Балабақшадағы әлімжеттік: балаға сүйіспеншілікпен қарайтын маман аз
Балабақшадағы әлімжеттік: балаға сүйіспеншілікпен қарайтын маман аз
1,353
оқылды
Еліміздегі балабақшаларда балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілері жиі кездеседі. Аталған мәселе бойынша жауапты министрлікке келіп түсетін шағымдар саны да артқан. Саланың басқа да кемшіліктері жетерлік. Осы ретте мәселеге тереңірек үңіліп, мамандардың пікірін тыңдап көрдік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жұмысына ерекше назар аудару қажет екенін айтқан болатын.
«Жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар. Сонымен қатар, жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кетті. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілік жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес», – деді Президент.
  Мемлекет басшысы 2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібі тоқтатылғанын, мемлекет бұл қадамға амалсыздан барғанын айтты. Себебі мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамту үшін жеке сектордың әлеуетін пайдалану маңызды болды. Осылайша, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 88%-тен астамы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды.
«Енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Өйткені, басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
  Балабақшада жарақат алған балалар туралы ақпарат күн сайын түседі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі ата-аналар тарапынан тәрбиешілердің балаларға қол жұмсауына, денсаулығына зиян келтіруге, сондай-ақ балабақшада балаларға жасалған жағдайдың сапасына және кейбір жекеменшік балабақшалардың жұмысына қатысты шағымдар жиі түсіп жатқанын хабарлаған болатын. Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық басқармаларға балабақшадағы балалардың түрлі жарақаттары туралы ақпарат күн сайын түсіп жатыр. Бұл педагогтердің біліктілігі мен жауапкершілігінің төмендігін көрсетеді. Мысалы, Қызылордада жекеменшік балабақшада тәрбиеші бүлдіршіндерді қараусыз қалдырғаны туралы фактілер тіркелді. Далаға өз бетімен шығып кеткен балаларды қала тұрғындары тауып алған. Дәл осыған ұқсас жағдай астаналық балабақшада да орын алған болатын. Ал Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршінді қатты жұлқып, соның салдарынан баланың сүйегі сынып кеткен. Тәрбиеші жұмыстан шығарылып, балабақша директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осындай оқиға Орал қаласындағы жекеменшік балабақшада да болған. Онда тәрбиеші кішкентай қызды соққыға жыққан. Ата-аналар тарапынан Оралдағы тағы бір жекеменшік балабақшаның тәрбиешісіне қатысты шағым түскен. Балалар тәрбиеші өздерін бірнеше ай бойы ұрып-соғып келгенін айтқан. Тергеу кезінде оның балаларды қатаң жазамен қорқытқаны белгілі болған. Бүгінде балабақша қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ елордадағы «Сати» инклюзивті балабақшасында жантүршігерлік оқиға болды. Әлеуметтік желілерде аталған жекеменшік инклюзивті балабақша тәрбиешілері баланың жылағанына қарамастан, оларды бұрышқа тұрғызып, физикалық күш қолданып жатқаны туралы видео тарады. Тексеру нәтижесінде балабақша меңгерушісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, қылмыстық іс қозғалды. Оған қоса мектепке дейінгі мекеменің тиісті хабарламасыз жұмыс істегені де белгілі болды. [caption id="attachment_213299" align="alignnone" width="1200"]балабақша Елордадағы "Сати" балабақшасындағы оқиғадан кадрлар[/caption] Бір мекемеде тәрбиешілер баланы дәретханаға қамап тастап, салдарынан бүлдіршін дене жарақатын алған. «Lily» орталығында бала басқа баланы ұрып-соққан, алайда тәрбиеші болған жағдайға назар аудармаған. «BOTAQAN-2020» ЖШС-да аутизм диагнозы бар егіздердің денесінен тістің іздері табылса, «Baby Boom NurSultan» балабақшасында бүлдіршіндер қолын күйдіріп алған. Балаларға қатысты осыларға ұқсас өзге де келеңсіз оқиғалар жетіп артылады. Жыл басынан бері бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының өзінде жекеменшік балабақшаларда балаларға зорлық-зомбылық көрсету бойынша 17 факті тіркелген. Сондай-ақ жекеменшік балабақша қызметкерлеріне қатысты оқу және тәрбие процесі кезінде тәрбиеленушілердің денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін 9 әкімшілік іс қозғалған.
