Ұстаз ұлт келбетіне қалай әсер етеді?
Ұстаз ұлт келбетіне қалай әсер етеді?
1,837
оқылды
Осы күндері жер-жерде жа­ңа оқу жылы қарсаңындағы та­мыз кеңестері өтіп жатыр. Ұс­таздықты ұлықтап, мұға­лім­дерге мадақ айтылатын сәт. Осы жиындарда «ұстаз – ұлы есім», «жақсы ұстаз – шамшы­рақ» сияқты қанатты сөздер көп айтылады. Ұстаздыққа ар­налған ондай әдемі сөз бізде де аз емес, сол сөздерді орын­ды-орынсыз қайталап, кейде қадірін кетіретін сияқтымыз. Бір сәт ойлансақ, шындығында, балаға үйретуден артық, мұғалім болудан маңызды, ұстаздықтан абыройлы кәсіпті елестету қиын. Мектепке кірген баланың алдынан шығып, адамзат жинаған білім мен ғылымның әр саласымен таныстыратын, белгісізді мәлім, бұлыңғырды анық, болашақты жарқын етуге жол ашатын ұстаз емес пе?! Балалардың санасы мен ұстанымын, көзқарасы мен танымын қалыптастыру арқылы бүтіндей қоғамның болмысына, ұлттың болмысына мұғалімнен артық әсер ете алатын басқа мамандық иесі жоқ шығар.Осыны айғақтайтын бір мысал айтқым келеді. 2017 жылы Британ Премьер-министрі Борис Джонсон Мәскеуге ресми са­пар­мен келді. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу алдында Джонсон үстіндегі сырт киімін шешіп, Лавровтың қолына ұстатады. Сөйте тұрып: «Қалтасын байқаңыз, ештеңе жоғалып кетпесін» деп қалжыңдайды. Осы оқиғаны саясаткерлер, дипло­маттар, психологтар көп талқылады. «Британ Премьер-министрінің сырт көз­ге ерсі көрінетін осы қылығының ас­та­рында не тұр?» деген сұраққа жауап іздеді. Ағылшын мінезіндегі осындай тәкап­парлық, өзіне  деген соншалықты сенім, кез келген елде өз үйінде жүргендей се­зіндіретін қандай құдірет?! Ағылшынның сол мінезі, стилі, әзілі, әрбір британдықтың сөзі мен ісінен аң­ғарылатын ерекше болмысы, жалпы Бри­танияның ғасырдан ғасырға жалға­сатын ұлылығы қалайша үзіліп қалмайды, қалай дамиды?! Осы сұраққа жауап іздеген көп ма­манның пікірі бір жерде тоғысты. Мұ­ның барлығы ағылшын мектебінде қа­лып­тасады, Ұлыбританияның негізі – мек­теп, ал ағылшын болмысының си­қырлы кілті – ағылшын мектептерінде. Британдықты қалыптастыратын, са­насын билейтін – мұғалім. «Сондықтан Лавровқа сырт киімін ұстатып, тек ағыл­шын адамына тән қалжың айтқан – әсте, Борис Джонсон емес, ағылшын мұға­лімдері» деген тұжырым жасалды. Осы пікірді растайтын Черчилльдің атақты сөзі бар: «Кез келген ағылшын мұғалімінің қолындағы билік Премьер-министрдің билігінен әлдеқайда артық». Борис Джонсон оқыған мектептің атауы – Итон колледж. Бұл мектептен 20-ға тарта Премьер-министр шыққан. Бір ғана мектептің осындай нәтижесі кездейсоқ болуы мүмкін бе?!  Жоқ, әрине, бұл – жоспарлы әрекеттің, жүйелі жұмыстың, әр қадамы өзара сабақтас педагогикалық тәжірибенің жемісі. Шындығында мұндай жұмыс ұстаз­дан басқа ешкімнің қолынан келмейді. Болашақ ғұлама ғалымды, үлкен қайрат­керді, дарынды жазушы мен музыкантты, жасампаз кәсіпкерді алғаш көріп тани­тын, талабын оңдап жөн сілтейтін, алдын ашып жол көрсететін мұғалім емес пе?! Ертеңгі отбасының сүйеніші, елдің тірегі болар азаматтарды, әр саладағы шаруаға тұтқа болатын мамандарды тәр­биелеп, өсіретін де солар. Бертінге дейін осы аса маңызды да, абы­ройлы еңбек тиісінше бағаланбай, нақты өлшеніп, нәтижесі анық көрінбей келді. Елдің экономикасына, мемлекеттің қуатына, қоғамның өсіп-өнуіне ұстаздар­дың қосатын үлесі орасан зор. Ол үлес басқа барлық саланы қоса есепте­гендегі үлестен артық. Қазіргі тілмен мұны «ада­ми капитал» деп атайды. Бұл ұғымның пайда болғанына көп болған жоқ, ал оның нақты өлшеніп, әлем елдері арасындағы адам капита­лының индексі алғаш рет 2017 жылы ғана жарияланды. Индексті интернеттен тауып қарауға болады. Ілгері дамыған елдердегі адам ка­питалы индексі 70 пайыздан артық, дамуы кенже елдерде одан әлдеқайда төмен. Бұл – заңдылық. Осы адами капитал туралы ұғымның арқасында әр елдің экономикалық жағдайы мен сол елдегі білім беру сапасы арасындағы байланыс, тіпті тікелей тәуелділік нақты есептеліп, дәлелденді. Кез келген елдегі өмір сапасы білім­нің сапасынан бастау алады. Қоғамдағы дағдарыс, әлеуметтік шиеленіс – білімдегі дағдарыс пен шиеленістің салдары. Бақуатты мемлекет, тұрақты қоғам құрғысы келетін ел бірінші кезекте білім беруге, ұстаздың жағдайына, мектептің ахуалына, жаңа ұрпақ тәрбиесінің маз­мұны және сапасына ден қоюы тиіс. Осыны түсінбеген, осы қисынға бағын­баған елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан да менің ойымша, қазіргі жас ұстаздар алдыңғы толқын мұғалім­дерге қарағанда кәсіби тұрғыдан әлде­қайда бақытты. Себебі адал ұстаздықтың, мәнді мұғалімдіктің, сапалы білім берудің ұлы дәуірі, барлық елде жаппай, соның ішінде Қазақстанда ең маңызды басым­дық ретінде шарықтайтын кемел заманы енді туып келеді. Қазірдің өзінде технологиялардың көмегімен әлемдегі ең озық әдістеме, ең үздік педагогикалық тәжірибе, ең сапалы білім мазмұны шалғайдағы мектептің әр мұғалімі мен оқушысына қолжетімді. Ұстаздар тек қол созып, жаңаша оқытуға ниеттенсе болғаны. Мұғалім мен оқушының әрбір әрекеті мен амалы көрініп, нәтижесі нақты тіркелетін, ол мәліметтері баршаға ашық цифрлы жүйелер қалыптасып жатыр. Сол арқылы адал ұстаз бен сапалы жұмыс істей алатын мұғалімнің еңбегі көпке көрініп, тиісінше бағаланады. Ал нәтижесі төмен, оқушыларының жетістіктері мардымсыз мұғалімдердің жұмысы тез әшкере болып, олар өздігінен ұстаздықтан алыстайды. Меніңше, бұл – әділетті және саналы ортаның мүддесінен шығатын, тез қалыптасып, лезде дамып келе жатқан білім берудің нағыз жаңа парадигмасы.

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, Bilim Media Group компаниясының негізін қалаушы,  қоғам қайраткері