Әр елдің салты басқа...
Әр елдің салты басқа...
1,419
оқылды
Жер бетіндегі ұлттар бір-бірі­нен салт-дәстүрі арқылы ерек­шеленеді. Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысын сақтауға ұмтыл­ған ел төл мәдениетін қызғыштай қориды, заң қабылдайды. Бұл үдерісті Біріккен ұлттар ұйымы да қолдайды. БҰҰ-ның ЮНЕСКО қорғауына алынған ма­териалдық және материалдық емес құнды­лық­тардың арасында Қа­зақстан­ның тарихи ескерткіштері мен қорықтары, домбыра күйлері ен­генін ел біледі. Алайда мәдени құндылықты қорғауға келгенде өз елі­міздегі заң тетіктері әлі де жетілдіруді қажет ететін сыңайлы. Бұған дом­быра сындыру мен дастарқан үстіне шығып суретке түсу оқиғасы дәлел. Қазақ үшін бағасы биік домбыра мен дастарқанға қатысты оқиға қоғам пі­кірін қақ жарды. Бірінші тарап дом­быра – қазақтың қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым, домбыраны сын­дыру – қазақты сындыру, сондықтан сындырғандар қылмыстық жауапқа тар­тылуы керек десе, екінші тарап өз мүлкін сындырған адамда нелерің бар, домбыра үшін оянған намыс сайлауда дауысыңды ұрлағанда неге оянбады деп қарсы пікір білдірді. Бұл тарапты қолдаушылар Америка – Иран текетіресі кезінде Иран билігі өкілдерінің халық жүретін жерге АҚШ туының бейнесін салып, адамдардың соның үстін басып таптап жүрген видеосын таратқанын мысалға алды: «Америка оған көңіл аударған жоқ. Бұл олардың кісілігін көрсетті. Ирандық есуастар бұл қылығымен еш­кімді қиналта алмағасын, өздігінен ба­сылып қалды». Бірақ біз АҚШ емеспіз. Мемлекет­тік құрылымы жағынан екі бөлек ел­міз. Сондықтан да екі елдің ментали­тетін салыстыру жөнсіз. Оның үстіне, «Мәдениет туралы» заңда мәдени құн­дылықтарға «тарихи, көркем, ғылыми немесе өзге де мәдени мәні бар, зайырлы және діни сипаттағы материалдық және материалдық емес құндылықтар» деген түсінік берілген. Материалдық мәдени құндылықтарға музыкалық аспаптар жататыны да осы заңда анық жазылған. Демек, біз үшін музыкалық аспап – домбыра да мәдени құндылық. Бұл аз болса, 2018 жылдан бері Елбасы қаулысымен шілденің бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күнін атап өтеміз. Былтырғы Домбыра күнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баршамызға ортақ құндылық – домбырамызды жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды екенін атап өтті. «Домбыра аспабы – қайта­лан­бас асыл дүние. Сондықтан мектеп­те домбыра үйрену сабағын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану заманында халқымызға тән бірегей құндылық­тарды жаңғырта беруіміз қажет. Төл мәдениетімізге деген қамқорлық әр­қашан мемлекетіміздің айрықша на­зарында болады», – деді. Демек, дом­быраға келгенде оны құр ағашқа те­ңеу­ге негіз жоқ. Президенттің өзі төл мә­дениетімізге деген қамқорлық мемле­кеттің айрықша назарында болатынын айтқан екен, ендеше төл мәдениетімізді аяқасты етіп жатқанда кімді қандай жауапкершілікке тартуға болады? Әрі-беріден соң осындай оқиғаларда көкезу болып айтысу мен жаға жыртысудың алдын алар норма керек секілді. «Егер жеке адамның ар-намысына тиетін болса, онда ол өзінің моральдық шығын көлемін белгілеп, азаматтық тәртіпте сотқа жүгінеді. Ал ұлттың на­мысын, ұлттың мәдениетін қорласа, оның моральдық шығынын бағалай алмаймыз. Себебі бағасы тым жоғары. Баға жетпейді. Сондықтан қазақ хал­қының ұлттық болмысын, мәдениетін құрайтын, ұлттық сезімді қорғайтын Қыл­мыстық заңнама болуы керек», – дейді заңгер, қорғаушы Абзал Құспан. Оның айтуынша, дастарқанды тап­тау, домбыра сындыру сияқты оқиғалар қазақтың ғана намысына тиеді. Ол үшін америкалықтар қорланбайды, ағыл­шындарға да келіп-кетері жоқ. Бұл бізге ғана керек. Сондықтан пси­хологиялық тұрғыдан ұқсасты­ғымыз бар Түркияның тәжірибесіне жүгінуге болады. «Түркияның Қылмыстық кодек­сін­де 301-бап бар. Еуроодақ 2008 жыл­дан бері Түркияға осы бапты декри­минализация жасау туралы талап қо­йып келеді. Бірақ Түркия Еуроодаққа кіруге мүдделі бола тұра 301-бапты алмай келеді. Себебі бұл бап түріктердің ар-намысына тию деп аталады. Түр­кияда да бірнеше ұлттың диаспорасы бар, бірақ сол елдегі ұлттардың емес, нақты түрік халқының ар-намысына ти­гендер үшін арнайы бап қарастырыл­ған. Түркия үкіметі осы бапқа сүйеніп, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памукті жауапкершілікке тартқан. Өйткені жазушы гуманист болғандық­тан өткен тарихқа пікір білдірді. Ол пікірі түріктерге ұнамады» деген ол Түркия ресми түрде түрікшілдікті насихаттайтынын, мемлекеттік жүйе сол үшін жұмыс істейтінін айта келе, бізге де қазақ ұлтының ар-намысы деген бап керек дейді. Кез келген заң факультетінде 2-курста-ақ заңның қайнар көзі мемлекет құрушы ұлттың салт-дәстүрінен бастау алады деп оқытады. Ал домбыра мен дастар­қан­ның дәстүрімізде орны ерекше. Олай болса, дәстүрге қарсы шығу – заңға қарсы шығу. Ал біздің заңдарда салт-дәстүріміздің иісі сезілмейді.  width= «Себебі біздің заңгерлер Еуропаға барып, сол жақтың заңын көшіріп келуді ғана біледі. Көшіреді екен, ендеше неге Түркияның Қылмыстық кодексінен 301-бапты көшірмейді? Неге Израильдегі Холокостты мойын­дамағандарға көзделген қылмыстық жауапкершілік баптарын көшірмейді. Себебі Холокост болған жоқ дегендер бірден қылмыстық жауапқа тартылады. Қазақ халқы да геноцидтің құрбаны. Бірақ біздің заңдардан мұндай бір бап таба алмайсыз», – дейді Абзал Құспан. Мәдениеттанушы Зира Наурыз­бае­ва бізбен әңгімесінде әр елдің таным-түсінігіне қатысты бір штрихты мы­салға келтірді. «Сіңлім тоқсаныншы жылдардың басында Америкада оқып келгенде, сол жақта түскен бір фотода студент­тердің дастарқанында қоқыс салатын шелек тұр екен. Сөйтсем, жастар кок­тейль жасау үшін үлкен ыдыс іздеп таппаған. Содан қоқыс салатын ше­лекке коктейль жасап, дастарқанға қойған. Естіген бойда тіксініп қалдым. Ол заманда бізге әлі қоқыс пакеттері келмеген. Ұнатпай қалғанымды түсін­ген сіңлім: сен түсін­бейсің, біріншіден, ішіне пакет сал­ғандықтан, шелек таза, оның үстіне шелекті жақсылап жуды деді. Ал мен қоқыс шелектің аты – қо­қыс шелек, одан коктейль ішкенде жиір­кенбедіңдер ме деп жатырмын», – дейді ол. Мәдениеттанушының айтуынша, бұл түрлі мәдениеттің көрінісі. Жалпы, құндылықтардың иерархиясы болады. Бізде жоғары жақ – төр, адамды жолы үлкен, жасы кіші деп қараймыз. Ал Батыс көп нәрсеге прагматикалық тұрғыдан қарайды. «Мен заманауи суретшілермен ара­ласамын, бірақ олардың кей әрекетіне қарсы болсам, ескертемін. Мысалы, Құрманғазы мен Пушкинді сүйістіріп сурет салу, канализация құбырлары­ның қақпағына қазақ батырларын бей­нелеу – мұндайды көргенде бетім­нен біреу шапалақпен тартып жібер­гендей болады. Сол кезде бәлкім мұны заңмен реттеу керек шығар деп ойлай­мын. Алайда мұның екінші жағы да бар», – дейді З.Наурызбаева. Оның айтуынша, көршісі көшіп жатып, жиырма жыл жертөледе жатқан сынық домбыраны қоқысқа апарған, оны басқа көрші кемпір көріп, сұрап алады. «Домбыраны маған алып келіп­ті, күйеуің домбыра жөндейді ғой, мынаны оңдап берсінші деп. Таласбек домбыраны жөндеген соң даусы кере­мет екен деп басын шай­қады, ешкімге керек болмаған домбыра шешен болып шықты. Сол домбыраны қоқысқа тастаған көршіміз қасиетті нәрсені тастадым деп ойлаған жоқ шығар. Ал біз сондай адамдарды полицияға тапсыруымыз керек пе? Әрі-беріден соң кез келген домбыра тозады. Он­дай­да тоздырды деп тағы шағым­данамыз ба? Осындай қайшылықтар бар. Сон­дықтан мұндай мәселелердің алтын аралығын табуымыз керек», – дейді. Қалай десек те, домбыра – қу ағаш емес. Ол, Қадыр ақын жырлағандай, нағыз қазақтың өзі, көзі. Заңымызда көзделгендей, мәдени құндылығымыз. Ұлт құндылығын қорғайтын заң қа­былданар яки қабылданбас, бірақ ұлттық құндылықты әуелі ұлттың өзі бағалай білуі керек-ау. Мысалы, дәс­түріміз бен домбыраның насихатына көңіл бөлсек, баламызды домбыра үйірмесіне берсек, Домбыра күнінде күйшілердің қатарына отырғызсақ, бала үшін домбыраның қадір-қасиеті артар ма еді? Мұны көрген өзге ұлт өкілінің де домбыраға деген көзқарасы өзгерер ме еді?..    width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