«Құқық бұзушылықтардың санын азайту және балабақшалардың жұмысын ретке келтіру үшін біз лицензия беруді енгізуді қолға алып отырмыз. Бұл балалардың балабақшадағы қауіпсіздігін жақсартады. Егер балабақша талапқа сай болса, онда қысқа уақыт ішінде цифрлы лицензия алады. Ал егер сай болмаса, кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі. Лицензия беру талаптары қарапайым. Одан қорқудың қажеті жоқ. Жұмыс істеп тұрған балабақшалардың басым көпшілігі лицензияны оңай ала алады. Біз балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтамасыз етуге мүдделіміз», – деді Оқу-ағарту министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.
  Тәрбиешілердің 50%-інде кәсіби білім жоқ Сенатор Динар Нөкетаева өзінің депутаттық сауалында балабақшадағы келеңсіз жағдайларға қатысты деректердің жиілеуі қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайының нашарлауымен байланыстырған еді. балабқша Сенатордың мәліметінше, балабақша қызметкерлерінің 50%-інде мамандандырылған салалық білімі жоқ. Осы ретте депутат тәрбиешілердің еңбекақысын өсіру мәселесін басты назарға алып, мектепке дейінгі ұйымдарда еңбекке ақы төлеудің барлық жүйесін қайта қарауды ұсынды.
«Барлық мектепке дейінгі ұйымдарда 3 жасқа дейінгі балаларға арналған балабақша топтарын ашу уақыт күттірмейді. Жергілікті атқарушы органдар қазіргі жағдай мен болжау деректерін талдау негізінде өңірдің стратегиялық жоспарымен байланыстыра отырып, мектепке дейінгі саланы дамытудың қысқа мерзімге арналған кешенді жоспарын әзірлеуі қажет», – деді Динар Нөкетаева.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Марианна Гурина «31 арнаға» берген сұхбатында балабақша қызметкерлеріне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, тәрбиешінің кәсіби біліктілігінің болуы өте маңызды. Сондай-ақ ол бүгінде балаларға қатысты орын алып жатқан түрлі келеңсіздіктердің негізгі себебін қызметкерлердің балаларға деген сүйіспеншілігінің жоқтығымен байланыстырады.
«Кәсібилік – кез келген істің қозғаушы күші. Алайда кейінгі кездері қоғамда педагогикалық сала мамандарының беделі төмендеп кетті. Көбі оны тиісті ұпай жетпегендіктен, әйтеуір бір мамандық алып шығайын деген ниетте амалсыздан таңдайтын болды. Мұндай маман иелерінде балаға деген сүйіспеншілік пен махаббат болуы керек. Ал бізде ондай мамандар өкінішке қарай аз», – деді Марианна Гурина.
Ұлттық комиссия мүшесі қызметкерлерге жұмыс істеуі үшін жасалатын жағдайдың да маңызына тоқталып, мысал келтірді. Оның айтуынша, Израильде балабақшада тек жоғары дәрежелі мамандар жұмыс істейді, сәйкесінше жалақылары да жоғары.   Лицензиялау тәртіпке шақырады Жақын арада лицензиялау жүйесін қайта іске қосу жоспарланып отыр. Ал бұл балабақшалардың жұмысына қалай әсер етеді? Лицензиялаудың артықшылықтары қандай? Осы сұрақтарға Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова жауап берді. балабақша
– Лицензиялау – бұл мектепке дейінгі білім беру сапасын қамтамасыз ету жүйесінің жалғыз шешімі болмағанымен, оның маңызды құраушы бөлігі. Біз одан бөлек педагогтардың біліктілігін арттыру, кадрларды даярлау, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін жақсарту, балабақша бағдарламаларын жетілдіру және тағы да басқа пунктер бойынша жұмыстар жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні лицензиялаудан еліміздің барлық мектептері, колледждері мен жоғары оқу орындары өтуде. Кейінгі үш жылда жекеменшік мектептер саны бірнеше есеге артты. Бұл лицензиялау жеке мектептердің ашылуына мүлдем кедергі келтірмейтінін және біліктілік талаптары толығымен орындалатынының дәлелі. Сондықтан біз бұл шараны мектепке дейінгі ұйымдар деңгейінде қайта енгізу үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өз жұмысының заңдылығына сенімді балабақша мен орталық иелерінің қорқуына еш негіз жоқ. Бірінші кезекте лицензияны енді ашылатын балабақшалар алады. Одан соң тәуекел аймағына кіретін мектепке дейінгі ұйымдарға беріледі. Әрі қарай осылай кезең-кезеңмен жалғаса берді, – деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.
