– Жүк көлігім Сарқанда тұрғанына бірнеше күн болды. Ауданда егін орағы қызу жүріп жатыр. Талдықорғанға астық тиеп келуім керек еді. Солярка жоқ. Жылдағы жағдай осы. Көктемде жер жыртып, егін саларда, күзгі жиын-терім кезінде қолдан тапшылық тудырып, жанар майдың бағасын қымбаттатып жібереді. Мұның соңы тауардың өзге түрлерінің құнының өсуіне әкеп соғады. Бұл жолы да солай болады деп ойлаймын, – дейді Мархат Иманбаев.Өз кезегінде Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев кәсіпкерлермен кездесіп, талон мәселесін шешуге уәде берді.
«Тізім жасап, жанар-жағар май құю стансаларының иелерімен жолығып, өзара келісімге келуге тырысамыз. Барлығы дұрыс болса, бірер күнде жүргізушілер қажетті талондарды алатын болады», – деді қала басшысы.Жетісу облысы әкімдігінің кәсіпкерлік басқармасындағылар да дизель отынының тапшылығы сұраныстың күрт артуынан туындағанын айтады. Қоймалардағы жанармай қоры сарқылып жатыр. Қазіргі кезде облыста 1000 тоннаға жуық дизель отыны бар. Энергетика министрлігінің араласуымен Жетісу облысына 610 тонна дизельдік отын жөнелтілген. Қалған 400 тонна жанармай жолда келе жатыр екен. Алайда бұл күзгі жиын-терін қарсаңындағы аяқ-қолы тұсауланып қалған шаруалардың мәселесін шешуге сеп болар-болмасын уақыт көрсетеді.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы