратпау келісімдері мен конвенцияларына қосылуы да – міндет. Сондай-ақ ол ешбір со­ғыс пен әскери қақтығыстарға қатыспауы тиіс, – деді СІМ бас­шысы Мұхтар Тілеуберді. ҰҚШҰ-ға Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғыз Рес­публикасы және Тәжікстан мү­ше. Бұл мүшелік бюджетке қан­шаға түсіп отыр? – Ұжымдық Қауіпсіздік ке­ңесінің шешімі бойынша мемле­кеттердің жарнасының өлшемі бекітілді. Қазіргі кезде Ресей барлық жарна көлемінің 50 па­йызын өзі төлейді. Қалған ел­дерге 10 пайыздан бөліп берілді. Қазақстан шамамен 42 млн рубль жарна аударады, – деді министр М.Тілеуберді. Бұл ұлт­тық валютамызда 252 млн теңгеге тең.   Елдос СЕНБАЙ