Оның айтуынша, мектепке дейінгі жекеменшік ұйым қауымдастықтарының көпшілігі лицензиялауды қолдап отыр. Өйткені ол қазіргідей құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. Балабақша құрылтайшыларының өздері де мүмкіндігінше ашық болу керек және балалардың мүддесін бірінші орынға қою қажет деп санайды. Мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға лицензия алу кезінде қойылатын талаптар бірдей болады.
– Бүгінде балабақша ашқысы келетін кәсіпкер жұмысын бастауы үшін уәкілетті органға хабарлама жіберсе жеткілікті. Әрі қарай олардың қызметін мемлекеттік орган реттемейді. Соның салдарынан кейінгі жылдары мектепке дейінгі ұйымдарда бала құқығы бұзылуының саны артты, – деп нақтылады Майра Мелдебекова.
Ендігі кезекте осындай келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында лецензиялау жүйесі енгізілмек.   Қоғамдық бақылау қажет Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі Назгүл Мақжан да кейінгі кезде балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері жиілеп кеткенін растады. Оның айтуынша, көптеген отбасы, мектепке дейінгі және мектеп мекемелері зорлық-зомбылық жағдайларын жасыруға тырысады. Сонымен қатар, балаларға білім беру орталықтары мен мекемелерінің негізгі мақсаты баланың қауіпсіздігі емес, пайда табумен байланысты болғандықтан да мұндай жағдайлар жиі кездесетіндігін айтты. балабақша
- Менің ойымша, мектепке дейінгі мекемелерді лицензиялау туралы шешім, қоғамдық бақылауды енгізу осы салада қандай да бір тәртіп орнатуға мүмкіндік береді. Мен өзім ұлымды жекеменшік балабақшаға орналастырғым келді. Алайда тексеру барысында тәрбиешілердің бірі бұрын сотталған,  бостандыққа шығып тегін өзгерткендігін анықтадым. Мұндай адамдар ешқашан балалармен жұмыс істемеуі керек! Қауіпсіздік, тиісті стандарттар, қызметкерлерге қойылатын талаптар басымдыққа айналуға тиіс. Себебі, біз өз балаларымызды алаңсыз қалдырып кете алатындай болуымыз керек, – деді ол.
Осы ретте Назгүл Мақжан, еліміздегі балалар мекемелерінде қоғамдық бақылауды күшейту қажет деп санайды.
– Қоғамдық бақылау кез келген ортада болуы тиіс. Оның ішінде бюджеттеу, бақылау және есепке алу, тәрбиелеу, оқыту, персоналды іріктеу, қауіпсіздік процестерінің ашықтығы. Азаматтар осыларды басты назарға алып, балаларға қолайлы орта жасауды талап етуі керек, – деді Н.Мақжан.
  Психолог не дейді? Балалар психологы, Лаура Жұмабекқызының айтуынша баланың 3 жасқа дейінгі негізгі қажеттілігіне ата-анасымен қарым-қатынастың болуы, өзін және қоршаған ортаны тануға жағдайдың жасалуы жатады. Ал 3 жастан бастап балада қоғаммен араласу, әлеуметтік қарым-қатынас құру қажеттілігі пайда болады. Сол себепті баланы балабақшаға беруге ең қолайлы кезең – 3 жас. балабақша
«Бүгінде ата-аналар жұмысбасты болғандықтан балалар балабақшаға ерте барады. 1,5 жастан да қиындықсыз балабақшаға барып жүрген балалар да аз емес. Бірақ әр балаға жеке тұлға деп қарап, мүмкіндігі мен психикалық күйін ескерген жөн. Мысалы, 2,5 тіпті 4 жастағы тілі әлі мүлдем шықпаған, мазасыз баланы балабақшаға берудің орнына нейропсихологтың консультациясынан өткізіп, қажет жағдайда коррекциялық жаттығулар жүргізіп, алдын ала қоғамға дайындау қажет», – дейді психолог.
Сондай-ақ ол балабақшаға барардың алдында баланың ұйқы және тамақтану режимін ретке келтіріп, жасына сай медициналық профилактикалық тексерістен өткізуге кеңес береді.
«Егер балада анемиялық синдром, басқа да аурулар болса, бала үшін балабақша үлкен стресс болып, жиі ауыратын болады. Нақты қай жас қолайлы екенін психикалық-физикалық тексерістен кейін ғана айтуға болады», – деп нақтылады Лаура Жұмабекқызы.